Сырқат сағыңды сындырмасын

0 117

Адамның иммун тапшылығы вирусы туралы дұрыс әрі то­лыққанды ақпарат тарату жа­ғынан астаналық журналистер алда келе жатыр екен. Бұл жө­нінде елордадағы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығында өткен дөңгелек үстел жиынында айтылды.

– Жұртшылық АИТВ-ні өлімнің үкіміндей көретіні рас. Қоғам бұл сырқатқа қорқынышпен қарайды. Сол себепті ауру жұқтырып алғандар сырқатын жасырып жүріп, асқындырып алады. Сондықтан вирус туралы халыққа дұрыс ақпарат берудың маңызы үлкен, – дейді орталықтың бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов.
Мамандардың айтуынша, АИТВ тым жылдам таралып келеді. Мұның бірден-бір себебі, адамдардың оған немқұрайлы қарауында екен. Көпшілік вирусқа «мен бұл дерттен саумын, оның маған ешқандай қатысы жоқ» деген көзқараспен қарайды. Шынтуайтында, қазіргі таңда бұл дерттің құрығына есірткіқұмарлар мен жезөкшелер ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар да ілініп жүр. Тіпті, олардың арасында ауқаттылар да, лауазымды жұмыс атқаратындар да бар. Сондықтан АИТВ/ЖИТС туралы әркімнің қаперінде жүргені артық болмайды. «Ал вирусты жұқтырып алғандардың сағы сынбасын. Оны жұқтырған алғашқы кезеңде ауруды асқынтпай, синдромға жеткізбей ұстап тұруға болады. Ол үшін ешқандай емші-тәуіпке жүгінбей, бірден орталыққа келіп, арнайы дәрі-дәрмек қабылдау қажет» дейді мамандар.
ҚР Президентінің биылғы 15 қаң­тардағы Жарлығымен денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бекітілгені белгілі. Аталмыш бағдарламада БАҚ өкілдерін АИТВ/ЖИТС тақырыбы бойынша оқыту мәселесі атап көрсетілген. Осыны негізге ала отырып, жиын өткізген Астана қалалық ЖИТС-қа қарсы күрес орталығы журналистерге АИТВ жөнінде бірталай ақпарат берді. Орталықтың мәліметі бойынша, Астана қаласында бүгінге дейін АИТВ жұқтырған 1108 оқиға анықталған. Олардың 39 пайызы – әйелдер. Дертке шалдыққандардың 80 пайызы 20 мен 39 жас аралығындағы азаматтар екен.
Жалпы, адам денсаулығының 90 пайызы – өз қолында. Сондықтан әрбір адам салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс жүру керек. Егер өзіңізді АИТВ жұқпасына тексерткіңіз келсе, осы орталыққа барып, қан сараптамасын тапсыруға болады. Мұнда тексерілу, нәтижені алу жасырын түрде жүргізілетінін естеріңізге саламыз.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + one =