©2020 Астана Ақшамы
ТАЛАП ОРЫНДАЛУҒА ТИІС
Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен, үстіміздегі жылдың 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыру кезінде дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар өз қызметін жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған қондырғы орнатуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға міндетті жекелеген қызмет түрлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 29 желтоқсан 2012 жылғы №1743 қаулысын түсіндіру мақсатында кеңес өтті.
Аталмыш Қаулығы сәйкес жеке кәсіпкерлер немесе занды тұлғалар өз қызметін жүзеге асыратын жерлерде төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған қондырғы орнатуды қамтамасыз етуге тиіс болатын. Алайда, кәсіпкерлердің арызын қанағаттандыруға қатысты екінші деңгейлі банк тарапынан POS-терминалдардың тапшылығы желеу болып, кәсіпкерлер арасында түсінбестік туындатып отыр. Жалпы, қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлікпен 165 мың адам айналысса, 2013 жылдың 1 қаңтарындағы есебі бойынша кәсіпкерліктің белсенді субьектілері 47772 бірлікті құрайды.
– Қаламыздағы кәсіпкерлік секторының белсенділігі артқан сайын олардың жұмысын реттеп, бизнестің өркендеуіне мүдделіміз. Бүгінгі күнде Астана қаласында 4429 POS-терминалдар орнатылған, ал орнатуға өтініш берушілердің қатары өсіп келеді. Осы ретте банк тарапынан туындап отырған кедергілер жойылып, орын алған мәселердің оң шешімі кәсіпкерлердің де екінші деңгейлі банктар үшін де тиімді екенін білуіміз керек, – деді қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Мәлика Бектұрова.
Ал, заңнама талабы бойынша, POS-терминалдарды көтерме және бөлшек сауда жасаушылар, қонақжай қызметін көрсетуші кәсіпкерлер, қоғамдық тамақтану мекемелері, туризм және демалыс, сақтандыру саласында қызмет көрсететін, сондай-ақ, спорт клубтары, бухгалтерлік есеп және аудит қызметін көрсетуші жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар орнатуы тиіс. Қаулының бар талаптары орындалып, кәсіпкерлердің жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдастыру жөнінде кеңеске қатысушылар ойларын ортаға салып, мәселердің шешу жолдарын анықтады. Сонымен қатар, POS-терминалдарды орнатуды қаматамасыз ететін екінші деңгейлі банктар тарапынан кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалу қажеттілігі көтерілді. Құрылғы қондыру үшін банкке төленетін ай сайынғы комиссия пайызын барынша төмендету ұсынылды. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 1-3 пайыз аралығында екен. «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасының Астана қаласы бо-йынша филилына қысқа мерзімде POS-терминалдардың тапшылығы бойынша мәселелерді шешуге ұсыныс жасалды.
Ең бастысы, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігіне айрықша назар аударылды.
Айгүл УАЙСОВА