Талдыкөл мен Майбалық

Елорданың көркін ашатын саябаққа айналады

0 45

Елорда тұрғындары мен қонақтарын тамаша бір жаңалықпен қуантсақ деп отырмыз. Барлық аймақ үлгі тұтатын бас қалада екі экологиялық саябақ салынады. Оның бірі Талдыкөл көлінің жанында орналасады. Жобаланған аумақ шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінде орын тепкен, аумағы 5700 гектарды қамтиды.Сонымен бірге оның аумағында болашақ биологтар мен орнитологтар үшін көру алаңдары мен эксклюзивті білім беру орталықтарын салу жоспарланды. Сөйтіп, Талдыкөл саябағы экологиялық туризмді дамыту орталығына айналады.
«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қызметкерлері Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдас­тығымен бірге Ұлыбританиядағы әріптестерімен бірлесе отырып, Лондонның батпақты су айдыны орталығы, Rainham Marshes табиғи паркі, Шервуд орманы, Minsmere Reserve қорығы үлгісінде табиғи саябақтарды жобалау мен салудағы халықаралық тәжірибені зерттеп, жетекші орнитолог мамандармен кездесті.
Тағы бір айтарымыз, табиғи сая­бақтың құрылуы Қызыл кітапқа енген жануарлар мен сирек кездесетін құстардың табиғи ортасын сақтайды.
Талдыкөл – тарихи маңызы бар орнитологиялық аймақ. Маусымдық қоныс аудару кезеңінде көлде және оған жақын жерлерде құстардың 200-ге жуық түрлері кездеседі. Олардың арасында пеликан, ақ құйрық, сұңқылдақ аққу, ақ құйрықты бүркіт бар. Ботаникалық зерттеулер нәтижесінде көлдерге іргелес жерде 98 өсімдік түрі тіркелген.
Сондай-ақ қаланың әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағындағы Майбалық көлінің бойына салынатын екінші экологиялық саябақ та адамдар үшін жайлы да тартымды орынға айналмақ. Оның жалпы ауданы – 400 гектар, су қоймалары – 120 гектар. Саябақ кешенінде балық аулауға арналған жасанды су қоймалары, ерекше қорғалатын жағалау аймақтары, серуендеу және велосипед жолдары, спорттың белсенді түрлері мен аумақтың бірегей экожүйесін сақтауға арналған алаңдар құру қарастырылған. Сонымен қатар туристерді жануарлар әлемінің алуан түрімен таныстыруға арналған экологиялық маршруттар мен жол жасау жоспарланды.
Майбалық көлінен шығысқа қарай орналасқан аумақта заман талабына үйлесетін табиғи аймақ ұйымдастыру өте ыңғайлы. Ұсынылып отырған мекен барлық табиғи ерекшеліктерді – климатты, флораны, фаунаны ескере отырып, экологиялық саябақ құруға қолайлы саналады. Бұл аумақта өсімдіктердің 100-ге жуық түрі өседі, құстардың 200-ден астам түрі тіршілік етеді. Оның ішінде ұя салатын және жыл құстары, сүтқоректілердің 30-дан астам түрі бар. Балық өсіру де жоспарланып, саябақта балық мейрамханасы жұмыс істейді.
Саябақтың ерекшелігі – мұнда мекендейтін жануарлар мен құстардың еркін жағдайда және жергілікті табиғат зонасына тән болуы. Сондай-ақ ат спорты клубын ашып, саябақты атпен аралауға мүмкіндік туады. Майбалық көлінің аумағы ерекше қорғалатын аймақ болады. Одан шығатын арналар «тірі артериялар» сияқты барлық азаматтарға көлге емін-еркін жетуге мүмкіндік береді. Болашақта орман саябағы қарқынды дамып келе жатқан қаланың «жасыл» орталығына айналады. Бұл – елорданың «жасыл капитал» идеясын жалғастыру үшін маңызды қадам.
– Бүгінде елорда «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» бас жоспары аясында дамып келеді. Осы бағдарламаның басты мақсатының бірі – елорда тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін тартымды орталықтар құрып, ішкі туризмді дамыту. Осындай эко-парктер қаланың «жасыл белдеуін» қалыптастыру жобасына сәйкес келеді. Жобаның тұжырымдамасы – барлық биоалуантүрлілік пен табиғи көріністермен белгілі бір қорғалатын аумақ құру. Экологиялық туризмді ат маршруттарын құра отырып дамыту жоспарлануда. Осы мақсатта саябақтың қонақтары үшін арнайы жол жасалады, – дейді қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Отандық биоалуантүрлілік қауымдастығы жобаға сараптамалық қолдау көрсетеді. Қажет болса, шетелдік мамандар тартылады. Қауымдастық пен RSPB қызметкерлері биологиялық және ландшафтық әртүрлілікті түгендеуге бағытталған бірқатар ғылыми зерттеулер жүргізеді. Олардың жұмысының нәтижелері экологиялық саябақ құрудың келесі кезеңдеріне негіз болмақ.
Түйіндей келгенде, енді аз уақытта Талдыкөл мен Майбалықтың аумағы үлкен саябаққа айналып, мәуелі бәйтеректей жайқалады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =