ТАЙ ХАЛҚЫНЫҢ ТАРТУЫ

0 125

Таиланд «ЭКСПО-2017» көрмесінде ауыл шаруа­шылығы қалдықтарын қолдану тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл туралы Таиланд Корольдігінің ұлттық күнін атап өту барысында мемлекеттің Энергетика министрі Анантапорн Канджанарат мәлімдеді.

Министр Қазақстан Рес­пуб­ликасына көрмеге қатысу мүмкіндігі үшін алғыс айтып, «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігін тілге тиек етті.

– Таиландтың энергетикалық саясаты тұрақтылық пен технологиялық дамуға бағытталған. Біздің павильон «Барлық адамға арналған биоэнергетика» құрылымына сай құрастырылған. Таиланд өзінің баламалы энергия көздерін өндіру мақсатындағы ауыл шаруашылығы саласында қалдықтарды пайдалану мүмкіндіктерін паш етуге дайын. Бұл Таиланд үкіметінің энергетикалық стратегиясын жүзеге асыруға септігін тигізіп қана қоймай, біздің жергілікті шаруаларға да көмектеседі, – деді Анантапорн Канджанарат.

Өз кезегінде, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой Қазақстан мен Таиланд тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанын айтты. Сондай-ақ, ол ЭКСПО көрмесі Таиландтың бизнес қауымдастығына үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді.

– Ұлттық күні көрмеге қа­тысу­шы мемлекеттер өзі­нің мәдениетін, дәстүрін, өмір сүру салтын және ұлттық та­ғамдарын баршаға паш етеді. Тай халқының ұлттық күні екіжақты тиімді әріптестікті нығайтып, Таиландтың бизнес қауымдастығына Орталық Азия мен ТМД аумағына кіруге мүмкіндік береді, – деді Алексей Цой.

Шараның ресми бөлімінен кейін, қонақтар Киннари биі, Рамаяна маскалар биі мен Джо Луис қуыршақтар қойы­лымын тамашалады. Ұлттық күнге арнайы келген Таиланд вице-мисі Пинтхип «Кван» Оракхорн бидің көркін қыздырып, жалпақ жұртты өнерімен, сұлулығымен тәнті етті.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =