Тағы да үйде отырып оқи ма екен?

0 43

Кеше еліміздегі мектептерде жалпыреспубли­калық ата-аналар жиналысы алғаш рет онлайн режимде өтті. Жиын барысында сынып жетекшілері оқушылардың ата-аналарына қазіргі эпидемиологиялық жағдайда мектептің қандай оқыту форматын таңдағанын түсіндірді.
Еліміз бойынша жаңа оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталатыны белгілі. Алайда ата-аналардың тілектері мен өтініштері бойынша бастауыш сынып оқушылары мектепке барып «кезекші сыныпта» оқи алады. Жалпы, онлайн оқуға оқушылар дайын ба, құрал-жабдықтар, әсіресе, компьютерлер, интернет барлық оқушыға қолжетімді бола ма? Жаңа оқу жылына дайындық барысында осындай өзекті мәселелер қалай шешімін тауып жатыр?

«Кезекші сыныпқа» қабылдау 25 тамызда басталады

Жаңа оқу жылында мектепке баратын оқушылар мен мұғалімдердің дене қызуы күн сайын өлшенетін болады. Кезекші сыныпта созылмалы аурулары жоқ балалар ғана білім ала алады (өтініште көрсетіледі). Бір сыныпта оқушы саны 15-тен аспайтын болады. Өтініштерді сынып жетекшілері қолжетімді байланыс құралдары арқылы қабылдайды. «Кезекші сыныпқа» қабылдау 25 тамызда басталады. Бұдан бөлек, санитарлық-эпидемио­логиялық жағдайы қолайлы ауылдық елді мекендерде оқу процесі санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, дәстүрлі форматта жүргізілетін болады.
Ата-аналар балаларды мектепке алып келіп, үйіне өзі алып кетуі керек. Кезекші сыныптарда сабақтың ұзақтығы 40 минутты құрайтын болады. Сабақтар арасындағы үзілістер әр сыныпқа әртүрлі уақытта беріледі. Әрбір екінші сабақтан кейін кабинеттерде және әр үзілістен кейін, ауысымдар арасында, дәліздерде, холдарда ылғалды тазарту жұмыстары жүргізіледі. Мектеп асханасы мен буфеттің қызметі уақытша тоқтатылды.
Білім беру ұйымдары зарарсыздандыруға арналған құралдармен, аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелермен, санитайзерлермен қамтамасыз етіледі. Мектеп формасына қойылатын талаптар жойылмайды, бірақ тиісті бұйрыққа уақытша өзгерістер енгізіледі. Ата-аналар жаңа оқу жылында, яғни 1 қыркүйектен бастап 25 мамырға дейін баласын мектепке мектеп формасымен немесе басқа ыңғайлы киіммен жіберуге қатысты шешімді өзі қабылдайды. Шағын жинақты мектептерде оқитын оқушылардың ата-аналарына да санитарлық шараларды сақтау қажеттілігі туралы айтылды.
Сондай-ақ балалары қашықтан оқитын ата-аналар үшін білім беру платформаларының мүмкіндіктері көрсетілді. Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігі қандай да бір білім беру интернет-платформасын таңдауға қатысты шешім қабылдамайды. Әрбір мектеп қашықтан оқытуды ұйымдастыруға негіз болатын интернет-платформаны өзі таңдайды.

Телеарна негізгі «тақтаға» айналады

Өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағыдай, дүйсенбіден жұмаға дейін «Балапан» және «Ел-Арна» республикалық телеарналарында қосымша білім беру ресурсы ретінде пайдалану үшін телесабақтар көрсетілетін болады. Сонымен қатар карантиндік және шектеу шаралары жағдайында 1-11 (12) сыныптарда оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне қатысты уақытша өзгерістер енгізілді. Жаңа оқу жылында тоқсан сайын бөлім үшін 1 жиынтық жұмыс және тоқсан үшін 1 жиынтық жұмыс жүргізіледі. Тоқсандық бағалау күнделікті бағалау, БЖБ және ТЖБ көрсеткіштері негізінде шығарылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − six =