ТАКСИГЕ ТАЛАП – ТЕЗ ЖЕТУ

0 138

tumblr_m6uv59KaBo1qhxny2o1_1280

Адам баласы жылқыны бас білдіріп, темірден үзеңгі соғуды ойлап тапқалы бері жаяу жүргеннен гөрі көлікпен жүрудің артықшылығын ұққан болса керек.
Такси қызметінің алғашқы нышандары Еуропада XVII ғасырда пайда болған. Лондонда бұл қызметті 1625 жылдары арбакештер атқарған екен. Жақсы үрдіс көп ұзамай Парижге жетеді. Одан кейінгі ғасырларда жүргіншілердің атпен шауып алысқа бара алмайтынын ұққан кәсіпкерлер бұл қызметті түрлендіре түсті. 1907 жылдан бастап кәрі құрлықта «такси-бум» басталады. Көптеп арнайы моторлы көліктер шығарыла бастады. Гари Н.Аллен таксометрі бар арнайы көлікті Франциядан алып келіп, Нью-Йорк қаласындағы алғашқы қалалық жолаушылар тасымалы желісін ашқан екен. Бұл 1907 жылдың тамыз айы еді. Мұны айтып отырған себебім, осы уақыттан бастап барлық такси көлігі сары түске боялды. Алыстан көзге ұшырайтын сары түсті, жасыл шамы бар жеңіл мәшинелер кез келген қаланың келбетіне айналып, күндіз-түн демей діттеген жерімізге жеткізіп салады.

 

ЕЛОРДАда 18 ТАКСОПАРК ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Елордамызда ресми тіркелген бес жүзге тарта  көлігі бар, 18 таксопарк жұмыс істейді. Олардың жұмысы «Астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережесіне» сәйкес реттеледі. Оның талаптарына сай такси қызметін атқарушылар Қазақ­стан Респуб­ликасының заңына сәйкес заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Қол­­даныстағы заң талабымен сәй­кес сақ­тандыру шартын жасайды. Тап­сырыстарды қабылдау үшін дис­петчерлік қызметі болуы тиіс. Жүр­­гізушілерді рейс алдындағы меди­­циналық тексеруден өткізетін, олардың алкоголь ішпегенін, қан қысымының қалыпты еке­нін тек­серетін медициналық қыз­мет­кер­лер тағы керек. Ең бастысы, такси автокөлігі Астананың көлік органы бекіткен нысандағы бірың­­ғай түсті гаммада болуы тиіс. Жүр­­гізу­шінің фотосуреті бар, тегі, аты, сондай-ақ тасымалдаушының ресми атауы көрсетілген куәлігі, тағы бас­­қа анық­­тамалық құжаттары жолау­шыға көрінетіндей жерде тұр­ғаны дұрыс. Байланысқа қажетті түрлі тех­никалық құрылғылармен жабдық­талған көлік жүргізушісінен қаланы бес саусағындай білуі талап етіледі. Ал жүргізушінің класси­калық бейнесі қандай болуы керек? Ол бір арнайы киім үлгісін киген, мұнтаздай таза салоны бар көлігімен белгіленген уақыттан қалмай, айтқан жеріңізге жеткізіп салады. Қажет болмаса, жол бо­йында тіс жарып әңгіме айтпайды, бар дауысына салып музыка қосып қою әдетінде жоқ. Кептелекте айналма жолдар арқылы өзінің де, жолаушының да уақытын үнемдейтін ұтқырлығы ескеріледі. Бәріміз үшін аса маңыздысы, қызмет көрсетуші мекеме жергілікті салық органында тіркелуі керек. Алайда, бірлі-жарымы болмаса, елордадағы ресми тіркелген таксилердің өзі бұл талапқа жауап бере алмайтыны анық.

– Қалалық такси қызметі көңіл көншітпейді. Астаналық дәре­же­мізге сай такси де өз дең­ге­йінде дамуы тиіс. Біздің такси ком­панияларымыздың дені 20-40 көліктен тұрады. Олардың 80 пайы­зының лизингтік несиелері бар екенін айтуымыз керек. Сол себепті де «эконом» санатындағы көліктерді сатып алуға мәжбүр. Лизингке алған «Жигули», «Опель», «Хундай», «Фольксваген» жеңіл мәшинелері шыға­рылған шығынды бір-екі жылда зорға ақтайды. Одан бөлек, көліктердің тех­ника­лық қызметі, диспетчерлік орталық, жұмысшылардың әлеу­меттік пакеті сынды тағы бас­қа шығындары бар. Такси баға­сының жоғары болуының да себебі сол. Бірақ, сіз ресми тасы­малдаушы компаниялардың кө­лігін шақыртқан кезде, олардың мінсіз қызметіне кепілдік аласыз. Алайда, нарықтың заңы бөлек. Елордамыздағы 500-ге тарта такси көліктері барлық сұранысты өтей алмайтыны белгілі. Олардың алдын заңсыз жолаушы тасумен айналысатындар орап кетіп жатады. Мұның бәрі жалпы алғанда қызмет көрсету сапасының төмендігіне, оның бір қалыпқа сай келмеуіне алып келеді. Қаламызға келген қонақтың елордаға деген көзқарасы әуежай мен темір жол вокзалында алғашқылардың бірі болып қар­сы алатын  таксишілерден бас­та­латын білуіміз керек – дейді Астана қаласы таксопарктер қауым­дастығының төрағасы Бауыржан Тайбергенов.

Сөздің шыны керек, әуежайдан қалаға дейін 2 мың теңгеге жете алмаймыз. Есілдің екі ортасы – мың теңге. Әудем жер деп аталатын сол жағалаудың ана шетімен мына шетіне 500 теңгемен жетсеңіз, қуаныңыз. Шатыраш белгілері бар таксилердің бағасы арзан емес. Бір ғана мысал келтірсек: вокзал мен әуежай арасы – 3000 мың теңге. Сіз тапсырыс берген сәттен бастап шақырған жеріңізге қауырт шақта жарты сағатта зорға келеді.

– Әрине, такси паркін жаңартып, қызмет сапасын арттыруымыз керек. Қаламызға келіп-кетіп жат­қан қонақ­тардың еркін әрі қауіп­сіз қозғалысы өз деңгейінде бол­ғанын қаласақ, такси парктарын техникалық жағдайын жақсарту қажет. Елордалық таксопарктың әлеуеті артып, көлік саны көбейген сайын бәсекелестік артып, қызмет бағасында да өзгеріс болар еді. Әкімдік тарапынан қалалық көлік қызметінің жағдайын жақсартуға күш салынып отыр. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бірнеше жобалар қар­жыландырылып, жаңа көлік сатып алуға мүмкіндік алды, – дейді Астана қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы  Темірлан  Қалиақпаров.

 

«БОМБИЛАЛАР» БӘСЕКЕ

Бес жүз такси жолаушылар тасымалы қызметін атқара алмайтыны анық. «Жүргенге жөргем ілінеді». Көшеге шығып, кетіп бара жатқан көлікке «жеткізіп сал» деп қолқалаймыз. Әрине, ақылы. Бірақ ресми таксилердің бағасынан көп-көрім арзан. Жолдан қосылған соң ба, ресми такси қызметі бұларды сыртынан «бомбила» деп те атайды екен. Олардың көліктерінде айырым белгісі болмайды.  Бір кемшілігі, баратын жеріңізді айтсаңыз «жолды көрсетесің бе?» деп қарсы сұрақ қояды. Асығып тұрған соң, тәуекел дейсің. Артынша жүргізушінің көлікті ұршықтай үйіріп алып кете алмай, тасбақа аяңға түскеніне қынжылып, «қайдан кездесе қалды» деп қамығасыз. Ол аз де­сеңіз, «жайсаң» жүргізуші соңғы жаңа­лықтармен бөлісуге құмар. Кө­лікке кім отырды, жас па, кәрі ме, бәрібір. Өйткені мәшине пікір алы­су ала­ңына айналған. Әңгімешіл жүр­гізушінің жол ережеле­рін қатаң сақ­­­тап келе жат­­қанына кү­­мәндісіз. Ақы­ры қала­ны шыр ай­­­на­лып, айт­­қан же­рі­­ңіз­ге жет­ті­ңіз-ау. Ке­­лі­сіл­ген ақы­ға та­­ғы қо­сып аламын деп әр­нені сыл­тау­ратса, таң қалмаңыз. «Бензин қымбат», «осын­шама ұзақ екенін білмедім» деп саудаласа бастайды. Амал жоқ, сұрағанын бересіз. Қырсық шалғанына ренжіп, барлық қолайсыздық осымен біткеніне шүкір дейсіз.

Өкінішке қарай, осындай тұ­рақты жұмыс жоқтықтан, бәлки күнделікті пұл табуды жөн көретін жеке көлігімен жолаушы таситындар жергілікті биліктің бас ауруына айналғаны рас.

Өйткені олар салық төлеуші ретінде тіркелмеген. Салық депар­таменті қанша жерден рейд жүр­гізсе де, реттей алмай қойған ша­руа­ға тек қала тұрғындарының өзі түрт­кі болады деп ойлаймыз.

Айгүл УАЙСОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =