Сырың мен сымбатың келіссін…

0 202

«Киім – адам мінезінің айнасы». Сән үлгісі бас-тау алған Еуропа мен өзіндік киіну мәнері бар Шығыс елдерінің ортасында орналасқанымызды ескерсек, киім кию мәдениеті бізден айналып кетпеген. Әсіресе, әйелдер қауымының түрлі мерекелік кештерге баратын кезде киім таңдауы  үлкен әбігер екенін білеміз. Таңдау  талғамға бағынады десек те, жыл сайын сән үлгісінің сахнасы қандай сыр ашады екен деп елеңдеп отыратынымыз рас. Жыл таңдаған түс, жыл таңдаған үлгі біздің бикештерді де бейқам қалдырмайды. Олар сол жылдың құпиясы мен ерекшелігін ашқысы келеді. Сәнгерлердің сән әлеміне өз қолтаңбаларын қалдырып, өздерінің ішкі сезімдерін  сездіре білсе, оларға еңбектің табысы деген сол шығар. Өйткені, бұл жандар әлемді сұлулық пен сұлулыққа құштарлықтың құдіреті құтқаратынын жақсы біледі. Сондықтан сән әлеміндегі сан ғасырлық еңбектер – адам үшін, адамның өміріне деген құрметі үшін жасалып келе жатқан дүние. Бұл – мәңгілік тақырып. Жыл сайынғы жұмбақ.  Осы  есігімізден енген жылан жылы жұмбағының кілтін көппен бірге біз де іздеп көрген едік.

Жылан жылы қандай түсті ұнатады?

Алдағы жылдың басты түсі – көк-жасыл болмақ.

«Көк-жасыл түс табиғатта көп­теп кездеседі. Барлық өзге түстерге қарағанда адамның көзі тап осы көк-жасыл түсті бірінші болып шалады. Сондықтан да біз 2013 жылдың басты түсі ретінде көк-жасылды таңдадық», – дейді Pantone компаниясының атқарушы директоры Леатрис Айзман.

Дәл көгілдір түстің сәнге айналуының қандай да бір мән-маңызын қазақстандық дизайнер Аида Қауменова былайша түсіндіреді:
«Көк түстің өзі халқымыздың арасында символдық мәні зор. Жалпы, аспан түстес түс тыныш­тықтың, берекенің, татулықтың, бейбітшіліктің белгісі болып табылады. Оның үстіне көк байрағымыз көгілдір түстен болғандықтан бұл түс әр отандасымыздың жанына ерекше жақын деп есептеймін» дейді.

Аксессуарлар ай талғамайды

Аксессуарлар да бұл жылы әйел әдемілігіне арналмақ. Әсіресе, жасыл, көкшіл түсті тастармен көмкерілген әшекейлер қай мез­гілде де өз орнын жоғалпайды. Әсіресе, алқызыл, қызғылт-сары, көкшіл, сарғыш-қоңыр түстер үлкен сұранысқа ие болады. 2012 жылы үлкен көзді тастар сәнге айналса, бұл жылы олардың көлемі басты назарда емес. Ең бастысы – таңдаған аксессуарыңыз үстіңіздегі киімнен арзан көрінбеуі керек. Алтын мен қоса ақ түсті жақұттар да сәнде болады. Бұларға қосымша әшекейлеріңізге әр беріп тұратын жұқа матадан бөкебай орасаңыз артық болмайды. Бөкебайдың түсі де, оған қадалған моншақтар да сіздің таңдаған сөмкеңіздің түсімен үйлескені дұрыс. Сөмке демекші, әйелдердің сөмкесіз күні жоқ екені белгілі. Былғарыдан жасалған, жылтыр матадан тігілген сөмкелер бұл жылдың басты назарында. Сондай-ақ, жылан терісі тектес қолсөмкелердің үлгілері жылдың төрт мезгілінде де сұраныста болмақ.

Шығыс нотасы бар көйлек таңдаңыз

Бұл жылы ақшасын үнемдейтін бикештер үшін қызыл көйлек тағы да сәнге оралады. Қашанда қа­жеттілікте жүретін қара көйлектер де кешкі мерекелердің мәніне айналады. Осы орайда қазақстандық модельер Ерлан Жолдасбеков 2013 жылы шығыс дәуірінің кезеңі басталады, яғни «Трендте болғыңыз келсе, шығыс нотасы бар киімді таңдаңыз» дейді.

Әйелге әсем тырнақ жарасады

Жылдың негізгі түсі ашық, жа­рық түс болғандықтан ма­кияжыңыз­дың табиғи, нәзік көрінуі өз киіміңіз бен басқа аксессуарларыңызбен үйлесіп тұруы сіздің талғамыңыздың тамашалығын аңғартады. Тырнақ күтімінде бұл жылы ұзын тырнақ сәнде болмайды. Тырнағын әсемдеу әйелге сенімділік сыйлап, өз-өзін бағалайтынын байқатады. Сондықтан биылғы жылы, классикалық үлгі мен француздық маникюр үлкен мәнге ие болып отыр. Бояу түстерін өз киіміңіздің ыңғайымен таңдау еркіңізде.

Аяқ киіміңіз көп нәрсе аңғартады

Төрт мезгілдің аяқ киім стиліне ерекше еңбек етіп, қызықты өнімдер ұсынған  Carolina Herrera, Tommy Hilfiger, Derek Lam, Prabal Gurung, Dolce&Gabbana компанияларының бұл жылда айы оңынан туады. Олардың ұсынған үлгілері жылдың басты сәніне айналды. Мерекелік кештер мен жылы ауа райына арналған аяқ киімдер де жылтыр тастар мен ашық түстердің әртүрлі қосындысынан жасалған. Жаз мезгілінде қызғылт, ақшыл, көгілдір түстер болса қыс айында сәл коңыр, сұрғылт түрлеріне ауы-сады. Аяқ киімдердің түсі жартылай жылан терісіне көшіп, қонышы қысқа етіктер сәнге келеді.

Динара Мәлікова

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + 8 =