Таласбектің «талтүсі»

0 218

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында күйші, кинодраматург, жазушы, мә­дениеттанушы, сан өнерді бір бойына тоғыстырған Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» атты CD альбомының тұсаукесері өтті. Шараға марқұммен кезінде дос, сыйлас болған адамдар мен өнердегі ізбасарлары жиналды.  

Бас-аяғы 73 күй енген жинаққа сонау ғасырлар қойнауынан осы заманға жеткен Кетбұғаның, Қодан тайшының, сондай-ақ, Байжігіттің, күй тәңірісі – Тәт­тімбеттің, Қасабайдың, Қызыл­мойын Қуандықтың, Ақай қа­жының, Аққыздың, Жүнісбай Стамбаевтың күйлері және Та­лас­бек Әсемқұловтың өзі шығар­ған 8 күйі топтастырылған. Атал­­ған тұлғалар мұраларының наси­­хат­талуына альбом авторы кезінде азды-көпті үлесін қосты. Мәселен, Тәттімбет күйлерінің Парижде жарық көруіне еңбек сіңірді. Француз зерттеушілеріне Тәттімбет күйлерінің музыкалық және домбыра қағысындағы ерек­шеліктерін түсіндіріп берді. Осы сұхбатты Сәуле және Гсавье Аллестерлер таспаға түсірген екен. Тұсаукесер басында бұл сұхбаттың үзіндісін көріп, күйшінің аяулы бейнесімен қауыштық.
Таласбек Әсемқұловтың өзінің алдына қойған талай жоспарлары бар еді. Отыз сегіз сценарий жазам деп жүріп, оннан астамын ғана жазып кетті. Сондай-ақ, «Талтүс» романының екінші томына кіріспекші болған. «Тәттімбет сері» романын аяқтай алмады. Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» еңбегі мен Габриэль Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын да талдамақшы еді. Қазақ­тарға әлем әдебиетін қалай оқудың үлгісін көрсетуді де армандады. Осының бәріне күйбең тірлік мойнын бұрғызбады.
Алайда, дарынды жастарға жанашырлық танытып, біраз өнерпаздарды тәрбиелеп кетті. Халқымыз әке тұрып, ұлдың сөйлегенін құп көрмейді. Сол сияқты Таласбектің шәкірт­терінің бірі, бұл күндері талантты күйші ретінде таныл­ған Сәрсенғали Жүзбаев Та­ласбектің алдында күй тартпайды екен. Таласбек оның күйін тыңдау үшін достарына Сәрсенғалиға күй тартқызып, өзі тығылып тұрып тыңдайды екен. Тұсаукесерде осындай әсерлі естеліктер айтылды. Сәрсенғали Жүзбаев, Қайрат Айтбаев, Рүстем Нүркенов, Айтолқын Тоқтаған, Ақжусан Иманғызықызы күй шертті.
СD альбомының жарық көруіне демеушілік көрсеткен Жәрдем Құрманғазиев, тарихшы ғалым Бүркітбай Аяған, фольклортанушы Ақеділ Тойшанұлы, Астанадағы М.Горький атындағы мемле­кет­тік академиялық орыс драма театрының директоры Еркін Қасенов, қобызшы Раушан Оразбаева Таласбек Әсемқұлов туралы парасатты сөз қоз­ғады. Таласбек бастапқыда медициналық институтта оқыған. Алайда, бойындағы өнері жеңіп, кейіннен Абай атындағы педагогикалық инс­титуттың филология фа­куль­тетін бітірді. Өнер жолында жүріп, артында мол мұра қалдырды. Қазірде том-том болатын қолжазбалары мен жинаған күйлері жинақталып қалды. Тұлғаның жары Зира Наурызбаева соларды бірте-бірте жарыққа шығар­мақ. Соның алғашқы қарлығашы – «Талтүс» СD аль­бомы. Жи­налғандар соның тұсау­кесерінде мар­қайып, қолдау болса өзге де еңбекте­рінің таныстырылымында жолығайық деген оймен тарқасты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + five =