ТАҒДЫР ТАБЫСТЫРҒАН ХАЛЫҚПЫЗ

0 192

IMG_4855

Біздің бабаларымыз мейірімділік, әділдік, кеңдік пен сабырлылық қасиеттерін жоғары бағалаған. Көз көріп, құлақ естімеген ұлт араздығын туғызатын түрлі арандатуларды естігенде еліміздегі сүттей ұйыған мамыражай ынтымаққа тәубе дейсің.

Халқымыздың дархандығы сын сағатта талай сыналды. Сонау соғыс жылдары қазақтың кең пейілінің арқасында талай халықтың өкілдері аман қалып, осы жерге өркенін жайды. Жан-жағынан анталап тұрған НКВД сақшыларынан қаймықпаған қазақтар өз аттарынан хат жазып еріксіз жер аударылғандардың май­дандағы туысының, адасып қал­ған ағайынының хабарын білуге се­бепші болған еді. Міне, өкімет теріс ай­налғанда, оның қолшоқпарына айналмай, адам баласына деген құр­метін жоғалтпаған қазақтың бұл ісі ерлікке тең деп бағалаймын.

Еркіндікті, теңдікті егемендік алған жылдардан бастап шын сезін­дік. Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін, біздің халықтың әрбір қадамы аңдулы, әрбір әрекеті бақылауда болды.

Салт-дәстүрлерімізді сақтамақ түгіл, ішкі ұлттық мәселелерімізді шешу үшін жиналып бас қоса ал­мадық. Одан қалды, жөн-жоралғы, әдет-ғұрпымызды сақтап, бақилық болған жандарды аза тұтуға да ер­кіміз жоқ еді. Бұл зорлықты барлық мұсылман халқы басынан кешкенін айта кету керек.

1992 жылғы Қазақстан халқының
бірінші форумында әлеуметтік-мәдени, саяси-қоғамдық институт құру қажет­тігін алғаш рет Елбасы айтқан еді. Бұл қа­зақ жерін мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстардың өз мәдени мұрасын зерделеп, салт-дәстүрін танып, тілін меңгеріп, ұлттық тамырына үңілуге берілген үлкен мүмкіншілік еді. Оның қанша­лықты маңызды екенін, өзінің тарихи отанынан жырақта жүрген саны аз халықтың бәрі жақсы түсінеді.

Біз өз жұмысымызды үйлестіруде Қазақстан халқы Ассамблеясы тура­лы заңды, «Ел бірлігі» Доктринасы мен жыл сайынғы ҚХА сессияларының құжаттарын негізге аламыз. Менің аз да болса өмірлік тәжірибем қажетке жарап, достық пен келісімге халықтар бірлігін нығайтуға атсалысып жүргенімді мақтан тұтамын. Мен үшін бұл үлкен саяси мектеп болды деп айта аламын.

«Вайнах» мәдени орталығындағы лингвистикалық  мектептің жұмысы жайында ерекше атап айтқым келеді. Мұнда шешен, ингуш тілдерін оқып, ұлтымыздың көне тарихын білуге барлық жағдай жасалған.

Жастарға өнеге болып, азамат атына сын келтірмейтін намысты ұлды тәрбиелеу – аға ұрпақ өкіл­дерінің міндеті.

Қазақ халқы ар-ождан мәсе­леле­ріне аса мән береді. Сүйекке түс­кен таңбадан қорыққан. Айта берсек, тура жолдан тайған адамның әрекеті айыпталып, бетіне басылған. Одан қалды «ол кезінде уәдесінде тұр­ма­ған пәленшенің немересі» деп бір­неше ұрпағының да сүйегіне таңба болады.  Сондай-ақ, өзге этнос өкіл­дері­не сыйластықпен қарауды, мей­ман­достық білдіруді парыз санайды.

Орталық жанындағы Ақсақалдар кеңесі жастардың рухани  таза болып,  халықтың атына кір келтірмейтін жақсы азамат болып қалыптасуын қадағалайды. Бұл – үлкен жауап­кер­шілік. Экономиканың барлық саласында еңбек етіп жүрген елор­далық вайнахтықтардың азамат абыройын асқақтатып, жат әдеттен сақтанып жүргені қуантады.

Бұның бір ұшы Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімді жұмысы мен еліміздегі ұлтаралық саясатының нәтижелі жемісі дер едім.

Салман ГЕРОЕВ,

«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 4 =