Тағы да тапшылық туындады

0 7

Мұнайға бай елміз деп қанша шіренсе де, Қазақстан дизель тапшылығынан бір құтылмай келеді. Әсіресе, соқа мен орақ мезгілінде бұл шіркіннің бағасы тіпті шарықтап кетеді. Биыл да солай болды. Маусым, шілде айларында бір литрі 170 теңге болған солярканың бағасы қыркүйек айында 270 теңгеге дейін өсіп, бір айда 100 теңге қымбаттап кетті. Кейбір өңірлерде дизель тапшылығы сезіліп, соның салдарынан шалғайдағы бекеттерде ұзын-сонар кезек көбейіп, арнайы орындар дизельді сатылымнан мүлде алып тастады. Кейбір облыстар жанар майдың бұл түрін талонмен сата бастаса, кейбір жанар май құю орындары бір адамға 50 литрден артық сатпайтын тәртіп шығарды. Бұл күзгі жиын-терім жұмысына қолайсыздық тудырып қана қоймай, жүк көліктерінің жұмысына да кері әсер етті. Салдарынан тасымал ақысы да қымбаттап, онсыз да қымбатшылық жайлаған елде баға тағы көтерілді.

Мамандар дизель отынының тапшылығы мен қымбаттауына бірнеше себеп көрсетіп отыр. Біріншіден, Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал ұлғайған. Екіншіден, біздің елдегі дизель бағасы көрші елдермен салыстырғанда төмен болғандықтан, көрші елдерге солярка ұрлап сататындар көбейген. Халықаралық тасымалмен айналысатын көлік жүргізушілері де Қазақстаннан солярканы толтыра құйып шекара асуды әдетке айналдырған. Үшіншіден, ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерінің егін жинау науқаны басталып, дизельге сұраныс күрт артқан. Төртіншіден, Қазақстанға дизель экспорт ететін елдер өнімді уағында жеткізбей, еліміздің мұнай өндірісі ел іші нарығын толық қамтамасыз ете алмай қалған. Шарасыз қалған біздің ел Ресейден 100 мың тонна дизель импорттау жөнінде келісім жасасқан.

Энергетика министрлігі болса, қазір еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары дизель отынының рекордтық мөлшерін өндіріп жатқанын айтады. Мәселен, өткен 8 айда Қазақстанда 3 млн 270 мың тонна дизель өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 262 мың тонна немесе 9% артық. Бірақ сонда да елде дизель тапшы. Демек, сұйық отынның литріне шаққандағы бағасы қайда барып тұрақтайтыны қазір белгісіз. Мамандар болса, елдегі жанармай бағасының тым арзан екенін алға тартып, бағаны көрші елдермен теңеу керек деген сыңай танытады. Бензин мен солярка бағасы өссе, азық-түлік пен тауар бағасы тіпті шарықтайтыны бесенеден белгілі. Сонда қайтеміз? Бағаны көрші елдермен теңеу арқылы дизель тапшылығын шешеміз деп елді қымбатшылыққа ұрындыру керек пе? «Еліміздегі дизель бағасының арзандығы көрші елдерге заңсыз экспорттың үлесін арттырды» дейтіндей, біз шекарамыз күзетусіз, кеденіміз қараусыз жатқан еліміз бе?! Сыртқы саясатта көршінің қабағына қарағанымыз аздай, енді жанар майдың бағасын да өзгенің базарына қарап белгілейміз бе?!

Қысқасы, елдегі қымбатшылықтың бір себебі жанар май бағасының қымбаттауымен байланысты. Үкімет бағаның қымбаттауының нақты мәніне үңілмей, құбылысын ғана көріп, бағаны тұрақтандырамыз деп тыраштанғанымен, дизель тапшылығы мен баға мәселесін реттемесе, ел қымбатшылық қыспағынан құтылмайды…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + nine =