ТАЛАНТТАР ТОП ЖАРДЫ

0 128

Елордада Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев атындағы І халықаралық байқау бар салтанатымен дүбірлеп өтті.

AW0Y5967

Игілікті шараны өткізуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ ұлттық өнер университеті мұрындық болды. Әр елдің топтан озған жүйріктері сынға түскен өнер додасында бағы мен бабы сәйкес келген талантты жастар топ жарды. Төрт күн бойы елорда жұртшылығын классикалық музыкамен сусындатқан дарындылардың өнеріне сүйсінбеген жан болмады.
Енді екі аталым бойынша өткен байқаудың қорытындысына келейік. Өнер бәйгесінде өнер тұлпарын жетелеп келген өрендердің дені лайықты марапатқа ие болды.
Сонымен, Хорды дирижерлеу аталымында «А» категориясы бойынша өнер мәресінен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Шыңғыс Аймақ қара үзіп келді. «В» категория-сында бас жүлдені Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-курс магистранты Ержан Санызбаев иеленді.
Ал, вокалдық өнер номинациясында «А» категориясы бойынша бірінші орын ақтөбелік Гүлдана Алдадосова, Оңтүстік қазақстандық Төлеген Аян және Бішкектен ат арытып жеткен Алменбет Қасымовқа бұйырды. «В» категориясында елордалық Назым Сағынтай мен Алтынбек Әбілда және алматылық Расул Жармағамбетовтің бағы жанды. «С» категориясында шырайлы Шымкенттен келген Жұмабек Қаңтарбаев, алматылық Дамир Сәдуақасов және астаналық Ұлпан Әубәкірова биіктен көрінді.
Сондай-ақ, байқау барысында талабынан үміт күттіретін жастарға «Үміт» сыйлығы берілді. Сонымен бірге, көрнекті композитордың операларынан үзінділерді үздік орындаған дарынды өнерпаздарға арнайы сыйлық табыс етілді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =