«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сырымның сыры мен сымбаты

0 120

Қаллеки театрының көрермендері сахна шеберлері Рымкеш Омарханова, Гүлжан Әспетова, Тілектес Мейрамов, Жұмагүл Мейрамова, Жанат Чайкина, Түймехан Атымтаева, Айман Аймағамбет, Зибагүл Карина, Майра Омар, Кеңес Нұрланов, Алтынай Нөгербек, Нұркен Өтеуілов, Айнұр Бермұхамбетова ойындарына үнемі асығады. Осылардың арасында әр кейіпкері ізденіс пен күш-қуатқа толы Сырым Қашқабаев та бар.Сырым Қашқабаевтың әкесі Әбдіқадыр Қашқабаев – М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында ширек ғасыр актер болып еңбек етіп, бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінде болашақ әртістерді тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз. Ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға дарыған өнер Сырымды айналып өтпеді.
Әрине, бала кезінен М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында өскен Сырымның өнерге қадам баспауы мүмкін емес еді. Осындай игі арманмен 1995 жылы мектепті үздік аяқтаған бозбала Сырым Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының есігін айқара ашты. Сол кезде қазақ театрының майталман актрисасы Фарида Шәріпова актерлік курс қабылдап жатыр еді. Жүрегі «өнер» деп соққан Сырымды көріп, өзінің сыныбына оқуға қабылдайтынын айтады. Бірақ Сырым Рахилям Машурованың шеберханасына қабылданады.
Ж.Төленбаев, А.Қапаев, А.Керімбекова, А.Салаева, Е.Емелханов, С.Қашқабаев Р.Машуровадан білім алып, төрт жыл студенттік шақтың қызықты кезеңдерін бірге өткізген еді. Үшінші курста білім алып жүрген Сырым мен Асылбекті Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Жанат Хаджиев өзі сахналайтын Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясына Бекежан мен Төлеген рөліне бекіткен еді. Бірақ оқуды аяқтаған соң, толық штатқа театр әкімшілігі қабылдай алмайтынын айтады.
Төртінші курсты аяқтайтын сәт те жақын келеді. Үлкен өмірге қадам басуға аз қалған жас өрендердің толқыныстары ерекше еді. Әзірбайжан Мәмбетов Сырым Қашқабаевты өзі көркемдік жетекші болып тағайындалған Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрына шақырады. Бірақ аяулы Алматысын қимаған Сырым бұл ұсынысты қабылдағысы келмеді. Әкесі Әбдіқадыр аға елордаға баруын құп көріп, қолына билет алуға ақша ұстатады. Сол ақшаға достарына дастарқан жайып жұмсап қойған соң, әкесіне билет алмағанын айтады. Таңертең ұйқыдан оянғанда дәлізде екі чемодан тұрғанын көріп, өзінің Астанаға жол тартатынын түсінеді.
1999 жылдың 8 қазанда театрға қабылдау туралы бұйрық шығады. Ә.Мәмбетов Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» трагедиясын сахналап, Сырымды Бекежан рөліне бекітеді. Репетицияда Әз аға: «Нет, идиот, идиот, не так! Конференсье…» деп кіжінеді. Ашуға булыққан Сырым сахналық киімін тастай сала, сахна сыртына кетіп қалады. Сол кезде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асылболат Смағұлов Сырымды сабырға шақырып, сахнаға шығарып жібереді. Әзірбайжан Мәмбетов Сырымға қарап ақырын ғана жымиып, дайындықты жалғастырады.
Сырым Қашқабаевқа мэтр режиссердің спектакльдерінің басты кейіпкерлерін ойнау бақыты бұйырды. Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» – Қозы, М.Әуезов «Қарагөз» – Сырым, Қ.Байсейтов, Қ.Шаңғытбаев «Беу, қыздар-ай» – Серке, У.Гаджибеков «Аршын мал алан» – Сүлеймен сынды қаһармандар тізбегін сахна алаңында тудырады.
Сырым Қашқабаев театр сахнасында Ж.Мольер «Скапеннің айласы» – Карл, Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» – мәңгүрт, С.Тұрғынбеков «Мұқағали» – Жазушылар одағының хатшысы, Ж.Әлмашұлы «Бәйтерек басындағы кездесу» – Абылайхан, У.Шекспир «Ромео мен Джульетта» – Ромео, «Гамлет» – Гамлет, Саид Ахмад Файыз «Келіндер көтерілісі» – Нүктебек, Т.Ахтанов «Күшік күйеу» – Кубик, Э.Хушвақтов «Қызыл алма» – Аббас, Дж.Патрик «Қымбатты Памелла» – Брэд, М.Фриш «Дон Жуанның думаны» – Дон Жуан, Д.Рамазан «Кенесары – Күнімжан» – Кенесары, Қ.Жүнісов «Сәкен сұңқар» – Сәкен, жақында ғана премьерасы өткен Р.Мұқанованың «Бопай ханымында» Әбілқайыр хан сынды кейіпкерлер тізбегін жасайды.
Сырым Қашқабаев – ізденімпаз актер. Сахнада қай кейіпкерді болмасын актерлік техника мен ішкі психологиялық толғаныс арқылы алып шығады. Аталған сөзімізге А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген» психологиялық драмасындағы кейіпкері Висенте дәлел бола алады. Висенте – капитализм өршіп тұрған сәтте алдағы тіршілігіне нық қадам басуға ниеттеніп, заман көшінен қалмауды мақсат еткен кейіпкер. Актер ойынындағы Висентені С.Беккеттің «абсурд театрына» ұқсатамыз. Яғни сахнадағы жаңа құбылыс деп баға береміз.
2016 жылы Сергей Потапов Қаллеки театрында А.Чеховтің «Шие бағы» комедиясын сахналайды. Сырым Қашқабаев бұл қойылымда Ескенді (Епиходов) кейіптейді. Туындыдағы әрбір кейіпкер комедия жанрында көрінгенмен, әрқайсының ішкі жан дүниесінде бір-бір трагедия жатқанын ұғынамыз.
Сыр мен сымбатқа толы оның өнері қазіргі таңда талай көрерменді сүйсінтіп жүргені хақ. Өнерге келгеніне ширек ғасырдай уақыт болған Сырым Қашқабаев 2006 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанып, 2017 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын иеленді.

Бахтияр ТҰРСЫН,
жас театртанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды