ТАҒЫЛЫМЫНА ТЕРЕҢ БОЙЛАСАҚ…

0 160

ERA_6914+

Ұлытау – қазақ халқының тарихи орталығы. Дала өркениеті мен көне мәдениетінің нақ кіндігі. Ұлытау – ата-бабаларымыздың мыңдаған ғасырлық рухани аңызына айналған қасиетті жер. Осы бір көне таудың кереметтігі ұлттық тарихымызбен сабақтастығымызда жатыр.

Мұнда Шыңғысханның үл­кен ұлы Жошы ханның ор­да­сы орналасқан. Осы жерден Ба­тый хан шығысқа өзі­нің жаугершілік жорығын бастаған, Жошы хан мен түркі тілдес тай­палардың негізін қалаушылардың бірі – Алаша хан­ға кесенелер көте­рілген. Алтын Орданың ханы Тоқ­та­мыс, Ордалық ұлы қолбасшы, әмір Едіге де осында жер қойнына берілген. Алтыншоқы тауындағы тас тақтаға 1391 жылы Ақсақ Темір жазба қалдырған. Бұл аумақта бо­та­никалық және географиялық зерт­теулер бойынша 617 өсімдік тү­рі белгілі болған, оның ішінде 90 түрі дәрі-дәрмекке пайдаланылады. Осындай қасиетті жерде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы сұхбат беруі бекер емес. Ел тарихы, тіл, дін төңірегінде өрбіген сұхбат елдің өткені мен болашағы жайынан сыр шертіп, көпшіліктің көңілінде жүр­ген түйткілді мәселелер төңіре­гінде болды.

Өткенсіз бүгін жоқ. Біздің тарихы­мыздың арғы түбі ғұндардан бастау алып, көк түріктерге жал­ға­сып, хандық дәуірге дейін ұласа­тыны туралы  баяндаған Елбасы бәзбіреулер айтып жүргендей біз кеше ғана пайда болған халық емес­ті­гімізді бүгінгі жастарымыздың бойы­на сіңірудің қажеттілігіне ерек­ше тоқталды. Қа­зақ­стан жас­­тар елі екенін, әрбір екін­ші қа­зақстандықтың жасы 30-ға жет­пе­генін ескерсек, еліміздің сер­пінді дамуына жастардың үлесі зор болмақ. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жас­тар. Келешегіміздің кемел, бола­шағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені, олар – «ертеңі­мізді жасайтын бүгініміз».

Елбасының сұхбатын оқи отырып, «Берекелі болса ел – жағасы жайлау, ол бір көл» деген Абай сөзі есіңе түседі. Аллаға шүкір, елімізде жүр­гізіліп отырған салиқалы саясат­тың арқасында бауырымыз бүтін, жұртымыз аман. Бірлігі бар елдің озатынын, бірлігі жоқ елдің тоза­тынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Дініміз де, дәстүріміз де қазаққа ке­ректігіне тоқтала келе Елбасы «Біз­дің дініміз керемет, басқа діндердің керегі жоқ демеген жөн… Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен, дінмен мемлекет орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз деп жүргендер бар…» деп айырықша тоқталуының өзі көп жайдан сыр аңғартса керек-ті. Ғылым мен технология дамудың шыр­қау шегіне шығып, адамзат бірін-бірі оңайлықпен тани алатын мүм­кіншіліктерге ие болғанына қара­мас­тан, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптары бұқа­ралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда. Нағыз экстремистік топ­тардың тауқыметін батыс елдері кө­ру­де. Соңғы жылдары Еуропа елдерінде саңырауқұлақша қаптап кет­кен ұйымдар мен секталардың салдарынан мыңдаған адамдар ая­ныш­ты халде қаза тапты. Бұндай жағдайлардың Қазақстанда да бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Елбасының «басқа діндерді де құр­меттей отырып, имандылық,  кем­тарларға көмектесу, бір-бірімізге жа­­нымыз ашу, бауырмал болу, Отан­ды, елді қорғауда дінді шынайы иман­дылыққа жақындатып, оның жақсы жағын алуымыз керек» деген ойтүйінін парасаттылық, елге деген жанашырлық, жастарға айтқан ата­лық ақылы деп қабылдағанымыз жөн.

Бүгінгі таңдағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясы да сұхбаттан тыс қалған жоқ. «Қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз» қылып жүрген де өзіміз. Елбасы: «Мен бәрін біле­мін, біздің жазушыларымыз, мәде­ниет өкілдері «Біздің тіліміз же­тімдік көріп келеді, тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде байғұс тіліміз жетімдіктен шықпай жүр» деп айта береді. «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады. «Тіліміз бар» деп жүрсе, тіліміз бар болады, «тіліміз жоқ» деп жүрсе, тіліміз жоқ болады. Қай-қайдағыны, ақыр­заманды басқа орнатпай, Тіл туралы заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қол­данып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, бас­қа жұртқа үлгі көрсетуіміз ке­рек» деді. Бәрін тыйып тастап өз тіліміздің аясында қаламыз деген мемлекеттердің тарихынан мысалдар келтірген Елбасының көрегендігіне қалай тәнті болмайсың. Қазақтың саны көбейіп, тілдің ауқымы кеңейе түскені баршамызға аян. Бәрі бір күнде бола салмайды.  Сабырлық сақ­тамай, іргесі сөгіліп жатқан қаншама мемлекеттер бар. «Берекесі кеткен елдің суы – ашыған батпақ көл» болатынын ұғатын, бәрінен де қазақтың бірлігі қазаққа қымбат екенін терең пайымдайтын кезеңде тұрмыз. Ақтамберді жырауша айтқанда «Осындай берген дәулетті, көтеріп тұра алуымыз» үшін елдің ішкі бірлігі керек.

 «Тілді байыту керек! …Тіліміз өркендеп, өсіп келе жатыр дей ала­мын. Қазір ешқандай қауіп жоқ. Қазақстанда мемлекеттік тіл­дің бо­­ла­шағы зор. Дүниеде алты мың тіл бар. Жыл сайын оның 10 пайы­зы жойылып отырады. Қажет емес­тері… Оны қолданатын адамдар аз, ауқымы тар. Солай болып жатыр. Ал мына ағылшын тілін дүниежүзі халқының 70 пайызы қолданады. Неге оны қолданады? Ол – ғылым мен білімнің, ақпарат құралдарының, интернеттің, медицина мен мәде­ниет­тің тілі. Ағылшын тілін біл­мей-ақ өмір сүреміз деуге болады. Әрине, болады! Бірақ онда ағыл­шын тілі арқылы тарап жатқан ілімді білмейсің. Оны білмесең, өр­кендеп өсуіңе жол ашпайсың, бола­шағыңа балта шабасың. Сон­дықтан біз мемлекетімізді алға сүй­реп, экономикасын көтеріп, өр­кендеп-өсіп, озық отыз елдің қата­рына қосыламыз деп отырғанда, хал­қымыз, жастарымыз ағылшын тілін білмесе, қалай болады?» деп тол­ғанған ұлт көшбасшысының ой­лары кім-кімді болса да ойлантпай қоймайды. Қайран Абай бабамыздың «Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деген сөзімен үндесіп тұрған жоқ па? О заманда Абай тағы-лымына терең бойлай алмасақ та, бүгінгі  ғылым мен білім өркендеп тұрған уақытта Елбасының әкелік қамқорлығын ұғынып, ісін алға бас-тырып жүрген жастарымыз  көңілге қуаныш ұялатады.

Қазақ елі… «Мәңгілік ел» болу идея­сы… Тәуелсіздікті сақтап қалу­дың  қиындығы… Бұл – әлем кеңіс­тігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергені  тарихтан белгілі. Президент «Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті біз ешкімге бере алмаймыз. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек. Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы» деген тебіренісі елім деген кез келген азаматтың бойына отаншылдық сезімді ұялатары анық. Көкірегіңді қуаныш кернеп, Елбасының төңірегіне ұйыса түсу қажеттілігін ұғынасың. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол».

Ulytau 4

Ернұр Омарханов,

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + 2 =