«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТАБИҒАТ ТАМЫРШЫСЫ

0 358

Елордадағы Оқушылар сарайының «Астана Арт Лайн» галереясында Мәдениет саласының үздігі,  Қазақстан суретшілер және Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Шыныбай Пірімбаевтың «Шабыт» атты  жеке көрмесі өтті

7687687687

Қаламы жорға қаламгер Бауыржан Омарұлының «Қаратерең вальсі» аталған эссесінде мынадай жолдар бар: «Мықты суретшілер шықты біздің Қаратереңнен. Бірінен-бірі өтеді. Ал осы ауылдың топырағын борпылдатып басып өскен тағы бір дарынды суретші тіпті алысқа шапты. Ол – Шыныбай Пірімбаев. Мәскеудегі талайдың қолы жете бермейтін В.Суриков атындағы көркемсурет академиясын бітіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды» деп туған жерінің абыройын асырған азамат туралы тамсанып айтады.

Міне, осындай Аралдың бір бұрышында бұйығы жатқан алақандай ауылдан қанаттанған қылқалам шебері ұлттық қайнардан қанып ішіп, әрісі Еуропа, берісі Ресейдің бейнелеу өнерінің үздік үлгілерін бойына сіңіріп, биікке көтерілді. Тым-тым шарықтатып жібергенімізге кейіпкеріміздің өзі де келісе қоймас. Шыныбай ағамыз алып-ұшып тұрған мінезі жоқ, қарапайым кісі екен. Көрмеге суретшінің 56 туындысы қойылды. Оның бәрі тылсым табиғаттан сыр тартады. Әсіресе, төрт мезгілдің бояуын картинаға мөлдіретіп түсірген. Бір сөзбен айтқанда, суретші пейзаж жанрын шебер меңгерген. Дәстүрлі қазақ бейнелеу өнерінің мектебінен нәр алғандығын қапысыз аңғарасыз. Оның әр туындысы түрлі түстерге бай, бояуы қанық. Айталық, «Көктем» деген картинаны алайық. Кәдімгі Астананың сағындырып, кеш келетін көктемі. Бірақ ол суретшінің көзімен көркейіп кеткен. Шұғыла шашып тұрған күн. Шайдай ашық аспан. Сыбдыр қаққан жапырақ. Былайша айтқанда, басы артық ештеңе жоқ. Бірақ қылқалам шебері өз шығармасы арқылы философиялық ойға жетелеп, бейбіт өмірдің тыныштығын алдымызға тартады. Тағы бізге «Кәрітұма» деген шығармасы қатты ұнады. Өзінің туған ауылындағы талай тарихтың көзі болып, жиегі тартылып бара жатқан «кәрітұманың» бүгінгі бейнесін бедерлейді. Ақбас Алатаудың баурайындағы Есік көлі де ерекше көрінді. Одан бөлек, «Жым-жырт», «Ауылға апарар жол», «Астананың шеті», «Көктем», «Өзен бойындағы үйлер» атты картиналарының жанында тоқтап тұра бергіңіз келеді.

69698

«Шыныбай – өте талантты суретші. Ресейдегі В.Суриков атындағы көркемсурет академиясын тәмамдаған. Оны бітірген түлектердің бәрі де жоғары бағаланады. Сонымен бірге, ол – Еуропадағы бейнелеу өнерінің түрлі мектептерінен дәріс алып, өз шеберлігін байытқан жігіт. Суретшінің қолынан шыққан кез келген шығармаларынан философиялық ой түюге болады. Оның бәрі тазалығымен көз тартады» дейді Қазақстанның Мәдениет қайраткері, белгілі суретші Ермек Асылханов.

Көрменің ашылуында қылқалам шеберінің жерлесі, ғалым Бауыржан Омарұлы: «Сіздердің көпшілігіңіз мына картиналардың қалай салынғанын білетін болсаңыздар, мен осы дүниелерді жарыққа шығарған авторды туған кезінен білемін. Қаратерең деген ауылда ержеттік. Аралдың ең аңызақ, ең шөп шықпайтын, ағаштары сирек, бірақ сонысымен бізге қымбат ауылдардың бірі. Шыныбайдың бейнелеу өнеріне қалай жақын болғандығы да есімде. Ол алғашында Лениннің суретін салды. Соны көрген әкесі баласына ұрысып, суретте саяси астар бар деп әрең тоқтатады. Кейін ол табиғатты тамылжытып салуға көшеді» деп өткен күннен сыр толғап, Шыныбайдың пейзаждары табиғаттың өзіндей шынайы екендігін жеткізді. Шара соңында қылқалам шебері Еуразия Дизайнерлер одағының медалiмен марапатталды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды