Сырқат асқынса, мүгедектікке әкеледі

0 359

Мүгедектік қалай, кімдерге тағайындалады? Мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын оңалту мәселелері қалай шешіліп жатыр? Осы сауалдар төңірегінде Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша директордың орынбасары Айткүл Омаровамен әңгімелескен едік.

Оңалтудың оңтайлы жолдары

– Айткүл Батталқызы, елорда­лық мүмкіндігі шектеулі жандар­ды­ оңалту, оларды протездік-ор­то­­педиялық құрылғылармен қам­та­масыз ету мәселелері қалай ше­шіліп жатыр?

– Мүгедек жандар мәселесі еліміз­де ескерусіз қалған емес. Мемлекет олар­­ды қамқорлығына алып, хал-қа­­дірінше көмек көрсетіп келеді. Біз­дің медициналық-әлеуметтік са­­­раптама бөлімдерінің негізгі мін­­­деттерінің бірі – мүгедектерді оңал­­­тудың жеке бағдарламасын әзір­леу. Іс-шаралар ауқымын дайындап қана қоймай, олардың орын­да­­луын қадағалап, тиімділігіне ба­­қы­лау жасап отырамыз. Осы оңал­тудың жеке бағдарламасына сәй­­кес, ҚР Үкіметі айқындаған ті­зім­ және тәртіп бойынша мүгедек жан­дар протездік-ортопедиялық кө­мекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құрылғылармен те­гін қамтамасыз етіледі.

Мүгедектіктің алдын алу біз үшін маңызды. Осы мақсатта Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасымен, оған қарасты медициналық мекемелермен қоян-қолтық араласып, бірлесе жұмыс атқарамыз. Айталық, мүгедектікке әкеліп соғатын ауруларды дер кезінде анықтап, уақытылы емдеу, жұртшылықты скринингтен, басқа да профилақтикалық тексеруден өткізу шараларын жүргізуге себепкер болып, ұсынымдар әзірлейміз. Бірақ, адам денсаулығы – алдымен өзінің қолында. Әр азамат денсаулығына дер кезінде ден қойып, уақытылы дәрігерге көрінгені ләзім. Өкінішке қарай, көпшілігі ауруы асқынып, жанына батқаннан кейін ғана келеді. Сырқаттардың көпшілігі асқынса, мүгедектікке әкеледі. Қазіргі таңда мүгедектікке әкелетін аурулардың ішінде бірінші тұрғаны – жүрек-қан тамырлары жүйесінің сырқаттары. Бұл аурудың алдын алуға әбден бо­­лады. Мысалы, қазір жүрек-қан ау­­­ру­ларын, қандағы холестерин дең­­­гейінің белгілерін анықтайтын скри­­нингтік тексерулер кез кел­­­ген ем­­ханада жүргізіліп жатыр. Бірақ оған өздігінен келіп, ден­сау­лы­ғым­ды тексертіп алайын-ау деп бел­­­сенді жүрген адамды көрмейсіз.

Мүгедектікті тағайындаудың да тәртібі бар

– Ал енді мүгедектік қалай та­ға­йын­далатыны, оларды І, ІІ, ІІІ топ­қа жіктелудегі ерекшелігі жө­нінде айтып берсеңіз?

– Мүгедектік адамның денсау­лы­­ғына, еңбек қабілетінен айрылу дә­­режесіне қарай тағайындалады. «Мү­гедектерді әлеуметтік қор­ғау­ ту­ралы» ҚР Заңын іске асы­ру мақ­сатындағы Үкіметтің «Меди­­ци­на­лық-әлеуметтік сараптама жүр­гізу ережесі туралы» арнайы қау­лысы бар. Осы заңдық құжатта адам­ды мүгедек деп тану үшін мына­дай бірнеше міндетті шарттардың бір­ мезгілде болуы негіздеме болып табылатыны айтылған: организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулықтың бұзыл­уы; тіршілік-тынысының шектелуі және әлеуметтік қорғау шараларын жү­зеге асыру қажеттігі.

Ал I, II, III топты белгілеу үшін адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, жүріп-тұру қабілеті, еңбек қызметіне, оқуға қабілеттілігі, айналасын бағдарлай білу және өзінің мінез-құлқын бақылау қабілеттері сарапқа салынады. Бұлардың өзі тұрақты, едәуір, айқын деген үш өлшем бойынша айқындалады. Мүгедектіктің үш тобы да осыған байланысты.
Қандай да бір ауру немесе тұр­­мыстық, апаттық жарақат се­бептерінен адам ағзасы сыр бе­ріп, емдеу-оңалту шараларынан еш­қандай жақсарғандық нышан бай­қалмаса, онда уақытша еңбекке жа­рамсыз болған адамдарды жер­гі­лік­ті емдеуші мекеме кемінде төр­т ай­дан кейін жолдамамен бізге, МӘС-ке жібереді.

– Кейде науқас адам бар құжат­та­рын арқалап, мүгедек­тік­ті та­ға­йындатуға сіздерге келгенде, ме­дициналық-әлеуметтік сарапта­ма мамандары мүгедектікті таға­йын­дау­дан бас тартатын жағдайлар да кез­десіп жатады…

– Иә, мүгедектік тағайындау негізсіз деп танылатын жағдай­лар кездесетіні рас. МӘС маман­да­ры­ның науқас туралы қажетті мәлі­меттер алатын негізгі құжаты – 088/у нысандағы анықтама қағаз. Осын­дай жолдамасы бар екен деп, науқас­тарға бірден мүгедектік та­ғайын­дай бермейміз ғой. Мүге­дек­тікті тағайындаудың да заң жү­зінде белгіленген өзіндік тәртібі мен ережесі бар. Науқастарды біздің сараптама дәрігерлері көреді, тексереді. Медициналық мекемелердің мүгедектікке жолдамасы расталса, онда ешкімнің де құқығы бұзылмайды. Ал егер сарапшы-дәрігерлер мүгедектікті тағайындауды негізсіз деп тапса, онда бас тартады. Бұл шешім кейде дау-дамайға негіз болып жатады. Осындай мәселені болдырмас үшін МӘС мамандары медициналық мекемелер дәрігерлерімен бірлескен мәжіліс, түрлі семинар-кеңестер өткізіп тұрады. Айына бір рет емханаларға барып, мүгедектікке ұсынылған науқастарды қабылдауды да дәстүрге айналдырған.

Қайта — куәландыру өздеріне тиімді

– Мүгедектік қанша мерзімге беріледі? Кейбіреулер мүге­дек­­­ті­гін алу үшін меди­ци­на­лық-әлеу­мет­тік сараптама бөлім­де­рі­не жыл сайын келіп, әуреге түсіп жа­тады…

– Мүгедектік мерзімі мен еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі куәландырылатын адамның оңалту әлеуетіне байланысты. Он алты жасқа дейінгі балаларға мүгедектікті тағайындау алты айға, бір-екі жылға, бес жылға және 16 жасқа толғанға дейін беріледі. Он алты жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға алты айға, бір жылға, кейде кәмелеттік жасқа толғанға дейін белгіленеді. Ал қайта куәландіру мерзімінсіз берілетін мүгедектік 18 жастан асқан адамдарға, қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктері бар, организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістер мен бұзылулары болған кезде, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз және мүгедектік тобы тұрақты болған кезде беріледі. Оның да өзіндік мерзімі бар. Атап айтқанда, І топтағы мүгедектікті кемінде төрт жыл, ІІ және ІІІ топтағы мүгедекті кемінде алты жылға динамикалық қадағалаудан кейін, оңалту болжамы қолайсыз болған кезде белгіленеді. Жыл сайын мүгедектігін қайта куәландыру бұл – науқас жандардың өздеріне де тиімді. Олар дәрігерлік тек­се­ру­лердің бәрінен өтіп, ден­сау­лы­ғы туралы толыққанды мәлімет ала алады. Әйтпесе, емханаға уақытылы қа­ралмай, ауруын асқынтып алуы әбден мүмкін.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 3 =