Табыс көп пе – бөліс!

0 87

Жақында әлемге әйгілі мексикалық «Байлар да жылайды» сериалының бас кейіпкерін сомдаған Вероника Кастро дүние салды. Ол кинода байлар махаббат үшін жылайтын. Ал біздегі ауқаттылар «Байлық салығы» салынады деген үрейден көз жасын төгуге дайын.
Жалғанды жалпағынан басып жүргендердің жетістікке жету жолы әртүрлі. Көбіне адал еңбекпен ауқатты болғандар үшін байлық салығын салу – негізсіз «жаза» болып тиюі мүмкін.

Қалай десе де, олардың бәрінің де «қаржы айналымдарының» қозғаушы күші – тұрып жатқан елі. Сондықтан табысының көлеміне қарай сол елмен салығын да лайықты бөлісу – әділетті шешім. Бұл – байлық салығын бастау жайын көтеретін сарапшылардың ортақ пікірі. Бірақ ауық-ауық айтылып жүрген бастама элиталық топтардың ықпалымен болса да «тұншықтырылып», жылдар бойына кейінге қалдырылып келеді.
Көптің қолы жетпейтін мүліктер мен қызметтердің иелеріне салынатын бұл салықтың мәні – салық салудың әділетті жүйесін қалыптастыру, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты азайту, осы арқылы бюджет тапшылығын белгілі бір дәрежеде жабу және байларды әлеуметтік жауапкершілікке шақыру. Елімізде байлық салығын салу мәселесі жыл сайын көтеріледі. Былтыр да Ұлттық экономика министрлігі осы мәселені қарастырып, оны тағы да кейінге қалдырған. Шамасы мемлекет сарапшылар алаңдап айтқан бірнеше уәжге тоқтаған болуы керек. Сол кезде экономист Мақсат Халық әзірге мұны енгізу ерте, бұл салықтан жалтаруға әкеледі деген болатын. «Елімізде әлі де болса нарықтық экономиканың заңдары толық орындалып жатқан жоқ. Оған қоса мемлекет салықты белгілі бір нормадан арттырып жіберсе, салықтан жалтарушылар көбейеді. Сөйтіп көлеңкелі экономиканың үлесі артады» деген еді М.Халық.
Қазіргі Қазақстандағы элиталық топ халықтың 1-2 пайызын құрайды. Қазақстандық элита дегеніміз – Forbes-тің жаһандық тізіміне енген байлар. Олар – еліміздегі түрлі деңгейдегі банктер мен яхталардың, мұнай мұнараларының қожайындары, жергілікті ауқымдағы олигархтар, квазимемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері. Кейінгілері алдыңғылардың не туыстары немесе сенімінен шыққан өкілдері болып келеді. Шіріген байлық бұл элитаның өкілдеріне біртуар бизнес-қабілеттерінің арқасында ғана емес, көп ретте керісінше жағдайда келген. Әрине, элитаға қазіргі елдегі қолданыстағы салықтық мөлшерлеме ұнайды. Одан әрі көтеруге қай-қайсысы да мүдделі емес. Осы ретте 2018 жылы байлардың салығын арттыру мәселесін көтерген Билл Гейтстің әрекеті нағыз жомарттық екеніне тәнті боласың.

Табысына қарай салығы

Байлық салығын енгізу жайы елімізде биыл да 3-4 рет көтерілді. Жалпы бұл мәселе пандемияға байланысты дағдарыс жағдайында әлемде жиі айтыла бастады. Әсіресе, елімізде жақында сенатор Мұрат Бақтиярұлының яхта, ұшақ, қымбат көлік мініп, зәулім сарайда тұратын ауқаттыларға салынатын салықты арттыру туралы ұсынысы көпке аян. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде халықтың бай және кедей топтары арасындағы алшақтық айтарлықтай өсті. «Байлық салығын енгізу Қазақстанда салық салудың әділетті жүйесін қалыптастыра алады деп есептеймін» дейді ол.
Биыл шілде айында осы мәселе көтерілген кезде Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев жеке табыс салығының прогрессивті шкаласына оралуды ұсынды. Бұл шкала 2007 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылды, бірақ кейіннен тегіс шкалаға ауыстырылған еді. Аталған декларациядан кейін ғана елде осы прогрессивті шкала енгізілсе жөн. Прогрессивті шкала дегеніміз – неғұрлым көп табыс табатындардың соғұрлым көбірек салық төлеуі. Тек содан кейін барып байларға салық салуға болады. Ал әзірге елімізде асып-тасыған байдан да, қатарынан көш ілгері орта немесе айлығы шайлығына жетпейтін төменгі таптан да – бәріне бірдей табыс салығы ұсталады.
Соңғы 10 жылда Қазақстанның Салық кодексі күрделі өзгерістерге ұшырады. Осы аралықта ол бірнеше рет қайта жазылып, оған 130-дан аса толықтырулар енгізілді. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қазіргі жаңа Салық кодексінде онсыз да әділетті және айқын принциптер қарастырылғанын айтады. «Жеке табыс салығы бойынша елде 10 пайыздық бірыңғай мөлшерлемеден бөлек төмендетілген мөлшерлеме де бар. Мәселен, кірісі 70 мың теңгеден аспайтын азаматтарға төмен салық салынады» деді министр. Ол мүлік салығы бойынша да үлкен айырмашылық барын айтты. Мүліктің құны жоғары болған сайын, оған салынатын салық та көбейе түседі. Көлік салығы бойынша да айырмашылық үлкен – 8 мың теңге мен 600 мың теңге аралығында.

Таптар арасын жақындату

Елімізде орта тапқа кіретіндер өте аз, тіпті еңбекке жарамды халықтың 1 пайызын ғана құрайды деген болжам деректер бар. Себебі экономистердің айтуынша, орта тапқа жату үшін айына 500 мың теңге табыс табу керек. Ал ресми статистика бойынша Қазақстанда орташа жалақы 212 мың теңгені құрайды. Шын мәніндегі көрсеткіш одан да төмен.
Прогрессивті салықты енгізуге қатысты пікір білдіре келе Президент кірісі 300 мың теңгеден аспайтын адамдарға табыс салығы аз салынуы керек деді. Ол 100 мың теңге табатындардың 1 миллион теңге табатындармен бірдей 10 пайыз салық төлеуі дұрыс емес деп есептейді. «Мен ол кісіні қолдаймын. Айына 300 мың теңге табатындар 6-7% төлесін, 100 мың теңгеден төмен алатындар, тіпті де салықтан босатылсын. Ал жылдық табысы 25 миллион теңгеден асатын дәулеттілер үшін табыс салығын 15%-ке дейін көтеру әділ шешім болар еді» деп санайды М.Халық. Мұндай жүйе Еуропаның кейбір елдерінде бар. Мысалы, Финляндияда 100 мың еуродан астам табысқа салынатын салық ставкасы 31,7%-ды құрайды.
Оның әріптесі Асылхан Андашев бұған қарсы пікірде. Экономистің айтуынша, бұл салық бюджет табысының азаюына әкелуі мүмкін. Неге бұлай дегенін ол бізде аз табыс табатындардың саны бірнеше миллион, ал табысы жоғары азаматтар өте аздығымен байланыстырады. «Кейбір зерттеулер бойынша пандемияға дейін ең көп кездесетін жалақы 58 мың теңге еді, 3,5 миллион адамның жалақысы 112 мың теңгеден аз болатын. Яғни, бізде аз табыс табатындардың саны табысы жоғары азаматтардан көп. Сол себепті миллиондаған адамның салығын азайтып, жүздеген мың адамның салығын арттырғаннан бюджетке түсетін табыс көлемі ұлғаяды деп айта алмаймын. Керісінше, бюджет табысы азаюы да мүмкін» дейді Андашов. Бұлай болмас үшін жалпыға бірдей декларацияны дұрыс жолға қою керек. Содан кейін ешкім өз табысын жасырмай, салықтан жалтармаса, бюджетке бірнеше миллиард теңге кіріс түсуі мүмкін. Өкінішке қарай, заңсыз жолмен байығандар өз мүлкін жария еткісі келмейді.
Кейбір сарапшылар арасында прогрессивті шкала туралы күмәнді пікірлер де жоқ емес. Олар бұл салық механизмі түптеп келгенде нағыз байларды әлеуметтік жауапкершілікке тартуға емес, олардан төмен тырбанып жүрген халықтың қалтасын қағуға жұмыс істеп кете ме деп те қауіптенеді.

Жыртыққа жамау бола ма?

Байларға салық салынса, ел қазынасына қыруар ақша түседі. Кей сарапшылар мұны сеніммен айтып отыр. Соның арқасында мемлекетте қосымша қаражат та пайда болады. Ал оны халықты әлеуметтік жағынан қолдауға, яғни көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектерге көмек көрсетуге жұмсауға болар еді.
Жалпы кез келген қоғамның алға ілгерілетуші тобы – байлар. Батыс елдерінде ғылыми зерттеулердің барлығын дерлік байлар қаржыландырады екен, ал бізде әрине, олай емес. Елімізде элиталық топтардың өкілдері көбірек салық төлеуге келіспейтіні түсінікті. «Біздің адамдар байи қалса, Миланнан киініп, Лондоннан үй алып, яхта, жеке ұшақ мінуге құмар. Сондықтан, салықты көбірек төлеу арқылы болса да, қоғамға пайдасын тигізсін» дейді сенатор М.Бақтиярұлы.

Дағдарыстан салық құтқара ма?

Мәселен, биылғы дағдарыс АҚШ сияқты алпауыт дамыған елді де әбігерге салса керек, бұл елде қазір миллиардерлеріне 60%-дық біржолғы салық төлеу идеясы күшейе түскен. Мұнда да осындай заң жобасын сенаторлар ұсынды. «Миллиардерлердің төлемін жаса» деп аталатын заң жобасы 467 бай адамнан тұратын элитадан 731,8 миллиард долларға 60 пайыздық салық өндіріп алуы мүмкін. Бұған не мәжбүрлеп отыр? Себебі елде биыл 18 наурызда пандемия басталған кезде 50 млн-нан астам америкалық жұмыссыздық туралы көмек сұрап, тағы 5,4 млн адам медициналық сақтандыруынан айырылған. Сенаторлардың пікірінше, біржолғы салық салу барлық америкалықтарға бір жыл ішінде медициналық шығындарды, соның ішінде рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді төлеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан қоғамында өкінішке қарай, кедейлер одан сайын кедейлене, байлар байи түседі деген көзқарас басым. Оған биылғы төтенше жағдай кезінде қаржылық көмекке бастапқыда күткеннен 2,5 есе көп адам жүгінгені дәлел бола алады. Ал байлар активтерінің өскенінен емес, бірінші кезекте заңдағы лоббирленген өзгерістер және мемлекеттік қолдаудың арқасында, сондай-ақ «кері серпілу, қайта бөлісу», рейдерлік тартып алу есебімен, сонымен қатар салық салудан жалтару арқылы да байыған үстіне баюда. Бұл да – саяси сарапшылар пікірі.

Өзге елдерде қалай?

Ресейде жүргізілген сауалнама нәтижесі халықтың 50 пайызы байлық салығын салуды қолдайтынын көрсеткен. Мұнда да Қазақстан секілді аталған салықты салу мәселесі көп жылдан бері көтеріліп, әлі созылып келеді. Әрі байлық салығы оның басты «нысанасына емес», бұған қауқарсыз халықтың бәріне жалпылама тиіп кетуі мүмкін деген қауіп бұл елде де бар. Дәл қазіргі таңда жеке тұлғалардың табыс салығы 13-35 пайыз аралығындағы мөлшерлемені құрайды.
Әлемде кей елдерде байлық салығының түрлі жүйелері жұмыс істейді. Мәселен, Францияда 1980 жылдардан бастап байлыққа арнайы салық енгізілген. Бұл елде мүлкі мен банктегі шоттары, құнды қағаздарын қоса алғанда азаматтардың барлық активтеріне байлық салығы салынады.
Басқа елдерде байлыққа арнайы салық салу жүйесі жоқ. Бірақ люкс класына жататын тауарлардың бірнеше түрлері, мәселен, автомобильдер, яхталар, жеке ұшақтар, қымбат бұйымдардан салық ұсталады. Шетелдерде әлеуметтік теңсіздік мәселесі табыс салығының прогрессивті шкаласы есебімен шешіледі. Мәселен, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай және Жапонияда табыс салығының мөлшерлемесі азаматтардың табыс көлеміне байланысты болады. Жекелеген байларға келсек, Амазонның негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адам Джефф Безостың төлемі – 42,8 миллиард доллар, Tesla және SpaceX жетекшісі Элон Маск 27,5 миллиард доллар, Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг 22,8 миллиард доллар салық төлейді.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 15 =