«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тайтөбе тасада қалмасын

0 806

Тайтөбе – Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қосшы ауылдық округінің құрамындағы ауыл. Астана агломерациясына енген елді мекендердің бірі. Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, «Ақмола» атауы осы ауылдағы кесенеге байланысты шыққан деседі.

АҚМОЛАНЫҢ ТҮП ТӨРКІНІ – ОСЫ ЖЕР

Елордадан 27 шақырым, ал Қосшыдан батысқа қарай 2 шақырымдай қашықтықта орналасып, жазық қыраттан орын тепкен, үш мыңнан аса тұрғыны бар ауылда дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пункт жұмыс істеп тұр. Ауыл ортасында Үкібай мешіт үйі мен 11 сыныптық мектеп бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер малға да, жанға да жайлы. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін. Ал Тайтөбедегі Нияз бидің кесенесі талайғы тарихтан сыр шертіп тұрғанын айтады білетіндер. Жалтырап, алыстан менмұндалап, көрер көзге бірден ілігетін бұл ескерткіш бүгінде жүргінші жолаушыға, мал қайырған адамдарға жол сілтеп тұрған қазыққа айналған. Тарихшылардың пайымдауынша, «Ақмола» атауы дәл осы жердегі Нияз бидің басында орнатылған ақ моладан шыққан көрінеді. Ресей патшасының жарлығымен 1868 жылы бекітілген Ақмоланың төлтаңбасында Нияз бидің ақ кесенесі ақ күмістен, оның үстіне орнатылған ай таза алтыннан қондырылған. Бұл ескерткіш тақтадағы деректер академик Манаш Қозыбаевтың тарихи еңбектері мен Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 7-томында көрсетілген. Тағы бір тарихи дерекке сүйенсек, Тайтөбенің биік жеріне салынған қамалдың Ақмола атануы ғұндардың тілімен тікелей байланыс­ты болған деседі. Ғұндардың тілінде ақ сөзі – «батыс», мола сөзі – «қамал» ұғымын, ал Ақмола атауы «Батыс қамал» мағынасын білдіреді деген болжамдар да айтылады. Тарих қойнауында аты қалған Нияз бидің сүйегінің Тайтөбеде жерленгенін, дөң басындағы ақ үйіндінің Ақмола аталуының себебін Рақымжан Қошқарбаев көзі тірісінде 1978 жылы жарық көрген «Жеңіс жалауы» атты кітабында жазып қалдырған екен.

ШОҚЫ БОЛСА ДА, ШОҚТЫҒЫ БИІК

Тайтөбе – шоқы болса да, шоқтығы биік тарихи мекен. Бұл жердің топырағынан талай тау тұлға түлеп ұшқан. Атап айт­қанда, Рейхстагқа ту тіккен қазақ, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев осы Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келсе, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов осындағы мектеп-интернатта білім алған екен. «Міне, тарих тұнған ауылдың ескі жәдігері – мектеп үйі тұр. Ұлылар мен ұлықтардың көзіндей болған бұл үйде жүз жылдың тарихы, түрі мен сипатында ескі дәуірдің өрнегі бар. Оған іргелес екі шағындау үйде интернат орналасқан. Бүгінгі төрт бөлмелі үйдің аумағын алып жатқан ескі мектепте отырықшы елдің балалары оқып, сауат ашыпты. Қазақтың маңдайына біткен марғасқалары мен жолбарыс жүректі батыр­лары осы бір елеусіздеу шеткері қалған ауылдағы мектептің түлектері дегенге біреу сенсе, біреу сенбес» деп жазады тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев газеттің («Астана ақшамы») 2017 жылғы №105-106 санында. Оның кейбір деректеріне сүйенсек, Рақымжан Қошқарбаев пен Талғат Бигелдиновке білім беріп, осы мектепте директорлық қызмет атқарған тарих ғылымдарының кандидаты Жақып­бек Ысқақов 1954 жылы Калинин атындағы Ленинград әскери педагогикалық институтын бітірген соң Стерлитамак, Орынбор қалаларында қызмет істеп, сол жақтағы ұшқыштар дайындайтын училищеде ұстаз болып, КСРО-ның тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринді де оқытқан деседі. Тарихта аты қалған осындай бір­туар тұлғаларға ұстаз болған ғалымның да туған жері – осы Тайтөбе.

ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫНА ЗӘРУ

Бірақ тарих тұнған ауылдың бүгінгі жағдайы аса мәз емес. Елорда іргесіндегі ауылға жолыңыз түсіп, ат басын бұрсаңыз, оны елеу­сіз қалған елді мекен бе дерсіз. Себебі Тайтөбенің кіреберісіне ауылдың аты жазылған тақта да қо­йылмапты. Елді мекеннің ауылішілік жолдары да адам қызығарлықтай емес. Тұрғындар жаз болса балшықтан, қыс болса қардан көз ашпайды. Ауылдықтардың басым көпшілігі елордада жұмыс істейді. Бірақ қала мен екі ортаға күнделікті қатынау оларға қиынға соғады. Астананың сол жағалауындағы «Азия парк» сауда-ойын-сауық орталығына дейін апаратын жалғыз автобус №302-нің өзі кесте бойынша таңертең, түсте, кешке ғана жүретінін айтып налиды ауыл тұрғындары. Сондықтан тайтөбеліктер үнемі жол-жөнекей кетіп бара жатқан таксиге мінуге мәжбүр. Ал оның жолақысы көлік тізгіншісінің пе­йіліне байланысты. Мысалы, кейбір таксишілер Қосшыға дейін әр жолау­шыдан 100 немесе 150 теңгеден алса, енді бірінің бағасы – «Азия паркке» дейін адам басына 300-400 теңге. Онымен қоса, үйлері қашықта орналасқандар үшін такси немесе автобус жүретін күре жолға жетудің өзі мұң. Мысалы, ауылдағы №4 ықшам аудан тұрғыны Қуаныш Насимолдиннің үйі аялдамадан бір шақырым қашықтықта орын тепкен. Ал №3 ықшам ауданда тұратындар ары қарай тағы да бір шақырымды артқа тастайды. «Жұмысқа кешікпеу үшін күнделікті таң сәріден қимылдамасаң, діттеген жеріңе дәл уақытында жетіп бару қиынның қиыны» дейді ауылдықтар. Сонымен қатар, ауылдағы ауызсу мәселесі де көңіл көншітпейді. Бірақ мұндағы бас­ты мәселе бұл емес. Елді мекеннің ең жанды жері – электр жарығы. Мәселен, Тайтөбедегі №3 және 4 ықшам аудандары тұтастай жарықпен қамтылмапты. Олардың бірен-сараны ғана ауылдағы жарыққа қосылған үйлерден, яғни 700 метр қашықтықтан кәбіл жалғап, өз беттерінше амалдап отырған көрінеді. Алайда бұлай еткені үшін олар ток алып отыр­ған үйдің қожайынына ай сайын 10-15 мың теңге ақы төлейді екен.
– Менің бұл ауылда тұрып жатқаныма бес жыл болды. Үй салып алдым. Бірақ сол кезден бері әлі күнге дейін электр жарығы қосылмады. Жауапты мамандардан сұрасақ, келер жылы қосылады деп уәде береді. Алайда әзірге еш нәтиже болмай тұр. Елорда іргесінде тұрып, осылай жарықсыз отырғанымызға алыстан қонақтар келген кезде ыңғайсызданып қаламыз. Қажет уақытында генератор қосамын. Бірақ бензин бітіп қалса, еріксіз сығырайған шам жағамын. Электр жарығынсыз бір күніңіздің қалай болатынын елестетіп көріңіз. Ал мұндағы адамдар қаншама жылдан бері қараңғылықта отыр. Дегенмен «үмітсіз шайтан». Тезірек электр жарығы қосылса екен деген тілегіміз бар. Сонымен қатар, осы ауылдағы адамдар күнделікті қалаға сабылып, 50-60 шақырым жол жүрмес үшін, негізі, Қосшыда ірі-ірі жұмыс орындары ашылса жақсы болар еді, – дейді Тайтөбе тұрғыны Қуаныш Насимолдин.

ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚҚА АЙНАЛСА…

Сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін шағын ауылдың бүгінгі бет-бейнесі осылай. Тайтөбе ауылындағы шетін мәселелер жөнінде Целиноград аудандық әкімдігінің мамандары мен Қосшы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Сұлтан Орақбаймен тілдескен болатынбыз. Аудандық әкімдіктің мамандары ұсынған мәліметке сү­йенсек, 2010 жылдан 2016 жылға дейін ұзындығы 30 шақырымнан астам электр қуатымен жабдықтау желілері салыныпты. «Қазіргі уақытта Тайтөбе ауылында электр қуатымен жабдықтау құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанында жоба жұмысы аяқталады деп күтілуде. Ал ауыз­су мәселесі бойынша 14 жаңа ұңғыма орнатылып, оның үшеуі 2016 жылдың соңында іске қосылды. Бүгінгі күнде бұрынғы алтауын қосқанда, тоғыз ұңғыма жұмыс істеп тұр. Ал қалған 11 ұңғыма жоба аяқталғаннан кейін іске қосылады. Сонымен қатар, Астанаға іргелес жат­қан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы кешенді жоспары шеңберінде Тайтөбе ауылында құны 938 миллион теңгені құрайтын 82 шақырымға созылған су құбырларын қайта жаңғырту жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Аяқтау мерзімі – осы жылдың төртінші тоқсаны. Сондай-ақ, кешенді жоспарға сәйкес, биыл Тайтөбенің 11,7 шақырым жолын күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаты әзірленетін болады» дейді мамандар. Тайтөбе ауылының ішкі жолдарының жалпы ұзындығы 40 шақырым болса, оның 3,7 шақырымына асфальт, тағы 3 шақырымына қиыр­шық тас төселіпті. Айта кету керек, ауылдың 3,7 шақырымдық асфальт төселген жолының күрделі жөндеуден өтуіне 308,4 млн теңге жұмсалған.
– Ауылдағы жұмыс­тар әлі аяқталған жоқ. Мердігер компаниялар өз жұмыстарын жүргізуде. Тайтөбеліктерге қазіргі уақытта «Кипест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі уақытша энергия көзін беріп отыр. Ал салынып жатқан электр стансасы мемлекеттің балансына беріліп, мердігерлермен келісімшартқа отырған соң ауылға «Астана РЭК» компаниясы қыз­мет көрсетеді. Сол кезде Тайтөбе барлық талапқа сай электр жарығымен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, ауылдағы Тайтөбе мектебіне осы өңірде дүниеге келген тұлғалардың бірінің есімін беруді қарастырып жатырмыз, – дейді Сұлтан Орақбай.
Қалай болғанда да Тайтөбе – Есіл мен Нұра аралығындағы елдің бағзы заманнан бастап ХХ ғасырға дейінгі тарихының куәсі. Сондықтан жергілікті биліктің құлағына алтын сырға, алдағы уақытта ауылдың түйткілдерін ғана шешіп қоймай, Тайтөбені тарихи-мәдени қорыққа айналдырып, осы­нау тарихи төбені сақ­тауға, көркейтуге бас­ты назар аударылса құба-құп болар еді.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды