Табиғатпен тілдескен Талғар

0 23

Тамылжыған тұмса табиғатта италияндық виолончель аспабымен классикалық музыка орындаған Талғардың есімі инстаграм желісіне бірден танылды. Ол елордадағы Қазақ мемлекеттік симфония оркестрінде өнер көрсетеді. Елге таныс әлемдік хит әуендерді орындау арқылы виолончелист адамдардың қым-қуыт тіршіліктен демалуды үйренгенін қалайды. Біз Талғар Толқынұлымен шығармашылығындағы тың жаңалықтар, пандемиядағы өнер адамдарының өмірі жайлы сөйлескен едік.

Атын айтуға келгенде көптің тілі күрмелетін виолончель жайлы білетіндер аз. Ұзындығы адам бойымен пара-пар келетін аспап бір қарағанда скрипкаға ұқсағанымен, тарту тәсілі қазақтың қыл қобызына келеді. Ал үні тіптен ерекше, бейне бір ішіңдегі ешкімге айтпайтын дауысыңды өзіңе қайталап бергендей жүрек қылын тербейді. Сондықтан да шығар, Еуропада бұл музыкалық аспап үлкен сұранысқа ие. Соңғы кездері қазақ жастарының да виолончельге деген қызығушылығы артқан. Солардың бірі Талғар көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанған. «Виолончель аспабы басқа өзіне ұқсас аспаптарға қарағанда әмбебап деуге болады. Мәселен, скрипкада тек қана жоғары дыбыстармен ойналады ғой… Ал виолончель аспабында жоғарымен қоса, төменгі дыбыста да ойнай алады. Ал екінші ерекшелігі – үнінде… Оның үні адамның дауысымен пара-пар… Адамның дауыс тембріне қатты ұқсас келеді. Виолончель аспабының төменгі ішектері ер адамның дауысын берсе, ал жоғарғы ішектері жіңішке нәзік қыз-келіншектердің дауысын береді» деп бастады сөзін кейіпкеріміз.

Талғар педагогтардың отбасында дүниеге келсе де ата-анасы өнер жолын таңдауына еш қарсылық білдірмепті. Керісінше тұңғыштарының дарынын байқап, қолынан жетектеп Қазақ ұлттық университетінің мектебіне апарыпты. «Виолончельді кішкентай кезімде саналы түрде барып таңдаған жоқпын. Қандай аспап екенін де білмегенмін. Марқұм әкем жас кезінен әнді нақышына келтіріп орындайтын сегіз қырлы бір сырлы адам болды. Кез келген отырыстың шырайын кіргізіп, домбырамен де, гитарамен де әуелетіп ән шырқайтын. Ата-анам фортепиано аспабынан репетитор жалдады. Ол кісі біраз уақыт мені аспапта ойнауға үйретті. Бір күні үйімізге кәсіби дирижер Қарасай Сайжанов келген еді. Менің фортепианода ойнайтын кішігірім жетістігімді көріп, ата-анама музыкалық мектепке құжат тапсыруға кеңес берді. Анам мені бірден сол мектепке апарды. Емтихан барысында педагогтар біздің саусақтарымызға, музыкалық және ритімдік қабілетімізге қарап әртүрлі аспаптарға бөлді. Менің музыкалық дарыныма қарап мені виолончель аспабына берді. Мектепке барып аспапты ұстағаннан кейін ғана виолончельдің не екенін білдім. Сол уақыттан бері осы аспап өмірімнің бір бөлігіне айналды» дейді музыкант.

Кейіпкеріміз астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мектеп пен колледжді қызыл дипломға бітіргеннен кейін өнерін шыңдау мақсатында Шанхай музыка консерваториясына оқуға түседі. Талғар виолончельден басқа гитарада, портопианода, укулеледе, домбырада да ойнайды. Музыканттың айтуынша елден жырақта жүріп, шетелде білім алған кездерінде ұлттық өнерімізді дәріптеу үшін домбыраны қолынан тастамай алып жүріпті. «Музыкалық білімімді жетілдіру үшін Қытайдың жоғары оқу орындарына құжаттарымды өткізіп, емтихан тапсырдым. Нәтижесінде шетелдік азаматтарға арналған мемлекеттік білім грантын ұтып алдым. Бірақ мен сол уақытта қытай тілін білмейтін едім. Сондықтан бір жылдай Пекинде тіл курсын оқып бітірген соң Шанхайда әрі қарай білімімді жалғастырдым. Оқуымды былтыр жазда тәмамдадым. Ал жақында ғана маған Шанхай музыка консерваториясының магистратурасына қабылданды деген хат келді. Қыркүйек айынан бастап сабақты онлайн форматта оқимыз» деп қуанышымен бөлісті.

Жігітке жеті өнер де аз. Қазіргі таңда Талғар қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде емін-еркін сөйлейді. Сондай-ақ бесінші тіл яғни неміс тілін үйреніп жүр. Өнер адамының аяғына тұсау салмайтын да оның жан-жақтылығы шығар. «Көптеген мемлекетте өнер көрсеттік. Оркестрмен де, жеке орындап та шығып жүрміз. Корея, Испания, Белгия, Италия, Англия, Германия және ТМД елдеріне гастрольдік сапармен шығып тұрамыз. Еуропада классикалық музыка жоғары деңгейде бағаланады. Билет құны бір адамның бірнеше күн өмір сүретін қаржысымен бірдей. Ал билеттер концертке 1-2 ай қалғанда-ақ сатылып кетеді. Көрермендер өздері жақсы көретін кеш үшін басқа елден сол концертке ұшып келіп тамашалайды. Көбісі аспаптың үнін жете түсініп, музыканттың өмірбаянын, орындалып жатқан шығарма тарихын жақсы біледі. Концерттегі әр үзіліс сайын фоекеге шығып, сусын ішіп, бір-бірімен пікір алмасады. Олар концертке келуден бастап кеш бітіп аяқталғаннан кейін де көңіл-күйін сақтап сол сәттерден демалады. Біздің елдің көрермені де осылай демалса екен деймін. Жұмыс, ақша табу және басқа да уайымды бір сәт болсын концерт залы сыртында қалдырып кеткенін қалаймын» дейді музыкант.

Қай жағынан алып қарасақ та классикалық музыка – өнердің шыңы. Ал оның үнін табиғатпен байланыстыра білу – заман талабы. Кейіпкеріміз тыңдарманымен жақын болуы үшін ең бірінші танымал фильмдердегі музыкаларды виолончельмен ойнап бастаған. «Елордамыздың маңындағы әсем табиғатта өнер көрсету туралы идея бұрыннан бері ойымда жүрді. Тек сәті түспеді. Осылайша пандемия кезінде концерттің аз болғаннын пайдаланып бос уақытымда осы бастаманы қолға алдым. Шыны керек, еліміздің табиғаты керемет қой. Тек астанада ғана емес Алматыда да, шығыс пен батыста да көрікті жерлер көп. Өзім астанада тұратындықтан, қала жанындағы әдемі орындарға көлікпен болсын жетіп, виолончелімді арқалап, видео түсіріп қайтамыз. Бұл бір жағынан хоббиім десем де болады» деді Талғар.

 

Белгілі бір аспап меңгерген мамандар әдетте оркестр құрамында өнер көрсетеді, оған қоса мектепте немесе жоғары оқу орнында сабақ береді. Қазіргі таңда Талғар Қазақ мемлекеттік симфония оркестрінде қызмет етуде. «Пандемияға байланысты концерттер бұрынғыдай көп болмаса да жолын тауып онлайн өткізіп жатырмыз. Әлеуметтік желіге арнап видео түсіру – осы пандемия кезінде қолға алынған бастама. Бұл кезең кейбір өнер адамдары үшін тоқырау әкеліп жатса, кейбір жандардың жаңа тынысын ашты. Байқағаным, қазақ көрермендерінің әлемдік классикаға деген қызығушылығы жыл сайын өсіп келеді. Шетелдің Нью-Йорк, Париж сынды бас қалаларымен салыстырғанда біздің қаламызда адамдар саны аз. Сәйкесінше келетін көрермендер саны да көп емес. Біз ең бірінші осы жағдайынды дұрыс түсінуіміз керек. Әлеуметтік желідегі біздің видеоларымызға қарап көп көрермен қызығып, виолончельді танып жатады. Классикалық музыка қолжетімді болуы керек. Мен осы жолда өз өнерімді желі арқылы насихаттап жүрмін. Классикалық концерттерге келетіндердің басым бөлігі – осы музыка саласындағы адамдар. Ал басқа саладан келетін тыңдармандар аз. Классика – әрқашан өлмейтін музыка. Адамның өміріне шуақ береді. Ішкі әлемін тыныштыққа кенелтеді. Тіпті кейбір адамдарды ауруынан айықтырып жатады» дейді Талғар.

Иә, өнер талайға бұйыра бермейтін бақ. Осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан Талғардың мақсаты – еліміздің шалғай аймақтарында тұратын, түрлі аспаптарға қабілеті бар талантты балаларды жинап, қолдау көрсету. Ендеше, аспабын арқалаған арман иесіне толағай табыстар мен жарқын сәттер тілейміз!…

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − twelve =