Талаптыға нұр жауар

0 144

Алматыда еліміздегі ЮНЕСКО-ның қауымдастық мектептерінің ұйытқы болуымен өткен «Біз өзімізді және әлемді танимыз» атты оқушылар арасындағы ғылыми-тәжірибелік конференция­сында елордадағы №79 мектеп-лицейі­нің 6 «а» сыныбының оқушысы Нұрбақ Айдардың «Тарих және өлкетану» бағыты бойынша жазған ғылыми жобасы үздік деп танылып, бірінші орын алды.Талапты өрен өз ғылыми жұмысында қазақтың соңғы ханы Кенесарының сенімді серіктерінің бірі болған Баубек батырдың ерлігі туралы баяндаған. Ол осы тақырыпты 5-ші сыныптан бастап, зерттеуді қолға алады. Өйткені Нұрбақтың өзі даңқты ердің тікелей ұрпағы екен. Сондықтан атасынан бабасы жайындағы естіген әңгімелерін ғылыми жұмыспен ұштастыруды көздеген. Бұл жерде үлгілі оқушыға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп жүрген аталған мектеп-лицейі­нің тарих пәні мұғалімі Назира Тоқжанқызының еңбегін айта кеткен жөн.
Бұған дейін де зейінді жеткіншектің жұмыстары Білім басқармасы ұйымдастырған ғылыми жобалар байқауында жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Мәселен, былтыр қалалық «Зерде» ғылыми жоба конкурсында жүлдегер атанса, Тәуелсіздік күніне арналған «Өлкетану» жобасының қалалық сайысында «Сөнбес жұлдыздар» бағыты бойынша екінші орынға ие болған.
«Нұрбақ – сабырлы, мейірімді бала. Мектептегі іс-шараларға да белсенді қатысып, түрлі спорттық сайыстарда жеңімпаз атанған. Суда жүзу – оның қызығып айналысатын ісі. Сабақты үздік оқиды. Көп кітап оқығанды ұнатады. Өз білімін үнемі жетілдіріп, сыныптастарына үлгі болып жүреді. Мен оның келешегінен үлкен үміт күтемін» дейді аяулы ұстазы Назира Тоқжанқызы.
Халқымызда «Талаптыға нұр жауар» деген жақсы сөз бар. Жасынан ғылымға талаптанып жүрген Нұрбақтың болашақта еліміздің беткеұстар азаматы боларына сенеміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =