Тағылымды тарихи той

0 9

Қазақ елі тәуелсіздігіне қол жеткізген аз уақыт ішінде Атырау мен Алтайдың арасында іргесі берік мемлекет құрудың барлық алғышарты жасалды. Шекарамыз шегенделіп, алыс-жақын шетелмен дипломатиялық байланыс жолға қойылды. Айбынды әскеріміз ел тыныштығын кірпік қақпай күзету үшін сап түзеді. Айбары асқақ Ата Заң әр азаматтың бостандығы мен еркіндігінің кепіліне айналды. Төл таңбамыз төрге озды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген елең-алаң шақта ұлттық тарихымызды түгендеу жолында соны бетбұрыс жасалғаны да – тәуелсіздіктің арқасы. Азаттығына кеше ғана қол жеткізген елдің сан ғасырға жалғасқан төл тарихының ескі де, жаңа парағы ашылды. Басқаны былай қойғанда, қазақты қазақтың өзі енді таныды. Осынау бір сәтте Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту өткеннен өнеге, тарихтан тағылым алуға жол ашты.

cb3db60605a7a3138e83c7c011ef2cdb

Басында бұған дейін әлем елдері тұрмақ алыс-жақын көршілеріміздің өзі Ресейдің бұғауынан кеше босап шыққан ел ретінде білетін қазақтың шежірелі тарихы тереңнен сыр ақтарды. Ұшарын жел, қонарын сай білген көшпенді халықтың көп елден көш ілгері күн кешкенін айғақтайтын деректер тарих сахнасына шықты. Осыдан 5 ғасыр бұрын қазақ сахарасында Қазақ хандығы атты мемлекет құрылғанына күмәнмен қарағандардың күдігі сейілді. Хандық тойы төл тарихымызға қатысты көзқарасқа мүлдем соны сипат берді.

2014 жылдың қараша айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төл тарихымыз турасында көп дүниені тілге тиек етті. «Мәңгілік ел» болу болашаққа өткеннен қалған қасиетті мұраны аманаттау екендігі де айтылды. Оған дейінгі Ұлытау бөктерінде берген сұхбатында да Елбасы қазақ тарихы жайындағы оралымды ойларын орта салған-ды.

Расында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дәл 2015 жылы атап өтудің тарихи негізі болды. Бұл негіз Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабы еді. XIV-XVI ғасырлардағы Орталық Азия аумағында өмір сүрген халықтар мен олардың мемлекеттері туралы тарихи, этнографиялық, географиялық сипатта мол мағлұматтар берген туындыда Қазақ хандығының құрылған уақыты ретінде 1465-1466 жылдарды көрсетеді.

Осылайша тасқа қашалған тарихи дерекке сүйеніп, 2015 жыл ұлттық тарихты ұлықтауда мерейлі белестер жылы деп жарияланды. Азаттығымыздың қос мүшелі қарсаңында Қазақ хандығының 550 жылдық мерей­тойын атап өтуге қам жасалды.

Есесіне хандық тойы бір күндік немесе бір апталық шараның шеңберінде қалып қоймады. Жыл он екі ай елдің түкпір-түкпірінде хандық тарихына қатысты түрлі деректер айтылған басқосулар, келелі кеңестер өтіп жатты.  Бұның бәрі де сайып келгенде ұлттық тарихты ақтаңдардан тазартып, хандарға қатысты бізге беймәлім дүниелердің сырына үңілу үшін қажет болды.

Өзіміз куә болған осындай бір шара Қазақ хандығының туы тігілген Жамбыл жерінде өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мұрындық болған «Ұлы көштің жолымен» деп аталатын тарихи-танымдық экспедициясы Әбілқайыр ұлысынан іргесін бөліп, елді бастап Моғол хандығына қарай келген Керей мен Жәнібек хандар жүрген сүрлеуге қайта түсті. Құрамына Сәйден Жолдасбаев, Мадияр Елеуов, Дөкей Талеев сынды танымал археолог-тарихшылар кірген экспедиция Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Саудакент қалашығынан бастап, Мойынқұмдағы Қозыбасы тауына дейін жүріп өтті. Осы аралықтағы тарихи-археологиялық ескерткіштердің әрбіріне сипаттама беріліп, олардың нақты орналасқан жерінің координаттары алынып, онлайн картаға түсірілді. Дәл осы экспедицияның жұмысы нәтижесінде отандық тарихшыларға беймәлім болып келген Керей ханның қыстауы табылды. Бұған дейін хандық тауы орналасқан Қозыбастың төңірегінде Хан қорасы, Кіші, Орта, Үлкен хан тақтары деген жер-су аттары болғанымен, Керей ханның қыстауы жайында көп дерек айтыла қоймайтын. Экспедиция мүшелері жергілікті көнекөз қариялардың көмегімен аталған қыстау орналасқан орынды тапты.  Кейіннен онда түрлі археологиялық зерттеулер жүргізіліп, бұл маңда шын мәнінде қазақтың алғашқы хандарының ізі қалғандығы дәлелденді. Осылайша хандық тойы қарсаңында хандық туы тігілген дәл осы Мойынқұмдағы Қозыбас екендігі де нақты деректермен расталды.

Хандық тойына арналған шаралар легі 2015 жылдың қыркүйек айында елордадан басталды. Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстанның сол кездегі Президенті Алмазбек Атамбаев және Түркия Парламентінің Төрағасы Исмет Йылмаз қатысты.

Арада 1 ай өткен соң екі мыңжылдық тарихы бар Тараз қаласы тарихи тойға төр ұсынды. Тараздағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументтің ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының құрылуы қазақтың ұлт болып қалыптасуында шешуші факторға айналғанын тілге тиек етті. «Біз – бодандық кезеңінде жүріп, тәуелсіздік алмай жүрген кезде өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыз терең екенін жастарға көрсетпесек, біздің онда «Мәңгілік ел» болу деген идеямыз орындалмайды. Біз кеше ғана бола қалған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған. Керей мен Жәнібек соңынан ел ертіп, Шудың жағасында ту көтерген кезде, қазақ деген сөз сол кезде шыққан болатын. Соны дүние жүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екенін білсін деп осыны жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық» деді Елбасы.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументте ұзындығы 28 метр болатын стелла мен Керей мен Жәнібек хандардың мүсіндері қойылған.

Сондай-ақ дәл осы тойда Тараз қаласында «Көне Тараз» археологиялық паркі  ашылды. Талайғы Тараздың топыраққа жасырылған тарихынан сыр шертетін бұл кеше көне қаланың орнына тұрғызылған. Оның жанында қаланың орнын қазу кезінде табылған тарихи жәдігерлер қойылған музей мен Достық үйі қатар орналасты.

Тараздағы той қарсаңында еліміздің облыстары мен ірі қалалары тарихи шаһарға тарту жасады. Аллеялар мен скверлер, сән салтанаты жарасқан ғимараттар тотыдай таранған Тараздың ажарын ашып, көркіне көрік қосты. Ал той күні Таразға Ұлы Жібек жолын жаңғыртқан «Қытай – Қазақстан: Ұлы Жібек жолының шай мәдениеті» достық және ынтымақтастық керуені табан тіреді. Қытай
Халық Республикасының Шэньси провинциясының Сиань қаласынан шыққан керуен ежелгі сауда жолымен 2 аптаға жуық жол жүрген.

Тарихи тойда «Тараз-Арена» спорт сарайында ҚР Президентінің жүлдесі ойнатылған қазақ күресінен «Еуразия Барысы» халықаралық жарысы ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» республикалық ақындар айтысында айтыскерлер қазақтың тарихын жырға қосты. «Атшабар» ипподромында республикадағы ең алғашқы ат полосы клубының ашылуы өтті.

Тағылым мол болған тарихи тойдың тарих қойнауына енгеніне 6 жылға жуық уақыт өтті. Расында бұл тойдың отандық тарих ғылымын былай қойғанда қазақ қоғамына берері көп болды. Күні кеше тәуелсіздігін алған   қазақтың тарихы тереңде жатқанына әлемдік қауымдас­тықтың көзін жеткіздік.

Ата-баба арман еткен азаттыққа қол жеткізудің арқасында баба мұрасының соңына шам алып түстік. Осылайша тарихи әділдік салтанат құрып, қазақ тарихының жаңа дәуіріне аяқ бастық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − fourteen =