ТАЛАНТТАР БАС ҚАЛАДА БӘСЕКЕГЕ ТҮСЕДІ

0 153

ERA_6047

Астанада шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалі шымылдығын түрді. Он жетінші рет өткелі отырған байрақты дода күні кеше тек республикамыздың ғана емес, әлемнің бірнеше елінің таланттарының басын қосты. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 8 қарашаға дейін созылатын өнер бәсекесіне Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттерден 500-ге жуық жас өнерпаз келген.

Бейбітшілік және келісім сарайын­да өткен халықаралық шараның ашылу салтанатында Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина сөз сөйлеп, барлық үміткерлерге сәттілік пен жеңіс тіледі.

Доданың биылғы қатысушылары «Классикалық музыка», «Журна­листика», «Бейнелеу өнері», «Цирк өнері», «Балеттің жас әр­тіс­тері байқауы», «Үздік әдеби шығарма» және жаңадан қосыл­ған «Халық музыкасы» мен «Ка­ме­ралық музыка» аталымдары бо­йынша сынға түсіп, жеңім­паздарды анықтайтын болады.

Осылардың ішінде «Үздік әдеби шығарма» аталымы (поэзия) бо­йынша алғашқы кезең 15 қазанға дейін өтіп кетті. Бұл сынға қатысқан 150 үміткердің ішінен 100 ақын іріктеуден өтті. Ақындардың тізімін «adebiportal.kz» сайты жариялады. Олардың қатарында Ұлағат Ханзада, Динара Мәлік, Хамит Есаман сынды есімдері елге таныс болып қалған жыр дүлдүлдері де бар.

«Биылғы «Шабыттың» «Үздік әдеби шығарма» аталымының ерек­шелігі – үміткерлердің өлеңдері «Әдебиет» порталында онлайн түрде ашық жариялануында. Бұрын ақындардың өлеңдері тікелей қазылар алқасы назарына ұсынылатын. Жабық түрде өтетіндіктен, талантты жас­тар еленбей қалып жататын. Биыл «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» интернет-жобасы мен Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасы өзара келісіп, үміткерлердің өлеңдерін ашық түрде халық алдына ұсынды. Оның үстіне, биылғы фестивальге қатысатын жастар екі есе көп болды: 150-ден аса ақыннан өтініш түсті. Ішінен қазылар алқасының ақылдасуымен 100 ақынды іріктедік» дейді қазылар алқасының мүшесі, «Әдебиет» порталының жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы.

«Үздік әдеби шығарма» ата­лы­мының қатысушылары үшін Мәдениет қайраткері Нағима Өтепова, халық ақыны Фариза Оңғар­сынова, ақын, әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбек атын­дағы арнайы сыйлықтар та­ғайындалып отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Шабыт» фестивалінің «Халық музыкасы» аталымы бойынша ең көп өтініш көрші Қытай мемлекетінен келіп түскен. Дарынды музыканттар сазсырнай, жетіген, сыбызғы сынды аспаптарда шебер ойнайды. Ал отандық қатысушылардың басым бөлігі – Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан өкілдері.

Байқау көрсетілімдерінен бөлек, қосымша іс-шаралар ұйым­дас­ты­рылады. Қазылар алқасы мүше­ле­рінің концерті, музыкалық-көңіл көтеру шоуы, арт-клуб – танысу кеші, фестиваль лауреаттарына ар­налған қала әкімдігінің балы өтеді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, ұйымдастырушы комитет штабында мәдени проблемалар мен өзге де өзекті тақырыптарда «дөңгелек үстел» өткізілмек. Және халықаралық деңгейдегі өнер жұлдыздарының шеберлік сағаттары жастар үшін аса маңызды уақиға болмақ. Ал байқау жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау Гала-концертпен аяқталады.

Халықаралық өнер додасын өт­кізуге Астана қаласы әкімдігі мен Ас­тана қаласы Мәдениет басқармасы және Қазақ Ұлттық өнер университеті қолдау көрсетуде. Шара соңында дәстүр бойынша Президент Кубогы табысталады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 3 =