Талап-тілегін тыңдады

0 36

Б.Бейсекбаев көшесіндегі №3 үйдің тұрғындары Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Ләззат Разбекова-Төлеухановаға тұрғын үй ауласында туындаған мәселелерді шешуге көмектесуді өтінді. Депутат тұрғындармен кездесіп, проблемаларын тыңдады.

Үй ауласындағы қоқыс контейнерлеріне арналған алаңды салғанда тиісті талаптар сақталмағандықтан, жаңбырлы күндері маңайдың бәрін су алып кетеді. Сол кезде жүру түгілі, көлік қаңтару мүмкін болмай қалады. Оның үстіне контейнерлерден аққан судың кесірінен аулаға жағымсыз иіс тарайды.
Үйдің маңайында сауда орталығы салынғанда тротуар бұзылған. Бірақ әлі күнге дейін қалпына келтірілмеді. Аулада бір кәсіпкер тұрғындардың қарсылығына қарамастан құрылыс­тарды салған. Қазір бұл нысандар жұмыс істеместен тұр. Тұрғындар пайымдауынша, оған осы жерде кәсіпкерлікпен айналысуға тиісті органдардан рұқсат бермеген. Бүгіндері бұл құрылыстар тұрғындарға аулаларында жүруге ыңғайсыздық тудырғанымен қоймай, кім көрінген сол маңайды ластап кетіп жатыр.
Ләззат Мұратқызы бұл проблемаларды білген соң, тиісті органдарға депутаттық сауал жолдауға, мәселелерді қысқа мерзімде шешуге септесуге уәде берді.
Сондай-ақ депутат астана тұрғынының өтінішімен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) орталығына барды.
Ләззат Мұратқызының айтуынша, мұндағы басты проблема – орталық №79 мектеп-лицей ғимаратында орналасқан. Оған тек екі кабинет қана бөлінген. Бір кабинетте мамандар ерекше қажеттілігі бар балаларды қабылдайды, орталық басшысы да сонда отырады. Ал екінші, тар кабинетте ата-аналар балаларын күтеді. Мұндағы мамандарға жұмыс істеу үшін жағдай жасалмаған.
Тағы бір мәселе – ПМПК-дан қорытынды алу, балаларды балабақша немесе мектепке беру үшін ата-аналар бірнеше ай табан тоздырады. Сосын кезек күтіп, тағы сарылады.
Ең өзекті мәселенің бірі – аутизм диагнозы бар балалардың саны күрт өскен. Мәселен, 2019 жылы олардың саны 900-ге жуық болса, 1 жыл ішінде 1600-ден асқан.
Депутат кездесуде осы мәселелерді жазып алды. Алдағы жиындарда бұл проблемаларды көтеріп, жоғары басшылыққа жеткізеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + three =