Тағылымды дәрістер оқылды

0 56

«Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры карантин шектеулері кезінде әлеуметті сабырлыққа шақыратын, күнделікті өмірде пайдалы болатын «Отбасы құндылықтарын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» жоба аясында оқу семинар-курстарын ұйымдастырды.

Қазақ және орыс тілінде жүргізілген екі күндік оқу курсының алғашқы спикері тәжірибелі социолог, философ, қазіргі таңда «Тұран» колледжінің гуманитарлық пәндер оқытушысы Айман Мейіровна Рүстембекова қоғамдық жұмыспен да айналысады. Ол жетекшілік ететін «Ареал» қоғамдық бірлестігі жасөспірімдер мен жастардың мүддесін көздейтін жұмыстар жүргізеді. Спикердің бұл жолы «Проблемы и перспективы ранней профориентации детей» тақырыбын қозғады. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда мамандық таңдау оны өзгерту тек жасөспірімдердің ғана емес, басқа да азаматтар үшін өзекті. Себебі елде жарияланған карантин 6 айдан бері көп тұрғынның ойын, өмірге көзқарасын да өзгертіп үлгерді. Кей мамандық иелері нарықта қажетсіз болып қалса, кейбіреуіне керісінше сұраныс артты. Осы ретте болашақ жастардың қолында екенін ескеріп, олардың үлкен өмірге қадам жасалуына, қалауын тауып сұраныстағы мамандыққа ие болуына ең алдымен отбасы, ата-анасы жауапкершілікпен қарау керектігі айтылды. Оны қалай жасау керектігі туралы мысалдарымен де бөлісіп, әдістермен бөлісті.
Екінші спикер Сапархан Оразбек – көп жылдардан бері Алаш қайраткерлері мен Абайды зерттеп жүрген маман, ақын, журналист. Ол – «Заманауи отбасындағы ұлттық тәрбие», «Әкенің рөлі» тақырыбында мағыналы баяндама жасады. Яғни, бүгінгі күнге бұрынғы ата-бабалар пайдаланған методиканы қалай енгізу, ескінің құнын жоғалтпай модернизациялау жолдарын ұсынды. Өз кезегінде Құнанбайдың Абайды тәрбиелеудегі әдіс-тәсілдердің сырын да ашты. Тікелей эфирден тамашалап отырған инстаграм оқыр­манынан, сондай-ақ аудиториядағы қатысушылардан спикерге көп сұрақ қойылды. Оның басым бөлігі ата-­ана алдындағы бала парызын өтеу міндетті, ол борышкер ме, шын мәнінде бала әке-шешеге қарыз ба деген секілді сұрақтар түсті. Осындай ойдың туу себеп-салдары еркіндікте. Бірақ, біздің ұлттық дүниетаным бұл нәрсеге қарсы екенін, әр адамда ата-анасы мен баласының алдында жауапкершіліктің болуы қажет. Онсыз ұлттың өз негізінен ажырайтындығы туралы да мысалдармен айтылды.
Іс-шараға ата-аналар комитетінің белсенді мүшелері Э.Мусина, А.Омарова. А.Битебаева қатысты. «Нұрорда» мектебі, №15мектеп, №52 мектеп, ата-аналар комитеттерінің және Үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Семинардың екінші күнінде де бала тәрбиесі тақырыбы кеңінен талқыланды. Әр адамның қоғамға бейімделуі, өз орнын табуы отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Бұл бағытта спикер Бахыт Бексаринова «Золотые ключи к сердцу ребенка» тақырыбында оқу семинар-курсын өткізді. Қатысушылар арасында бірнеше тест жүргізіп, ата-анасымен еріп келген 13-16 жастағы жасөспірімдерге де ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі балалармен тіл табысудағы, оларды тәрбиелеу жолындағы әке-шешенің кемшін тұстарын атап, соған көзқарасты өзгертуге арналған психологиялық әдістермен бөлісті.
Семинар-курстар соңында «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті, ҚР психологтар лигасының мүшесі, психолог Лимана Құттыбекқызы «Өмірдің негізгі құндылықтарына позитивті бейімделу, өзін-өзі тану, отбасы, бала» тақырыбында сөз алды. Спикердің пайымы бойынша адам өзін танымай, таппай өзге ортаға сіңісе алмайды. Яғни, бұл – отбасында болсын, ұжымда болсын болатын жағдай. Сондықтан өзгерісті тұлға өзінен бастауы керектігі және оны қалай тәжірибеде қолдану керектігі жөнінде белгілі психолог жан-жақты әңгімелеп берді.

Фарида КАРИМОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =