ТАЛАП пен ТІЛЕК

0 118

Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев жоспардағы есеп беру кездесуінің үшінші күнінде тұрғындардың талап-тілегін тыңдау үшін №54 мектеп-лицейге ат басын бұрды. Жиынға Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин қатысып, аудан халқының көкейкесті сұрақтарына жауап берді.

Сүрілген саяжайдың да сұрауы бар

Аудан әкімінің баяндамасынан атқарылған жұмыстарға қанық болған жұрт өздеріне сөз берілгенде түйіні тарқамаған түйткілді мәселелерін айтты.
Алдымен өзін «Космос» ПИК-тің өкілімін деп таныстырған тұрғын сүрілген саяжайларға неліктен өтемақы төленбегенін сұрап, қынжылыс білдірді. Айтуынша, ескі саяжайлардың көбінде зейнеткерлер тұрған, өзі де он екі жыл сонда паналаған екен. Бұған жауап берген қала басшысының орынбасары шаһардағы барлық саяжайлардың сүрілетінін, ал аталған мәселені шешу үшін бірінші құрылыс жүргізушілерді анықтау керектігін, сондықтан тиісті органдарға тапсырма беретінін жеткізді.
Одан кейін микрофон алдына келген Надежда Степанова А.Иманов көшесіндегі 26-үйде тұратынын, сол тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің көбі жалға берілетінін, олардың бәрі қаншалықты заңды екенінен бейхабар екенін айтты. Оның сөзінше, пәтерді жалдап тұру­шылар үйдің тазалығына, тыныштығына мән бермейді. Сондай-ақ, «Алматы» іскерлік үйінің алдындағы көлік тұра­ғының орнына гүлбақ орналас­тыруды өтінді. Өйткені айналада серуендейтін жер аз-мыс.
Бұл сауал бойынша Андрей Лукин қалалық Тұрғын үй бас­қармасы басшысының орынбасары Мира Байсүгіроваға бір айдың ішінде аталған үйдің барлық пәтерлерін қарап шы­ғуды, жалға берілетіндерінің заңдылығын тексеруді тапсырды. Ал Сәулет және қала құрылысы басқармасына ол жерге басқа не орналастыруға болатынын ойластыруды бұйырды.

Пайдасы жоқ пандустар

Лариса Владимировна есімді тұрғын «Орбита» аумағындағы нысандарда пандустар орнатыл­мағанын, бар болған күнде де талапқа сай емес екенін, мүге­дек­тердің ондай орындарға кіріп-шығуы мұң екенін жеткізді. Осы мәселе бойынша Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының өкіліне ол аудандағы нысандарды қарап шығуын, кәсіпкерлерге пандустардың қалай қоюдың тәртібін түсіндіруін тапсырды.
Аудан тұрғындарының бірі «Москва» тұрғын үй кешенінің маңайындағы шешімін таппаған бірнеше мәселені көтерді. Бірін­шіден, аулаға балалар алаңының жетіспейтінін айтты. Сосын көліктердің қозғалысына әжеп­тәуір кедергі келтіріп тұрған шлагбаумды алып тастауын сұрады. Оған қоса, үй алдындағы қардың уақтылы тазаланбайтынын да қозғады.

Мектеп түбінде жанармай бекеті неғып тұр?

Жанар атты аудан тұрғыны жиын өтіп жатқан осы мектепте баласы оқитынын, ал білім ошағына жақын жерде неге жанармай бекеті орналасқанын сұрады. Бұған Әділбек Сәрсем­баев аталмыш мәселенің осы уақытқа дейін бірнеше рет тал­қыланғанын, қалалық мәслихатта қаралғанын айтып, жанармай стансасы заңға сәйкес жұмыс істеп отырғанын жеткізді. Аудан әкімінің сөзін нақтылаған Сәулет және қала құрылысы басқар­ма­сының өкілі жанармай бекеті басқа ны­сандардан кем дегенде 50 метр алшақ болуы керек екенін, ал бұл мектеп­тен   79,83 м қа­шық­тықта орна­ласқанын айтты.
Осындай сауалмен сөйле­ген Ақмарал Нұржанова есімді тұрғын алдыңғы шағымдану­шының сөзін қостап, жанармай бекеті жоғарыда айтылғандай қашықтықта емес, одан да жақын екенін, бұл дауды ата-аналар біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде көтерілгенін мәлімдеді. Келесі жауапта ол жанармай бе­кеті қайта қарастырылатынын, жартысы электромобильдерге арналатыны жөнінде айтылды.
Жиында бір тұрғын Респуб­лика көшесіндегі «Есіл» сауда үйі мен «Апрель» дүкенінің арасында орналасқан Исмайлов кешесіндегі жөнсіздікті сөз қылды. Өзі тар, екі көлік қатар жүрсе әрең сыятын көшеге көлік қоюға тыйым салынған. Ол үшін арнаулы белгі де орнатылған. Бірақ кейбіреулер оған қара­мастан тар жерге көліктерін тізіп қалдырып кетеді екен. Содан соң әрі-бері өткен көліктер сыймай, кептеліс туады.
Астана әкімінің орынбасары мұндай бассыздыққа жол берілмеуін қатаң қадағалауды Жергілікті полиция қызметіне тапсырды.

Орынбек  ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 7 =