Талдыкөл құрғамайды, абаттанады

0 41

Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі, елорданың аумағына қарайтын, тұрғындар арасында Кіші Талдыкөл аталып кеткен ағынды су жиналатын орында бүгінгі таңда рекультивация, яғни көлшік суы зиянды қалдықтардан тазартылып жатыр. Болашақта бұл аудан абаттандырылып, қала тұрғындары демалатын аймаққа айналады.

IA5A0938.MOV.01_24_34_09.Still002
IA5A0946
IA5A0947
IA5A0950.MOV.01_27_42_08.Still001
IA5A0951.MOV.01_30_18_27.Still001
IA5A0955.MOV.01_30_56_19.Still001
IA5A0957.MOV.01_31_41_08.Still001
IA5A0958
IA5A0933.MOV.01_23_51_07.Still001
previous arrow
next arrow

Қаламыздың экологиялық жағдайы туралы айтқанда, ең әуелі Талдыкөл мәселесі ойға оралады. Бүгінде Талдыкөлдің жанындағы Кіші Талдыкөлді құрғату жұмыстарына қарсы шығатын экобелсенділердің қарасы қалың. Ал сала мамандары халық Кіші Талдыкөл атап кеткен орынмен Талдыкөлдің арасында ешқандай байланыс жоқ екенін алға тартады. Ал көлшік аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды құрғатудан бұрын аумақты абаттандыру, рекультивация деп қабылдаған жөн.
Жақында ғана Асхат Ахмет­дияров және Әйгерім Оспан есімді суретшілердің көл аумағында жұмыс жасап жатқан техникалардың жанында өткізген арт-перформанс форматындағы қарсылық шарасы көптің назарына ілікті. Олардың бірі шаман киімін киіп, көлді құрғатып жатқан техникалардың жолын бөгесе, енді бірі қобыз үнімен табиғат жанашырларының талап-тілегін күңіренте жеткізді. Мұндай сарындағы шаралар Кіші Талдыкөлдің аумағында күн сайын өткізіліп тұрады. SOS Taldykol деп ұрандатқан экобелсенділер қала көшелеріне де шығып, елдің назарын дәл осы мәселеге аударуға тырысып жүр.
Өз кезегінде салаға жауапты мекеме басшыларының Кіші Талдыкөл мәселесіне қатысты көзқарасы мүлдем бөлек. Олар сулы-батпақты аумақ атайтын көл аумағында шағын көлшіктің орнында жүргізіліп жатқан жұмыстарды экологиялық апатқа балаудың қажеті жоқ деп біледі.
Кіші Талдыкөл қайдан шықты?
Жалпы көпшілік арасында Кіші Талдыкөл аталатын айдынның пайда болуына қатыс­ты пікірлер әрқилы. Табиғат жанашырлары бұл көлшікті Талдыкөлдің бір бөлігі ретінде қарастыру керек десе, салалық мекеме басшылары мұның ешқандай қисынға келмейтінін айтып, өз дәлелдерін ұсынады. Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, Талдыкөл мен оның аумағында орналасқан сулы-батпақты нысанды аумақты байланыстыруға ешқандай негіз жоқ.
– Ең әуелі мына нәрсеге назар аударғым келеді. Кіші Талдыкөл деген атаудың өзі қате. Мұндай атау Нұр-Сұлтан қаласының су қорында болған емес. Осы мәселемен айналысқан 2 жыл ішінде жергілікті жердің байыр­ғы тұрғындарымен кездесіп, осы атауға қатысты деректерді сұрастырдым. Сондай-ақ 1976 жылы космостық түсірілімдерді де көрдім. Онда Талдыкөл көлі көрсетілген. Оның қасында қазір басты мәселеге айналған Кіші Талдыкөл жоқ. Бұл – қалдық судан, жауын-шашын суынан пайда болған көлшік, – дейді Нұрлан Ұранхаев.
Бұл пікірмен оның әріптесі, Нұр-Сұлтан қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева да келіседі.
– Талдыкөл көлі мен оның жанындағы сулы-батпақты аумақтың арасында ешқандай байланыс жоқ. Талдыкөлден мұнда ешқандай су жібермейді. Топырақтың тығыздығына байланысты судың жер астымен өтуі де мүмкін емес. Бұл су айдыны жауын-шашын суымен толығып отырады, – дейді Әлия Төлеутайқызы.
Сол секілді «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Азаматхан Әміртай Кіші Талдыкөл қала Целиноград аталып тұрған шақта онда кәріз суын төгуден пайда болуы мүмкін екендігін айтады.
– Талдыкөл мәселесін зерттеп жүргеніме көп болды. Сондағы дәлел-дәйек, тәжірибеме сүйеніп кішкентай ғана көлшікті Кіші Талдыкөл деп атауға болмайтынын айтқым келеді. Бұл айдын кезінде кәріз суынан пайда болған. БҰҰ-ның экологиялық стандарттарына сай қаланың ішінде сасық әрі былғанған көлшік болмауы керек. Бұл тұрғыдан әкімдіктің оның аумағын кептіру, абаттандыру жұмыстарын қолға алғанын құптаймыз, – дейді экологиялық белсенді.
Жасанды көлшік пен қорық-саябақ салынады
Екі жылдан бері елордалықтардың пікірін қақ жарған Кіші Талдыкөл аумағында қаланы дамытудың бас жоспарына сай көпқабатты тұрғын үйлер, балабақша, емхана сынды әлеу­меттік инфрақұрылым нысандары бой көтереді. Қазір Кіші Талдыкөл аталатын батпақты-сулы айдынның орнында аумағы 20 гектар болатын жасанды көлшік жасалады. Сондай көлшіктің табанындағы қоқыс тазартылып, тереңдету жұмыстары жүргізіледі.
– Талдыкөлдегі сулы-батпақты аумағындағы жұмыстарды экологияға қастандық деу – қате түсінік. Ондағы көлшік әлдеқашан кеуіп кеткен. Соның салдарынан жердің беткі қабаты эрозияға ұшырауда. Біз керісінше табиғатқа, жергілікті тұрғындарға жақсы жағдай жасауға ұмтылып жатырмыз, – дейді Нұрлан Ұранхаев.
Шынында, Кіші Талдыкөлдегі экологиялық мәселені тұрғындардың салалық басқармаға түсетін арыз-шағымдардан-ақ аңғаруға болады.
– Экология департаменті тоқсан сайын Кіші Талдыкөл айдынынан сынама алады. Бұл сынамалардың барлығында көрсеткіштердің тиісті нормадан асқандығы дәлелденді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өкілдері бұл суда ішек құрттардың бар екенін анықтады. Біздің басқармаға апта сайын Кіші Талдыкөлді сақтау бойынша 1-2 арыз-шағым түседі. Керісінше, тұрғындар ондағы маса мен кененің көбейіп кеткенін, жағымсыз иістен демалу мүмкін еместігін айтып, көп шағымданады.
Ал «Кіші Талдыкөлді сақтап қалайық!» деп белсеніп жүргендердің көбі онда тұрмайды. Сондықтан олар жергілікті тұрғындардың қалауы мүлдем басқа екенінен хабарсыз, – дейді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы.
Басқарма басшысы Кіші Талдыкөл аумағында қоғамдық кеңістіктерді дамыту арқылы аумақтағы флора мен фаунаны сақтап қалуға көңіл бөлінгенін айтады. Сондықтан мұнда 20 гектар жерге жасанды көлшікке қосымша 5700 гектар аумақта жаңа қорық-саябақ салынады. Бұл Талдыкөлді мекен ететін, «Қызыл кітапқа» енетін құстардың 200-ге жуық түрі мен өсімдіктердің 90-ға жуық түрін сақтап қалуға мүмкіндік бермек. Әрі жаңа қорық-саябақта орнитолог, эколог, биолог ғалымдар өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
– Мұндай қорық-саябақты салу дегеніңіз қыруар қаражатты қажет етеді. Ал қала әкімдігі ол мәселені құрылысшы салушылардың демеушілігімен шешпек. Сондықтан экологиялық қозғалыстың жетекшісі ретінде әріптестерімді бұл бастаманы қолдауға шақырамын.
Қазіргі таңда аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстар Кіші Талдыкөлді толығымен кептірмейді. Керісінше, онда жасанды көлшік, қорық-саябақ жасап, табиғи теңгерімнің сақталуына көмектеседі, – деді Азаматхан Әміртай.
Кіші Талдыкөлдің айдынын сақтап, оның аумағында жасанды көлшік пен қорық салынып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болса, қала тұрғындарының көптен бас ауруына айналған көп мәселенің шешілері анық. Ал жоспардың қаншалықты жүйелі, қаншалықты жүзеге асатынына уақыт қана төреші болады.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − 5 =