«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тағдырлы тарих

0 390

Биыл байырғы Ақмоланың жаңарған Астана болғанына 20 жыл толғалы отыр. Жалпы, Астананың тарихы туралы айтқанда, астана орнаған қаланың тарихын ешуақытта ұмытуға болмайды. Өйткені тамыр сол жақта жатыр. Мәселен, бұрын астана болған Алматыны айтқанда, Алмалықтан бері тартамыз. Ал Ақмола-Целиноград – Қараөткелдің арғы тарихы өте қалың және өте тағдырлы тарих. Мұнда қым-қиғаш неше түрлі оқиғалар өткен. Ол оқиғалардың бәрі осы өңірге ғана тән емес, бүкіл қазақ халқына ортақ, ел тарихымен ұштасып жатыр.


Қазақтың ең алғашқы бүкіл елді қамтыған ұлт-азаттық көтерілісі  осы жерден басталған. 1832 жылы патшалы Ресей Ақмолада, қазіргі Қажымұқан Мұңайтпасов стадионының орнында бекініс салды. 32 рет зеңбірек атып, осы жерді билеп алғандарын мәлімдеді. Округ ашып, оның аға сұлтаны Әз Тәукенің ұрпағы Қоңыр­құлжа Құдаймендин болады. Жалпы Әз Тәуке қоныс қылған жер – осы Ақмола-Қараөткел өңірі.
1838 жылы Кенесары бастаған қалың қол осында келіп, бекіністі шабуылдайды. Стадионның маңайында сол ұлт-азаттық көтеріліс тарихын баяндайтын монументті қоятын уақыт баяғыда келді. Тым құрығанда жанына ескерткіш тақта іліп қою керек. Үш жүздің батырлары бас қосып, елдің азаттығы үшін осы жерде соғысқан ғой. Міне, осындай жерге Астана орнады.
1979 жылдың 16-19 маусым күндері Целиноградтың жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастары неміс автономиясын болдырмау үшін ереуілге шықты. Бұл ерекше оқиға еді. Ақмоланың жастары тарихта бірінші рет саяси бюроның шешімін бұздырып, неміс автономиясын болдырмай тас­тады. Астананың тарихын айтқанда, мұны қалай еске алмауға болады?! Осы оқиға не оқулықтарда жоқ, не жоғары оқу орындарында айтылмайды.
Астананың Ақмолаға көшуі теңдесі жоқ саяси, тарихи оқиға деп жүрміз. Бұл – рас. Ең алдымен осы өңірдің экономикасы көтерілді. Совет өкіметі ыдырағаннан кейін көптеген кәсіпорындар, құрылыс индустриясы зауыттар тоқтағаны белгілі. Ал астана орнағаннан кейін құрылыс материалдары керек. Кәсіпорындар қайта іске қосылып, зауыттар біртін-біртін ашыла бастады, екі қолға бір жұмыс таба алмай жүрген халық Астанаға ағылды.
1998 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда зиялы қауыммен кездесті. Сол кезде Астананы ауыстырудың саяси маңызын ашып айтты. «Қасиетті Сарыарқа атырабында астана салынып жатқанда, біз әсем Алатаудың баурайында тып-тыныш отыра алмаймыз. Жетісуға сыймай отырған жоқпыз, тағдырдың талабы осындай» деді Елбасы. Астананың саяси маңызы осындай.

Алдан СМАЙЫЛ,

Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды