ТАБЫСТЫҢ ТЕТІГІ – ТЕХНИКАЛЫҚ САЛАДА

0 149

IMG_0250

Астана қаласында техникалық мамандықтарға деген сұраныс 75%-ды құрағанмен, жастардың небары 21%-ы осы салада білім алуда. Ал, гуманитарлық мамандыққа деген қажеттілік 25% болса да, 79%-ы болашағын осы саладан көреді. Мұндай көрсеткіштер еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтай алмайды. Демек, қалалық еңбек нарығында жұмысшы мамандықтар тапшылығы анық байқалады. Жұмыссыздықтың себебі де – сол. Осы мәселерді шешу мақсатында Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мектеп оқу­шыларына кәсіби бағыт-бағдар беруді көздейтін «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты кездесулер өткізуде.

Аталмыш кездесуге Астана қаласы Білім басқармасы, Жұмыспен қамту орталығы, «Жас Отан» Жастар қанатының, сондай-ақ, өнеркәсіп және жұмысшы мамандықтар өкілдері шақырылды. 9-11 сынып оқушылары қатысқан кездесуде мамандық таң­даудағы басты қадамдар айтылып, кәсіп иелері баяндама оқыды.

Оқушы өз қалауын түсінбей, не нәрсеге икемі барын білмегендіктен, көпшілікке ілесіп, өзіне дейінгі достарының тәжірибесіне ғана сүйеніп, солар барған жоғары оқу орнына түсіп жатады. Бұл жиі кездесетін қателіктердің бірі екен. Кездесуге келген мамандардың айтуынша, мамандық таңдаудың «қалаймын, қолымнан келеді және қажет» деген жеңіл ғана формуласы бар. Яғни, ең әуелі көңілдің нені қалайтынын сезініп, ол істің талаптарымен алдын ала танысу керек болса, ең бастысы, алдыңғы екі факторды ескере отырып, сол мамандықтың еңбек нарығындағы сұранысын анықтау керек.

«Қазақстандық әлеуметтану­шылар­дың зерттеуі бойынша, болашақта инженерлер және экономика мен техника саласын үйлестіре білген мамандар ерекше бағаланатын болады. Сондай-ақ, қазіргі заманда жұмыс өнімді болу үшін фирма мен компаниялардың имиджіне әжептәуір көңіл бөлінеді. Ал, сайт – ұйымның сенімді келбетін қалыптастыратын негізгі көрсеткіштердің бірі. Соған сәйкес, компьютерлік бағдарламаларды әзірлеушілер мен веб-дизайнерлердің қызметі де жоғары төлемақыға ие мамандықтардың тізіміне енеді. Қа­зірдің өзінде нанотехнология – тамақ өндірісі, медицина, көлік құрас­тыру, ғарыш технологиясын игеруде қолданылуда. Ал, уақыт өткен сайын қажеттілік өсе береді. Зерттеушілердің айтуынша, нанотехнология саласы бойынша жетістікке жеткен ел әлемдік көшбасшыға айналады. Өздеріңізге белгілі, бүгінде микробиология мен гендік инженерияның көмегімен гендік модификацияланған өнімдер алынады. Сондықтан биотехнология да қалыс қалмай, қолданылу аясы кеңейе береді деп болжануда. Сонымен бірге, медицина, қызмет көрсету, маркетинг, экология қорғау саласының да қажеттілігі айқындала түседі» деді Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұргүл Ахметова.

Баяндамалардан бөлек, заман талабына сай кәсіп иелері жайлы бейнероликтер көрсетіліп, келушілерге «Мамандық таңдауға жедел көмек» атты әдістемелік нұсқаулық кітапшасы таратылды. Кездесу барысында аудиториямен қызу байланыс та орнатылды. Мәселен, ортаға шығып сөз алған «Дармен Консалтинг» ЖШС директоры Әсел Мұратова «Жоғары жалақының сомасы қанша болу керек?» дегенде, залдағы оқушылар түрлі нұсқаларын айтып, ақыры бірауыздан «айына 300 мың теңгеден кем болмауы тиіс» деп шешті. Оқылған баяндамалардан соң, «Қазмұнайгаз» бен «Қазатомпром» жұмысшысы болу өте абыройлы қызмет деп түсінген оқушылар физика, химия пәндеріне басымдық беретіндіктерін де айтып жатты.

Енді бүгін сағат екіде №71 мектеп-лицейде өтетін кездесуге аспаз, шаштараз, электрик, механик, тігінші, құрылысшы сияқты жұ­мысшы мамандық иелері келіп, өз тәжі­ри­бе­лерімен бөліседі.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + twenty =