Табиғат тарықса, адам зарығар

0 23

Қалаға да, далаға да, оны мекендеген адамға да күтім керек. Қарамасаң, бәрі қараң қалады. Соны білген, денсаулық қадірін жете түсінген ата-бабаларымыз ауыл, аула түгілі, ауаны да ластамаған, табиғатты аялаған, көк шыққанға бір қуанып, мезгілсіз қуар­ғанға мұңайған. Табиғаттың тылсымын зерделеп, мал-жанына жайлысына жайғасқан, ыстық-суығына көнген. Еш қасарыспай, өздері оңтайланған, қолынан келсе үйлесімдікке ұмтылған. Қысқасы, қай заманда да, жылдың қай маусымында да харакетсіз болмаған, туған табиғатқа қамқорлық танытқан.

Ал жаңа технологияларға бізден бұрын қол жеткізген Еуропа халқы экология десе, неге жандары қалмай шырылдайды? Дүниеде түпсіз, шексіз нәрсенің болмайтынына олардың көзі әлдеқашан жеткен. Сондықтан қоршаған ортаны аялауды адамгершіліктің жоғары сатысына балайды, тұрақты дамудың биік дәрежесі деп санайды. «Әуелі – экология, сонан соң – экономика» қағидатын ұстанған өркениетті елдерде табиғатты сақтау, пайдалану заңдары өте қатаң әрі қастерлі. Озық отыз мемлекеттің қатарынан табылу мұраты мен уақыттың өзі біздің еліміздің де Экологиялық кодексін қайта қарап, заманға ла­йықты етуді талап етіп отыр. Жобасы Парламентте талқыланып жатқан кодекс бүгінгі күнге ғана емес, өткеніміз есепке алынып, алдағы көп жылдарға арналып әзірлену үстінде. Алайда заңды орындау қоғамға, әрбір азаматқа құқығына қосымша абыройлы міндет жүктейтінін ұмытпауға тиіспіз.
Көкмайсасы (газоны) құлпырып жататын ағылшындардан мұның сырын сұрағанда: «Қиын түгі де жоқ, үш мың жыл осылай орып тұрсаңыз, дәл осындай болатынына кепілміз» дегенінде де бір сыр бар. Әрине, оның ішіне туған жерге деген жанашырлық, топыраққа тұқым себу, егу, суғару, күту, бағу – бәрі кіреді. Назар аудартатын бас­ты мәселе – әр адамның қоршаған ортаға деген өзгеше таным-түйсігі, өзгерген санасы, қалыптасқан ішкі мәдениеті болса керек. Ондай сезім ата-анадан балаға беріледі. Әлгі үш мың жылда алмасып жатқан ұрпақ танымы, дәстүрі экологиядан да көріне бастайды. Олай болса, далада от жаққанда күлі көкке шашылмасын деп жерге көметін, ағын суды былғамайтын, басқа аң-құсты айтпағанның өзінде, құмырсқаның илеуін де бұзбайтын, ел қонған жерге ағаш егетін ата-баба дәстүрін біз неге ұмытуға тиіспіз? Үнемі елдің есінде жүретін, бұрынғылар айтып кеткен:
«Табиғат тарықса, адам зарығар»,
«Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті»,
«Таза ауа жанға дауа»,
«Табиғаттың тәні – жер, қаны – су, жаны – күн»,
«Жерін қорлаған азықсыз қалады»,
«Өрісіне қарап мал өсер, өзеніне қарап тал өсер»,
«Ағаш жапырағымен, жер топырағымен көрікті»,
«Күн шықпай күл төкпе!»
«Ағын судың арамы жоқ» сияқты көптеген экологиялық мәні бар халықтың нақылдары мен қарапайым қағидаларын күнделікті өмірде неге ескере бермейміз? Біздіңше, мұндай тәрбиені отбасында, мектепте құлағына құйып өскен талапты жас қана қатарластарына өнеге көрсете алады. Мысалы, солардың қатарына эковолонтерлерді жатқызу ақылға сыйымды. Олардың ішінде топжарғаны – әлемде кең қолдау­ға ие қанағатшылық және «Zero waste» жобасын насихаттап жүрген елордалық мектеп оқушысы Аружан Сахариянова. Оның бастамасын қолдайтын құрбылары мен құрдастары жер-жерден, ел-елден көптеп шығады деп үміттенеміз.
Ал еліміздің астанасында көгалдарды реттеп, қаланың көркін келтіріп жүрген мамандардың еңбегі сан мың Аружанның көз алдында өтіп жатыр деуге болады. Қаланың әр тұрғыны көгалдандыруға, тазалық пен тәртіпті сақтауға күн сайын атсалысса, бұған ағылшын шапалақ ұрып, француз таңданатындай түріміз бар. Біреумен жарысу міндет болмаса да, қоршаған ортаға деген мәдениетіміздің қалыптасқанын қоғамдастарымызға, бір қалада, көшеде, аулада тұратын көршілерімізге, таныстарымызға, достарымызға көрсетудің өзі мәртебе емес пе?
Кез келген орта қоғам ниетімен, парасатымен, қайырымымен, ме­йірімімен көркейеді.
Табиғат та адамнан жақсылық күтеді.

Дархан МЫҢБАЙ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің

депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 3 =