Тағы кімдер сертификат алады?

0 40

Өткен жылы елордада 1 миллион теңгені құрайтын 465 тұрғын үй сертификаты берілді. Оның 400-і бюджет қызметкерлерінің қолына тиді. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 65 сертификат тапсырылды. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында осылай деп мәлімдеген қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Есенбаев осы мәселе бойынша түсіп жатқан өтініштер көптігінен сертификат алушылардың санаттарын кеңейтуді ұсынды.Бұл санатқа әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын барлық азаматты, соның ішінде І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектерді, зейнеткерлерді, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендерді, жетім балаларды, міндетін орындау кезінде қаза болған азаматтардың отбасыларын қосу ұсынылып отыр. Қаланың нақтыланған бюджетінде бұл жұмыстарға 792 миллион теңге салынған. Соған сәйкес 792 тұрғын үй сертификатын беру жоспарланған. Қалалық мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Сондай-ақ аталмыш басқарма басшысы 153 миллион теңге сомасына жалпы ауданы 0,14 гектар аумақты құрайтын екі нысан бойынша 63 жер телімін сатып алу шартымен таныстырды.
– Сатып алынатын жер телімдері Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голль көшесі қиылысында жапсарластыра салынған орынжайлар мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешені құрылысына арналады. Ал екінші нысан Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен Манас көшесі қиылысындағы тура осындай тұрғын үй кешені болмақ. Жер телімдерінің меншік иелері ұсынылған өтемақы сомасымен таныстырылды. Олардың жазбаша келісімдері бар, – деді баяндамашы.
Аталған жұмыстарға қатысты мәселелерді «Елорда құрылыс» компаниясы Үкімет бөлген қаржы есебінен реттейді. Бұл нысандар аяқталмаған үлескерлік құрылыс санатына жатады.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұловтың айтуынша, тұрғын үй кешенінің атауы «Алтын бұлақ». «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында оның құрылысына гараждар мен саяжайларды сатып алу жоспарланған. Тиісті жұмыстарға қаржы салынған. Бұл жағынан ешқандай мәселе туындап отырған жоқ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − three =