іQala-ға тағы 60 жаңа қызмет қосылады

0 56

Күнделікті тіршілігімізге цифрландыру үрдісі қарыштап кіріп жатыр. Бұл – бүкіл әлемдегі үрдіс, заманның талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында осы мәселеге ерекше маңыз берді. Бүгінде елордадағы іQala орталығы цифрландырудың жүйесімен 131 қызмет түрін көрсетіп отыр.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында цифрландыру саласына ерекше назар аударды. «Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Ең алдымен, цифрлық теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың буда-буда қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болып жүргенін көріп отырмыз. Мұның бәрін толықтай цифрландыру керек. Адамдар емес, мәліметтер «зыр жүгіруі тиіс» деді Президент. Елордада өткен жылы ашылған iQala қалалық қызметтер орталығында бүгінде 131 қызмет түрі көрсетіледі. Бұл – тұрғындардың бір қағаз үшін бірнеше мекемені араламай, керек құжатын аз уақытта алуға мүмкіндік береді. Осы орайда орталықтың атқарып жатқан жұмыстары мен жаңалықтары туралы жазуды жөн көрдік.IQala қалалық қызметтер орталығы «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында елорда әкімдігі мен бұрынғы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен құрылған. Бастаманы «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жүзеге асыруда. Орталық бизнесті қолдау, әкімшілік кедергілерін жою, сыбайлас жемқорлықты азайту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жөніндегі міндеттерді шешеді. Мақсаты – «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтерді ұсыну. Бұрын жарыққа, суға, жылуға қосылу және қоқыс шығару жөнінде келісімшарт жасау үшін жеке және заңды тұлғалар әрбір монополистті жеке-жеке айналып өту қажет болатын. Енді оны бір жерде, iQala орталығында немесе www.iqala.kz порталында ЭЦҚ көмегімен үйден шықпай-ақ алуға болады.
Сондай-ақ орталықта кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға инженерлік желілерге қол жеткізу үшін техникалық шарттарды ұсыну және алу қызметтері онлайн форматта ұсынылады. Тұрғындар ауызсу, жарық, жылудың инженерлік желілеріне қосылу үшін қашықтан өтініш беріп, нәтижесі бойынша техникалық шарттарды алуына болады.
IQala қалалық қызметтер орталығы басшысы Руслан Жұмаділовтың айтуынша, бұрын өтініш беруші құжаттардың дайындығын анықтау үшін мекемелерге жеке-жеке қоңырау шалып, хабар алып отыруы тиіс болатын. Қазір үш күн ішінде өтініш берушіге құжаттарының дайын болғандығы туралы SMS-хабарлама келеді.
Орталықта жеке және заңды тұлғаларға арналған келесі монополистердің қызметтері біріктірілген:
• «Астана-АЭК» АҚ;
• «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС;
• «Астана-Теплотранзит» АҚ;
• «Астана Су Арнасы» МКК;
• «Астана-ЕРЦ» ЖШС;
• «Clean city» ЖШС;
• «SPK Astana Development» ЖШС («1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы бойынша);
• «Қазақтелеком» АҚ;
• «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК.
Қазіргі уақытта iQala-да тікелей 131 қызмет түрі көрсетіледі. Қызметтердің толық тізімі www.iqala.kz порталында қолжетімді. Кез келген қызмет түрін онлайн режимде алу үшін электронды цифрлық қолтаңба арқылы жеке кабинетте авторизациядан өту қажет.
Қалалық қызмет көрсету орталығы жұмыс күндері сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Орталықтың бас кеңсесі Р.Қошқарбаев даңғылы, 29 мекенжайында орналасқан. Сонымен қатар елорда тұрғындары «АстанаЭнергоСбыт» ЖШС-нің Бөгенбай батыр даңғылы, 24/1 және Сығанақ көшесі, 25 («Аңсар» БО, 1 қабат) бойынша орналасқан фронт-кеңселерінде iQala қызметтеріне жүгіне алады.
Карантин кезінде «iQalakz_bot» telegram-боты іске қосылды, оның көмегімен тұрғындар коммуналдық төлемдердің түбіртектерімен танысып, телефонға жүктей алады. Сонымен қатар телеграм-ботта электрондық цифрлық қолтаңба мен шот фактураны онлайн алу үшін нұсқаулық бар.
Қазіргі уақытта iQala-да интернетке қосылған, веб-камералары бар, 6 дербес компьютермен жабдықталған өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ашылды. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында қызмет алушыға egov.kz электрондық үкімет порталында ЭЦҚ-ны алу жөнінде кеңестер беріледі. Мұның бәрі компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыру және азаматтарға онлайн-қызметтерді өз бетінше пайдалануға үйрету мақсатында іске асты.
Орталық құрылған сәттен бастап 33891 коммуналдық қызметтер көрсетілді. Оның 24413 қызметі фронт-кеңседе көрсетілсе, 9478-і онлайн форматта жүзеге асты.
Алдағы уақытта iQala орталығы барлық қалалық қызметтерді цифрландыру мен қызмет көрсету сапасын арттыруды мақсат етіп отыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 20 қызметті цифрландырып, барлық қолжетімді қызметтер санын 151-ге дейін жеткізу жоспарланған. Ал келесі жылға iQala порталына тағы 60-тан аса жаңа қызмет түрін енгізу көзделіп отыр.

Наима
НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 11 =