«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сырттағы қандастарға қолдау

0 239

Астанада «Қасиетті Қазақ елі» атты xалықаралық өнер фестивалі өтті. Екі күнге жалғасқан фестиваль аясында жыр мүшәйрасы, терме сайысы ұйымдастырылып, қолөнершілердің үздік туындылары көрсетілді. Шараны ҚР Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Өнер фестиваліне Германия, Франция, Моңғолия, Ресей, Қытай және тағы басқа елдердегі 50-ге жуық өнерпаз қатысты.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүние жүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі қандастарымызға қолдау көр­­сететін қор құрып, қар­жы жинау керектігін тап­сырды. Көп ұзамай Пре­зидент тапсырмасымен «Отандастар» қоры өз жұмысын бастап кетті. Міне, сол тапсырманың аясында қордың ұйымдас­тыруымен алғашқы ауқымды шара өтті. Бұған қоса, Елбасы шетел қазақтарына арналған бағдарлама жасаңдар деді. Ол әзірленіп, Үкімет бекітті және оған қажетті тиісті қаржы да бөлінді. Ендігі мақсат – сырттағы қандастары­мызға қолдау танытып, олардың ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрді дамытуына жағдай жасау» деді Дүние жүзі қазақтары қауымдас­тығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.
Сонымен қатар, Зауытбек Тұрысбеков білім беру жобасы аясында қандастарымызға еліміздің көрікті және тарихи жерлерін көр­сетіп, отанға деген сү­йіспеншіліктерін арттыру бағытындағы шаралардың ұйымдастырылатынын да атап өтті.
Фестивальдің бір ерекшелігі жыр, терме және қолөнер додасына тек шеттен келген қандастар ғана түсті. Ақындардың сөз саптасына, термешілердің мақамына, қолөнершілер­дің шеберлігіне көңіл қойған қазылар алқасы тиісті шешім шығарды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды