Табысын жоғалтқандарға өтемақы беріледі

0 18

Астаналықтарды жұмыспен қамту үшін арнайы штаб құрылды. Бұл туралы елорда әкімдігінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина мәлім етті.Ағымдағы жылдың 23 наурызынан бастап Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен бүгінде жұмысын жоғалтқан жандарға Үкімет бір айлық еңбекақы мөлшерінде төлем жасауды міндетіне алды. Мұндай төлем тек ресми жұмыс істеген азаматтарға ғана тиесілі. Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа ереже бекітті.
– Әлеуметтік төлемдерді шағын және орта кәсіп, жеке кәсіпкерлік, сондай-ақ жұмысы уақытша тоқтатылған субъек­тілерде жұмыс істейтін қызметкерлер ала алады. Дегенмен ең басты талабы – мемлекеттік сақтандыру қорына төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейінгі соңғы 12 айдың ішінде кем дегенде 3 ай бойы төлемдер жасаған болуы тиіс. Жұмыс беруші электронды өтініш арқылы электронды үкіметке хабарлама бере алады. Құжаттарды скан форматында электронды қол қойған күйінде жіберу қажет, – дейді Сәуле Нұрғожина.
Әлеуметтік төлемді орта және шағын бизнес субъектілерінде жұмыс істейтіндер, жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер ала алады. Ал ақысыз демалысқа шыққан қызметкерге өтемақыны МӘСҚ (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры) төлейді. Әлеуметтік төлемді алушыларға SMS-хабарлама жіберіледі.
– Қазіргі күні Жұмыспен қамту штабында 72 өтініш қаралып жатыр. Оның ішінде 15 өтініш бойынша оң шешім шығарылды, шешім қабылдануы үшін әрі қарай мемлекеттік корпорация­ға жіберілді. Төлемдер келесі аптадан бастап берілетін болады. Бір қызметкердің өтініші қанағаттандырылмады. Штаб жедел режимде жұмыс істейді. Кез келген сауалға онлайн консультация арқылы немесе 55-14-87, 55-01-74, 55-69-59, 55-67-12 телефон нөмірлері арқылы, сол сияқты басқарманың әлеуметтік желілері арқылы жауап алуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =