©2020 Астана Ақшамы
ТАЛАПҚА САЙ ТАЛПЫНЫС
Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет» деп атап өтті. Бұл орайда, екі мақсат алға қойылып отыр: инновациялық үдеріске ғылымның тікелей қосылуын қамтамасыз ету, сол негіздегі зерттеулерді халықаралық деңгейге шығару.
Маңызды жобаларды қолдау және қаржыландыру, жас дарынды азаматтарды ғылымға тарту –«Ғылым қоры» АҚ-ның басты бағыттарының бірі. Осы мақсатты жүйелі жүзеге асыру үшін «Тәуелсіз Қазақстандағы бала құқығы» атты зияткерлік сайысына қатысқан және «Үнемді көлік» тақырыбына ұсынылған ғылыми жұмыстарға сараптама жүргізіп, жүзден жүйрік шыққан озаттарға сый-сияпат жасадық.
Мектеп оқушыларының арнаулы пән бойынша ғылым жұмысымен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Өйткені, сапалы зерттеу жұмысы қай кезде де сұранысқа ие. Аталған тақырыпты терең талдау үшін біздің ұжым қызметкерлері Астана, Алматы, Тараз, Қарағанды, Степногорск, Ақтөбе қалаларындағы мектеп оқушыларына арнайы конференция өткізді. Жалпы, ғылым жұмысымен айналысам дегендерге мүмкіндігінше қолдау көрсетіледі. Тек, сіздің еңбегіңіз еліміз үшін пайдасы болуы қажет.
2012 жылы мемлекет тарапынан ғылым саласын жақсартуға байланысты 42 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл алдыңғы үш жылдың орташа көрсеткішінен екі есе артық. «Ғылым туралы» заңның қабылдануымен ғалымдарымыздың да мәртебесі өсті.
Жаһандық дағдарыс толыққанды ауыздықталмай тұрған кезеңде еліміздің ғылым саласына мұншалықты көңіл бөлуі жайдан-жай емес. Себебі, білім мен ғылымға салған инвестицияның қайтарымы мол болады.
Сымбат БЕШИМБАЕВА,
«Ғылым қоры» АҚ менеджері