Сыздық сұлтан неге тасада қалды?

0 304

Мемлекет және қоғам қайраткері Қасым ТӘУКЕНОВТІҢ газетімізде жарияланған «Тегімізге жат әулекілік жарға апарып соқтырып жүрмесін» деген мақаласында Сыздық төре туралы мынадай тамаша пікірі елорда зиялылары мен жалпы жұртшылықты ойға қалдырғандай.

«Ал мына егеменді ел болғанда, бүкіл қазақ халқы болып, ұлы перзентіміз елі үшін еңіреген Сыдық сұлтанды (кейде Садық-Сыздық деп те атайды) (1839-1910) неге құрмет көрсетіп, еске алып, аруағына тағзым етпейміз? Даңғойлана, еліре, желікбастана оны білгіміз де келмейтіндей. Сыдықтың (Садық, Сыздық) не жазығы бар еді? Ол жалғыз ғана қазақ елінің бостандығы үшін күресіп қана қоймай, бүкіл Орта Азия халықтарының, Шығыс Түркістанның бостандығы үшін Ресей империясының әскерлерімен соғысып, жан алып, жан беріскен ардақтымыз. Сыдық сұлтанның өжеттігі, қолбасшылығы жөнінде академик В.В.Бартольд (1869-1930) еңбегінде егжей-тегжейлі жазып, әкесі Кенесарыдан артық болмаса, кем емес екендігін әсерлі берген. Ал Б.Умирьяев болса, Сыдықтың қайсарлығы Тадеуш Костюшкаға (1746-1817) пара-пар, әскери таланты Дж.Гарибальдиға (1807-1882) ұқсайтындығы жөнінде жазады.
Осындайда айтпаса, сөздің атасы өледі дегендей, ұлтымыздың ұлы перзенті Сыдық сұлтанды санамыздан өшіріп – ұмыттыру, әкесі Кенесарыға зәулім ескерткіш орнаттық, жер-жерде көше аттарын бердік, «бір басқа бір көз жеткілікті» дегеннің керін келтірген, бақай есепке салынған сұмпайы түріміз бе?»
Расында да, елге белгілі, беделді ақсақал ойда жүрген тағы бір өзекті мәселенің бетін ашты. Ол кешегі өткен Әлихан Бөкейхан оның алдындағы қазақ елін билеген төрелер тарихының жан-жақты зерттеліп, қазақ хандығының алтын діңгектерінің мұрасы ұлықталмай келе жатқан кемдігіміз еді. Осы ретте көрші ресейліктердің Романовтар әулетін егжей-тегжейлі зерттеп, ине-жібіне дейін түгендеген тірліктеріне лайықты бағамызды беріп, қызығамыз да.
Өткенін қастерлейтін бұл дәстүрге сүйенген Қасым Тәукеновтің Сыздық сұлтан туралы айтқан пікірі елордамызда төрелер институтын зерттейтін орталық ашылуының қажеттілігін тағы еске салды. Бұл ойымызды осы саланың мамандары да құптайды деген ойдамыз.
Ендігі арман – ұлтымыздың ұлық перзентінің тұлғасын сомдап Есілдің екінші жағалауына орнатып, Хан Кененің қатарында орнын тапса екен дейміз.
Осыдан біраз уақыт бұрын газет қоржынына келіп түскен шымкенттік суретші-зерттеуші Ералы Оспанұлының мақаласы Сыздық сұлтанның тағы бір қырын ашып, ғұмырының бір үзігінен сыр шертетін себепті оқырман назарына ұсынып отыр­мыз.

Майлықожа жырларында есімдері аталатын, көпшілікке белгілі болған үш атақты замандасының ішінде ең танымалы, заманында даңқы жер жарғаны атақты Сыздық сұлтан екендігі дау тудырмайды. Мысалы, оның есімін ақын нағашысы Мәделіқожаның қартайып, денсаулығы сыр беріп, оның үстіне екі жаужүрек інісі Кенжехан мен Уәлихандар дүниеден озып, көңілі құлази бастаған шағында келіп көңілін сұраған өлеңінде:
Сыздық, Назар, Момынбек
Сырлас едің бетер соңы боп
Солармен қатар құрбы елің, – деп атап өтеді.
Сыздық сұлтанның жауынгерлік өнерін, қас батырлығын досы да, жауы да мойындағаны белгілі. Оған «Кенесары и Садык» кітабының кіріспе сөзін жазған орыс тарихшысы Е.Т.Смирновтың «последний боец за независимость киргизского народа» деп берген бағасының өзі-ақ қайда жатыр десеңші?! Сыздық сұлтанның Қазақстанның күнгейін орыс отаршыларынан қорғаймын, кәпірлерге бермеймін деп жауға қарсы жортқанында атының тұяғы тимеген жер қалмады десе болады. Ақыры туған елі түгелімен Ресей империясына бодан болғанында қайсар төре Орта Азияның үш хандығы – Қоқан, Бұқар, Қиуа мемлекеттері жағында күресін жалғастырып, олар да орыстарға тәуелді болған соң, Қашғарға өтіп кетіп, бұл елді қытай әскерлері алған соң ғана барып 17 жыл қылышын қынына салмаған сұлтанның рухы біршама басылып, ата жауынан кешірім алып, қалған өмірін Шымкент маңындағы Ханқорған деген жерде өткізеді. Өмірінде бар көргені соғыс болып, дүние-малға қызықпаған Сыздық төрені жұрт құшақ жая қарсы алып алдына мал салып беріп, ол соның есебінен күнін көреді. Осы кездері оған «Повинную голову не секут, не рубят. Великий Государь прощает твою прежнюю вину. Мы тоже прощаем. Живи в наих владениях, где пожелаешь» деп кеңдік жасаған орыс ұлықтарының шын мәнінде қаншалықты кешірім жасағаны, басына бостандық бергені жайлы соңғы жылдары ғана анық белгілі болып отыр. Мысалы, Өзбек Республикасының Мемлекеттік бас мұрағатында Сыздық сұлтанның 1879 жылдың 12 қазанымен белгіленген Ташкент пен Құрама оязына 15 күнге барып келу үшін рұқсат сұрап Түркістан генерал-губернаторына атына арнайы жазған арызы, оған бауыры Ахмет төренің кепілдік беретіні айтылған және оның Ақмола оязына 5 айға жіберуді өтінген тағы бір арызы бар екен. Оның осы екі арызына қатысты орыс ұлықтарының жазғандарымен танысып шыққанда олардың Сыздық төрені әскери тұтқын ретінде қарастыруын қоймай, сұлтанды, Мәделіқожаның сөзімен айтқанда, «ұзын арқан-тұсауды кең құрып тұр» етіп жетектеп жүргенін бірден түсінуге болады. Мысалы, Сыздық сұлтанға қалаған жерге қоныстануына рұқсат бергенімен орыс әскери шенеуніктері ерекше қырағылық көрсетіп кеңсеаралық хат алысу барысында «Садык уже настолько стар, что едва ли может предпринять что либо враждебное Русскому Правительству. Впрочем, при водворении Садыка, следовало бы обязать Ахмеда письменным поручительством в том, что он обязывается следить за Садыком. В случае [если] он будет жить неспокойно, немедленно донести под опасением ответственности по закону, как за сокрытие преступления» деп өздеріне жан-тәнімен қызмет еткен Ахмет төреге де ала көзбен қарауларын бір сәтке де тоқтаспастан, інісіне ағасын аңдытып қойғанын көреміз.
Бір кереметі сұлтанның бұл арызын орыс тіліне аударып берген Сейітжаппар төре Асфендияровтың өзі екен. Бұл деректің арқасында сол кездері қазақ төрелерінің өзара сыйластығы қандай болғаны жөнінде де мағлұмат алудың сәті түсті. Тағы бір айтып кететін қызық жай, осы секілді құжаттардың ішінде Сыздық сұлтанның Қашғардан ауып келіп, оны күтіп алған орыс офицерлеріне берілгенінде тапсырған қару-жарағы – қосауыз мылтығы, орыс атты әскерлерінің винтовкасы мен қылышын, Ұлы князь Николай Константиновичтен қайтарып беруді өтінгені жөнінде де деректер сақталған екен. Мұның арты біраз кеңсеаралық хат алысуға айналып кетеді де, бірақ, өкініштісі, қару-жарақ егесіне қайтарылғаны жайлы сөз қозғалмайды. Ал енді Сыздық сұлтан жайлы әңгімемді тарих беттерінен орын алған, оның қолбасшылық өнеріне кір келтіретін бір оқыс оқиғаны талдаумен жалғастырсам деймін. Мұнда әңгіме Созақ қамалын полковник Черняев бастаған орыс әскерлерінің қалай алғаны жайлы болмақ.
Ресей тарихшыларының мәліметтеріне сенсек, алғашқы мәрте Созақ қамалы орыс отаршыларының қолына 1863 жылдың мамыр айында өткен болып шығады. Оның қалай алынғаны жөнінде олардың жазбагерлері былай деп жазады:
«При приближении отряда Черняева к Сузаку там вспыхнуло восстание против кокандских властей. Население Сузака заставило кокандский гарнизон сложить оружие и объявило о своем желании принять русское подданство. Их примеру последовали казахи Биштамгалинского рода, кочевавшие в районе Чолак-Кургана и Сузака».
«В начале марта 1863 г. генерал-губернатор Безак приказал начальнику своего штаба провести рекогносцировку района от Джулека до города Туркестана… Операция, проводившаяся исключительно с разведывательными целями, обернулась неожиданным результатом. Казачий отряд Черняева шел по заснеженной пустыне под густыми снегопадами, потом под палящим степным солнцем и к концу мая дошел до крепости Сузак. В это время там вспыхнуло восстание против кокандской власти – повсеместно жестокой и разорительной. Своей артиллерией Михаил Григорьевич поддержал восставших; Кокандский гарнизон сложил оружие, а население Сузака попросилось в российское подданство».
Бір қызығы, алғашқы автор, Н.А. Халфин, Созақ халқының орыстың қол астына сұранғанын қуана жазып кеткен соң, «Неожиданные успехи отряда Черняева (хотя он и не «занял окончательно» Сузак) вызвали беспокойство Безака, опасавшегося недовольства Министерства иностранных дел. В донесении правительству оренбургский генерал-губернатор отмежевывался от действий Черняева» деп шегіншектеп, Созақтың арғы тарихын аузына қайтадан алмай, келесі 1864 жылы орыс әскерлерінің Мерке, Әулие-Ата, Түркістан, Шымкентті қалай басып алғандары жөнінде әңгімесімен ары қарай өрбітеді.
Сол секілді, қол жеткен басқа да орыс деректерінде Созақтың екінші мәрте алынғаны жөнінде мәлімет кездеспеді. Тек полковник Веревкин бастаған орыс әскерлерінің Түркістанды қамағанын кезінде бұл соғыскер Созақтың ақсақалдарынан астыртын хат алғанын ауызға алып өтіп, онда екіұшты сөздер жазылғанын, Сыздықтың қаланы тастап шығып Шолаққорған түбінде тұрғанын, сұлтанның ойында не барын білмейтіндерін, Түркістан әкімі Мырза-Дәулетпен екеуінің арасы нашар деген сөздер бар болғанын баяндап кеткен. Бұдан ары орыс офицері Сыздық сұлтан Суындық асуынан 120 «кольчужник» сауыт құрсанған сарбазбен өтіп, оның жолын кесіп, тосып алуға аттанған есаул Савиннің отрядын жер қаптырып, қалаға 1864 жылдың 10 маусымында аман-есен кіріп кеткенін айтып өтеді. Олай болса орыс әскерлері Созақты жаулап алған болып шықпайды. Қамал жау тылында, өз тағдыры өзінің қолында болған күйі қала берген болады.
Ал енді полковник Черняевтің Созақты бірінші рет 1883 жылы алғаны туралы жазғаны – қаланың халқы көтеріліп қоқандықтарды өздері қуып шығып, орыстарға өз еркімен қуана-қуана берілгендігі қаншалықты шындыққа жанасады, бұл мүлдем басқа әңгіме.

Ералы ОСПАНҰЛЫ,
суретші-өлкетанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + 5 =