Талдыкөлде – табиғи саябақ

0 56

Елорда әкімдігі қаланың іргесінде жатқан Талдыкөл аумағын абаттандырудың жоспарын әзірледі. Жоба бойынша көлдің жағалауында табиғи саябақ салынбақшы. Ол жабайы құстар мен ірілі-ұсақты жан-жануардың тіршілігіне кері әсерін тигізбейтін болады.

Талдыкөл 1970 жылдардан бері қаланың тұрмыс­тық қалдықтары құйылатын тоғанға айналған. Соның салдарынан көлден жағымсыз иіс шығатын. Әсіресе, су қоймасына қоңсы қонған «Жағалау» ауданының халқы жел сол бағыттан соққан күндері аузы-мұрындарын тұмшалап, әбден ығыр болушы еді. Тұрғындардың дүркін-дүркін шағымдарынан кейін, сондай-ақ экологтардың дабыл қағуларынан соң, 2015 жылдан бастап су қоймасына қалдық төгу тоқтатылды. Көлдің басына тазартқыш блогы орнатылып, суды ультра­күлгінмен залалсыздандыру цехы іске қосылды.
Енді болмағанда Талдыкөлдің экожүйесіне қайта қалпына келместей зиян келтірілер еді. Мамандардың айтуынша, мұнда 200 түрлі жабайы құс мекендейді. Оның 20 түрі халықаралық «Қызыл кітапқа» енгізілген. Олардың ішінде бүгінде өте сиреп кеткен бұйра бірқазан, ақбас үйрек, сұңқылдақ аққу, аққұйрық субүркіт те бар. Елік, қабан, түлкі сияқты хайуандар мен ұсақ кеміргіштердің он түрі, екі түрлі қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың үш түрі көл басын тіршілік ету ортасына айналдырған. Бұл аумақта 98 түрлі декоративті, емдік және тағамдық өсімдіктер өседі.
Айта кетейік, жергілікті атқарушы билік пен экологтар және қоршаған ортаны қорғау ұйымдарының өкілдері Талдыкөлді табиғи саябаққа айналдыру мәселесін осыдан бір жыл бұрын талқыға салған болатын. Бұл идеяны алғаш рет Қазақстанның биотүрлілігін қорғау қауымдастығы (ҚБҚҚ) ұсынды. Елорда әкімдігі қауымдастықтың ұсынысын құп көрді. Ойға алған жобаны жүзеге асыру үшін былтыр «Астана бас жоспары» ҒЗО» ЖШС пен қауымдастық мамандары Ұлыбританияның Құстарды қорғау корольдік қоғамының қолдауымен құрылған Лондон су-батпақ алқабы орталығында, Rainham Marshes табиғи саябағында, Шервуд орманында, Minsmere Reserve қорығында болып, жетекші мамандармен кеңесіп, табиғи саябақтарды жобалау және салу бойынша халықаралық тәжірибемен жіті танысып қайтты.
Табиғи саябақтардың қатардағы саябақтардан басты айырмашылығы – онда қоршаған ортаға адамның әсері мейлінше елеусіз болуы тиіс. Түрлі ойын аттракциондары орналастырылған, жолдары таспен шегенделген, даңғаза әуен ойнап жатқан жерге аң-құс жоламайды. Оның үстіне қадам аттам сайын қалқиып тұрған асхана-дәмханалардың түтіні ауаны ыстап жатса, табиғаттың шырқын бұзады. Жасанды саябақтың инфрақұрылымы адамдар демалып, көңіл көтеруі үшін жасалады, ал табиғи саябақта, керісінше, бүкіл құрылым хайуанаттардың тіршілік ыңғайына бе­йімделеді.
ҚБҚҚ аға ғылыми қызметкері, жоба авторы Руслан Оразалиевтің айтуынша, Талдыкөлдің ауқымды бөлігі адамның қолы тиместей жабайы табиғат күйінде сақталады. Тіпті хайуанаттар мен құстардың еркін өсіп-өнуі үшін «тыныштық алқаптары» құрылады. Ол жерлерге адам аяғының басуына тыйым салынады.
– Жан-жануардың, «Қызыл кітапқа» енген құстардың тіршілік етуіне қолайлы табиғи орта қалыптастырылады. Саябақта колледждер мен жоғары оқу орындарына арналған экологиялық оқу орталығы салынады. Оның жанынан зертхана құрылады. Мұнда болашақ биологтар, ихтиологтар, орнитологтар, экологтар микроағзалардың өмірімен егжей-тегжейлі таныса алады. Сондай-ақ ол астанаға қыдырыстап келетін турис­тер үшін де сүйікті орынға айналатын болады, – дейді «Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Бір қуаныштысы, Талдыкөл аумағынан табиғи саябақ ашу үшін көп қаржының да керегі жоқ екен. Саябақ үш экожүйеден тұрады: орман, жазық және көк шалғынды алқап.
Сондай-ақ астаналықтар мен туристердің демалысы және құстарды қызықтауы үшін өзенді жағалай арнайы үйшіктер орналастырылады. Олар оптикалық құрылғылармен жабдықталады. Саябақ ішінде жаяу жүргіншілерге арналған соқпақтар, жүгіруге және велосипед тебуге арналған жолдар салынады. Сондай-ақ саябақтың бір бөлігінде футбол және волейбол алаңдары, спорттық жаттығу құрылғылары және балалардың ойын алаңдары жасақталады. Пикникке арналған күркелер орналастырылады.
Экологиялық оқу орталығының су қорғау аумағын қоса есептегендегі ауданы 100 метр телімге орналас­тырылады. Ол қаланың бас жоспарында бекітілген. «Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы» ММ маманы Әбдіманап Жұмаділдаевтың айтуынша, қазіргі күні табиғи саябақтың жобалық-сметалық құжаты пысықталып жатқан көрінеді. Бірақ одан бұрын мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын алу қажет. Жобалық-сметалық құжат 2020 жылдың соңына дейін дайын болады. Ал табиғи саябақ құру жұмыс­тарына шамамен тағы 1-2 жыл кетуі тиіс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 7 =