ТАЛАБЫ ТАУДАЙ «ТӘЖ»

0 159

1352082844-235Ұлттық академиялық кітапхана жанынан «ТӘЖ» (Тәуелсіздік. Әдебиет. Жастар) қаламгерлер клубы құрылды! Астаналық жастардың көз қуанышына айналып, әдебиетке құштарлығын арттыратын рухани ошақтың жетекшісі, жас ақын Ерлан ЖҮНІСТЕН жаңа бастама жайында сұраған едік…

– Ұлттық академиялық кітапхана осы уақытқа дейін де іргелі әдеби кештердің, басқосулардың ұйыт­қысы болып келген еді. Енді жаңа ғана есігін ашқан «ТӘЖ» клубымен таныстыра кетсеңіз.

– Рас айтасың, елордадағы ең үлкен кітапхана қаламгерлердің, ақындардың шығармашылықтарын ұшталуына, кітаптарының тұсау­кесерлері жасалуына әрқашан сеп­тесіп, қағылездік танытып келді. Бұл үрдіс өз кезегінде Астанада әдеби интеллигенцияның қалыптасуына, жастардың насихатталуы мен бір-бірін тануына септігін тигізді. Енді осы дәстүрдің жалғастығы ретінде «ТӘЖ» жас қаламгерлер клубы құрып отырмыз.

Мәдениет пен өнердің жанашыры, кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаеваның мұрындық болуымен жұмысын бастаған клубтың мақсаты – қаламгерлер мен оқырмандар арасында алтын көпір болу, жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, әдеби-мәдени интеллигенцияның бас қосар орталығына айналу. Осы үдеден шық­сақ, ойымыздың жүзеге асқаны, ісі­міздің жемісін көргеніміз, әрине.

– Бұл клуб бұрынғы дәстүрден өзгеше не істейді, нақты қандай шараларды қолға алмақсыздар?

– «ТӘЖ» клубы, жаңа айтқа­нымдай, жас қаламгерлердің басқо­суларын, шығармашылық кештерін, кітап­тарының тұсаукесерлерін, ав­торлық бағдарламаларды тұрақты түрде ұйымдастыратын болады. Со­нымен қатар, Қолтаңба күнін, кітап көрмесін, шеберлік сыныптарын өткізеді. Маусым ақынын, мау­сым жазушысын, маусым сыншысын анықтауды да назардан тыс қалдырмаймыз. Сиясы кеппеген жаңа кітаптарды талқылау да ойымызда бар. Өзге де аймақтармен байланыс жасау мақсатында әдеби бейне-көпірлер, өзге де аймақ қалам­герлерімен кездесу-кештерін өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Алғашқы жиынға қашан барамыз сонымен?

– «ТӘЖ» клубының алғашқы отырысы ертең сағат 17.00-де өтеді. Онда клубтың тұжырымдамасы мен стратегиясы, кодексі, клуб мүшелерін тіркеу және жыл соңына дейінгі жұмыс жоспары (жас қаламгерлердің өз шешімімен) қабылданады. Тағы айтарым, бұл бас­тама әдебиет өлкесіндегі жастардың өмірін сәл де болса қызықтырып, сұрқай күндерге сәл де болса реңк беретініне сендіргім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =