Тағдыры ауыр талант

0 24

Жақында Нұр-Сұлтан мен Павлодарда бір мезгілде Қазақстаннан шыққан орыс­тың көрнекті ақыны Павел Васильевтің туғанына 110 жыл толуына арналған халықаралық фестиваль болды. Ұйымдастырушылар қонақтар үшін көптеген танымдық шаралар жасады. Соның бірі павлодарлық белгілі суретші-график Виктор Поликарповтың көрмесі еді. Ол кезінде ақынның бірқатар кітаптарын безендірген болатын. Фестивальге Ресей мен Украинадан келген бір топ ақындар қатысты. Олар «Өшпес өмір» атты кештің шырайын шығарды.

Мына жалған дүниеде 26 жыл ғана өмір сүргенімен, артында өзгеше үні бар өміршең өлеңдер қалдыр­ған қазақстандық белгілі орыс ақыны Павел Васильевтің туғанына биылғы 23 желтоқсанда 110 жыл толды. Ол 1909 жылы Зайсанда туғанымен, балалық және жастық шағының көп бөлігін Павлодарда өткізді. Бірақ мұғалім әкесі Николай Корниловичтің қызмет орнын жиі ауыстыруына байланысты болашақ ақын бала жасында республиканың солтүстік өңіріндегі біраз жерде тұрып үлгерді.
1906 жылы ерлі-зайыпты Васильевтер Семей губерниясындағы Зайсан елді мекеніне көшіп келіп, отағасы жергілікті приход мектебіне мұғалім болып орналасады. Олардың осында дүние­ге келген Владимир және Нина деген алғашқы екі перзенті нәресте кездерінде шетінеп кетеді. Сосын 1906 жылы туған үшінші бала – Павелден айырылып қалудан қорыққан ата-ана 1911 жылы Павлодарға барып тұрақтайды. Алайда мұнда да көп аялдай қоймай, 1913 жылы Сандықтауда, 1914 жылы Атбасарда тұрса, 1916 жылы Петропавлға аялдайды. Павел осында мектеп табалдырығынан аттайды. Ал 1919 жылы Николай Корниловичтің Колчак әскері қатарына алынуына байланысты отбасы Омбы қаласына көшеді. 1920 жылы желтоқсан айында олар Павлодарға қайта оралады.
Павел Павлодарда әкесі басшы болып орналасқан су көлігі басқармасына қарасты жетіжылдық мектепте оқиды, сосын екінші басқышты мектепке түседі. 1923 жылдың жазында оқушылар үшін ұйымдастырылған Ертістің жоғарғы ағысы бойымен Зайсан көліне дейін кемемен жүзіп бару саяхатына қатысады.

Павел Васильев өзінің қысқа ғұмырында артында айтарлықтай мол мұра қалдырды. Әдебиет сыншылары оны сол кездің өзінде талантты ақын ретінде мойындап қойды. Олар ақынның орыс және қазақ мәдениетін қатар меңгергенін алға тарта отырып, осының арқасында оның поэзиясының өзгеше реңкке бөленгенін атап өтті.

Талапты ұлан 1921 жылдан өлең жаза бастайды. 1926 жылдың маусым айын­да мектеп бітірген Павел Владивостокқа сапар шегіп, Қиыр Шығыс университетіне оқуға түседі. Осында бірнеше ай оқыған кезінде бірінші рет жұрт алдына шығып өлең оқиды, университеттің Рюрик Иванов жетекшілік ететін әдеби-көркем қоғам жұмысына атсалысады. Осы қалада шығатын «Красный молодняк» газетінің 1926 жылғы 6 қараша күнгі нөміріне бірінші рет өлеңі жарияланады. Ол «Октябрь» деп аталды. Ал сол жылғы желтоқсанда Павел бәрін тастап, Мәскеуге аттанады. Жолай Хабаровск, Новосібір, Омбы қалаларына аялдап, әдеби кештерге қатысып, жергілікті басылымдарға өлеңдерін шығарады. Соның ішінде «Сибирские огни» журналында жырлары жарық көреді. Мәскеуге 1927 жылдың шілдесінде жетеді. Осында Бүкілресейлік жазушылар одағының жолдамасымен А.Луначарский атындағы жұмысшылар факультетіне оқуға түседі. Бірақ бір жылдан кейін оны аяқтамай шығып кетіп, Омбыға тұрақтаған ата-­анасының қолына барып тұрады. Осында жергілікті әдеби өмірге араласады. Сол жылдың тамыз айында Н.Титов деген ақын досымен бірге Сібір мен Қиыр Шығысқа саяхатқа шығады. Бұл жақтарда олар мәдениет қызметкері, аңшы, теңізші, алтын іздеуші болып жұмыс істейді. Осы тірліктері жөнінде жазған очерктерін 1930 жылы шыққан «В золотой разведке», 1931 жылы жарық көрген «Люди в тайге» деген кітаптарына кіргізеді. Осы кездерде баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады.
Алдымен Хабаровскіге тоқтаған Павел содан кейін Владивостокқа кетіп қалады. Сондағы «Красное знамя» газетіне очерктерін шығарады. 1929 жылдың күзінде Мәскеуге келіп, «Голос рыбака» деген газетке қызметке орналасады. Осы жерден арнаулы тілші ретінде Каспий және Арал теңіздері аумағына іссапарға барып қайтады. 1930-1931 жылдары Павел Васильевтің өлеңдері «Известия», «Литературная газета», «Новый мир», «Красная нива», «Земля советская», «Пролетарский авангард», «Женский журнал», «Огонек» секілді газет-журналдар беттерінде жарияланады.
Алайда Павел Васильевтің талантты ақын ретінде мойындалуы үнемі оған «кеңес тәртібіне қарсы» деген айыптау тағылуымен қатар білдіріліп жүреді. Ол да бір кездері Сергей Есенин кешкен кепті бастан өткереді. Ақырында 1932 жылдың көктемінде «Сібір бригадасы» деген іс бойынша Н.Анов, Е.Забелин. С.Марков, Л.Мартынов, Л.Черноморцев секілді қаламгерлермен бірге айыпталып, Қиыр Сібірге үш жылға жер аударылу үкіміне кесіледі. Алайда үкім шартты жазаға ауыстырылып, құлып астынан босатылады. Ал 1934 жылы Жазушылар одағының төрағасы М.Горкийдің «Әдебиеттегі ермектер туралы» деген мақаласы Васильевті қуғындауды бастап береді. Мақалада оған маскүнемдікке салынды, бұзақылыққа ұрынды, паспорт тәртібін бұзды, кулактарды қорғады, ақ гвардияшыларға жақтас­ты және антисемитизм бағытын ұстанды деген айыптар тағылды. Осыдан кейін 1935 жылдың қаңтарында Павел Жазушылар одағынан шығарылды, шілдеде «айрықша бұзақылығы үшін» қамауға алынып, Рязань түрмесіне қамалды. Одан 1936 жылы босап шықты.
Бірақ осы жылы оны жаңа соққы күтіп тұрды. Сол кезде желісіне Васильев басты кейіпкердің прототипі етіп алынған «Партия билеті» деген фильм шықты. Онда лента қаһарманы «тыңшы», «диверсант» және «халық жауы» болып көрсетілген. Ақырында 1937 жылғы ақпанда Павел үшінші мәрте қамалды. Сол жылғы 15 шілдеде КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасы оған «Сталинге қастандық жасау­ға әрекет етті, террорлық ұйымға мүше болды» деген айып тағып, ату жазасына бұйырды. Келесі күні Лефортово түрмесінде үкім орындалды. Дегенмен ақын 1956 жылы ақталды. Оның адал атының ортамызға оралуына жазушы Семен Залыгин мен ақынның жесірі Елена Вялова-Васильева көп еңбек сіңірді.
Павел Васильев өзінің қысқа ғұмырында артында айтарлықтай мол мұра қалдырды. Әдебиет сыншылары оны сол кездің өзінде талантты ақын ретінде мойындап қойды. Олар ақынның орыс және қазақ мәдениетін қатар меңгергенін алға тарта отырып, осының арқасында оның поэзиясының өзгеше реңкке бөленгенін атап өтті. Сондай ақынның шығармашылығында қазақ тақырыбы да аз қамтылған жоқ. Ол Семей туралы бірнеше өлең жазды, Қоянды жәрмеңкесі, қазақ бүркітшісі, қазақтың Серке деген жігіт пен Жорабай жолдас жайлы қалам тербеді. Махмет деген қазақтың атынан серия өлеңдер таратты. Ақын өлеңдерін ана тілімізге Жұматай Жақыпбаев, Тоқтарбек Қызықбай секілді ақындар тамаша тәржімалады.
Қазір Павлодар қаласында Павел Васильевтің атында көше бар, оның музейі ұйымдастырылған.

Расул АЙТҚОЖА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды