ТАҒАМЕН КЕЛГЕН БАҚ

0 592

58788338_chay_v_podstakannike

Сарыағаш-Астана пойызы. Стансадағы абыр-дабыр басылып, вагон да бір қалыпты жолын тапқан. Қолымдағы кітаптан басымды көтергенде байқадым, үзеңгілесім де ұйқысынан оянып, қызыл күрең шайды сораптауға кірісіп кетіпті. «Кел, жүрек жалғап алайық» дейді. Орнымнан ырғала тұрып, қарама-қарсы жайғастым. Өмірінің тал түсіне таяп қалғанын жүзіндегі әжімдері айтып тұр. Бозқырауланған шашы мен сарғыш тартқан жанары тірліктің тауқыметін көп тартқандығын айғақтайды. Десе де, дене бітімі – мығым, қимылы ширақ іспетті.

Жолсерігім әңгімеге сараң болып шықты. (Менің де жетістіретінім шамалы еді). Бірақ, өткен өмірінен айтқан мынау сыры біразға дейін ойымнан шықпай жүрген-ді…

Аз-кем таныстықтан соң, әңгіме ауаны ана-а-ау жылдарға ауды. Тәуелісіздігімізді алып, өз тізгінімізді қолымызға ұстаған кез қай-қайсымыздың да тіземізді біраз дірілдеткені есімізде. Сол шақта талай ана ала дорба арқалап, базар жағалағаны, талай азамат басын төмен салып, дала кезгені, елдегі тоқыраудың ес жиғызбағаны сөз болды. «Алмағайып тұста сары «Москвичімді» тақымдап, қасыма жұмыссыз көршілерімді ілестіріп, темір-терсек жинап, сатып, жан бағып жүрген едім, – деп бастады әңгімесін үзеңгілес жолаушы. – Бірде сол көршілерімнің бірі – Кеңесбек шал «Пәлен жерде алтын бар екен. Қазып, тауып алсақ, бізден бай болмайды» деп жерден жеті қоян тапқандай жетіп келді. Қолында сызбасы да бар.

Бардық. Қаладан жиырма бес-отыз шақырымдай қашықтықта екен. «Ашаршылық жылдарында Әулиеатадан қашқан көп саудагердің бірінің жасырған дүниесі болды ғой» деп топшыладық. Алтын дегенде, жан бар ма?! Іске кірісіп кеткенбіз. Әжептәуір тереңдікті межелеп, шұңқырға кезек-кезек түсіп, үңги бердік. Бір уақта, иә, бір уақта менің күрегім әлденеге тіреліп, шаңқ ете қалды. «Алтын! Алтынның өзі!» дестік. Арам ойым да жоқ емес. Өйткені, дәл осы кезде олжаластарым маған «Жассың ғой, үңгірге сен түс, алтынды қазып ал» деп еді. «Періштені жолдан тайдырған алтын» пенденің ойын бұзбасына кім кепіл?

Шұңқырдан жалма-жан шығып, барлық құрал-саймандарды, күрек, қайла, балталарды жинап-теріп, көлігіме тықтым. Төрт есікті де кілттеп, тұтқаларын жұлып алып, қалтама салып алдым. Содан кейін өзімді қауіпсіз сезініп, қазуға қайта кіріскен едім. Бірақ үмітіміз алдаған екен. Алтынның орнына адамның қос алақанындай таға шықты. Кәдімгі аттың тағасы, тот басқан. Серіктерім «Сен ал, еңбегің сіңді ғой» деген соң, ескі тағаны үйге алып келіп, босағама іліп қойдым».

Міне, осы уақиғадан кейін бар тапқаны олай тартса, бұлай жетпей, бұлай тартса, олай жетпей жүрген жолсерігімнің жолы ашылыпты-мыс. «Тәуекел» деп бастаған ісі өрге дөңгелеп, қатардағы қалталылардың біріне айналады. «Әр жетістігімді ескі тағамен байланыстырамын. Менің шаңырағыма тот басқан сол дүние береке әкелген секілді» дейді өзі.

Кейде маған қазақтың ұлттық ұстыны да осылай бір жерде жасырынып жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Өзге елдің жылтырағына әуестігіміз, әлгі алтынға құмар­лығымыз. Түбі бүгінгілер менсінбей қарап жүрген ұлттық дүниемізге айналып соғып, сол кезде айымыз оңынан туар, ә?!

Сіз қалай ойлайсыз?..

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × three =