Талапқа сай болмаса, жабылады

0 31

Жұма күні қаланың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мамандарынан құрылған мониторингтік топ елордадағы бірқатар сауда-саттық, ойын-сауық орталықтарын аралады.

Бақылаушылар ең алдымен «Жаннұр» сауда үйіне бас сұғып, ондағы санитарлық талаптардың қалай сақталғанын тексерді. Одан кейін «Әсем» жабық базарында, «Керуен» және «Азия Парк» СОО-да болды. Айта кетейік, 20 қараша күні елорданың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның енді бұдан былай Нұр-Сұлтан қаласында ­ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, жабық және азық-түлік сатпайтын базарлардың сенбі күндері де жұмыс істеуіне рұқсат беретін қаулысы шыққан болатын. Бұл рейд осы мекемелердің сенбі күндері жұмыс істеуге даярлықтарын тексеру мақсатында жасалды.
Сауда нысандарында орналасқан сұлулық салондары, ателье, химиялық тазалау, шаштараз, аяқ киім жөндеу шеберханасы сияқты қосымша қызметтер үшін жаңа жұмыс кестесі енгізілді. Сауда орталықтардың ішінде орналасқан мейрамханалардың жұмысы жанданды. Алайда мейрамханалар бір мезетте 30-дан аса клиентке қызмет көрсетпеуі тиіс. Сөйтіп сенбі күндері СОО-да жұмыс істейтін супермаркеттер мен дәріханалар қызметіне енді шағын бизнес субъектілері де қосылады.
Бірақ әзірге кинотеатрлар мен балалар ойын-сауық орталықтарының жұмысына рұқсат берілген жоқ. Жексенбі күндері бұрынғыша барлық нысандар жабық болады.
«Жаңа қаулыға сәйкес сауда, ойын-сауық орталықтары сенбі күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Егер белгілі бір нысанда санитарлық норма сақталмағаны анықталса, тиісінше әкімшілік шаралар қолданылады. Тіпті сол орталыққа сенбі күні жұмыс істеуге қайтадан тыйым салынуы мүмкін» деді Есіл ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов.
Қаулыға сәйкес сауда нысандары жұмыс істеген кезде келушілер ғимарат аумағының 30 пайызын ғана толтыруы керек, яғни бір келушіге төрт шаршы метр ­тиесілі кеңістік болуы шарт. Бұл норманы ғимарат әкімшілігі де, жалға алушылар да қадағалап отыруы тиіс. Егер адамдар көп болса, олар келушілер ағынын шектеуі керек. Клиенттер мен қызмет көрсетушілердің жаппай бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап жүруі, нысандарда термометрия, антисептиктер мен санитайзерлердің болуы міндеттелген. Оларды бұзған жағдайда жеке тұлғалар мен сақтық шараларының сақталуына салғырт қараған ресми өкілдер әкімшілік жауапқа тартылатын болады.
«Керуен» сауда, ойын-сауық орталығының санитарлық-гигиена жөніндегі менеджері Күмісай Амантаеваның айтуынша, мұнда барлық талаптар сақталған. Ғимараттың әр жерінде 30 санитайзер орнатылған. Олар үнемі ауыстырылып тұрады. Сонымен қатар мұнда орналасқан әрбір сауда нүктелері мен қызмет көрсету орындары бойынша да мезгіл-мезгіл жекелеген тексерістер жүргізіліп тұрады. Орталықтағы сауда нүктелеріне көлеміне қарай 5-10 адамнан артық кіруге болмайтын талап қойылса, үлкен дүкендерге бір уақытта 70 адамға дейін қабылдауға рұқсат етілген.
– Карантин басталғалы бері «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығына келушілер саны екі-үш есеге төмендеді. Мысалы, бұрын бір күнде 15-30 мың адам келетін болса, бүгінде олардың саны күніне әрі кеткенде 11 мыңнан аспайды, – дейді «Build SYSTEM» ЖШС бас директоры Галина Зикрияева.
Рейдтен кейін мониторинг топ өкілдері тексерілген барлық нысандарда санитарлық талаптардың сақталғанын атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =