©2020 Астана Ақшамы
Сырқат асқынса, мүгедектікке әкеледі
Мүгедектік қалай, кімдерге тағайындалады? Мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын оңалту мәселелері қалай шешіліп жатыр? Осы сауалдар төңірегінде Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері бойынша директордың орынбасары Айткүл Омаровамен әңгімелескен едік.
Оңалтудың оңтайлы жолдары
– Айткүл Батталқызы, елордалық мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту, оларды протездік-ортопедиялық құрылғылармен қамтамасыз ету мәселелері қалай шешіліп жатыр?
– Мүгедек жандар мәселесі елімізде ескерусіз қалған емес. Мемлекет оларды қамқорлығына алып, хал-қадірінше көмек көрсетіп келеді. Біздің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінің негізгі міндеттерінің бірі – мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу. Іс-шаралар ауқымын дайындап қана қоймай, олардың орындалуын қадағалап, тиімділігіне бақылау жасап отырамыз. Осы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, ҚР Үкіметі айқындаған тізім және тәртіп бойынша мүгедек жандар протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құрылғылармен тегін қамтамасыз етіледі.
Мүгедектіктің алдын алу біз үшін маңызды. Осы мақсатта Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасымен, оған қарасты медициналық мекемелермен қоян-қолтық араласып, бірлесе жұмыс атқарамыз. Айталық, мүгедектікке әкеліп соғатын ауруларды дер кезінде анықтап, уақытылы емдеу, жұртшылықты скринингтен, басқа да профилақтикалық тексеруден өткізу шараларын жүргізуге себепкер болып, ұсынымдар әзірлейміз. Бірақ, адам денсаулығы – алдымен өзінің қолында. Әр азамат денсаулығына дер кезінде ден қойып, уақытылы дәрігерге көрінгені ләзім. Өкінішке қарай, көпшілігі ауруы асқынып, жанына батқаннан кейін ғана келеді. Сырқаттардың көпшілігі асқынса, мүгедектікке әкеледі. Қазіргі таңда мүгедектікке әкелетін аурулардың ішінде бірінші тұрғаны – жүрек-қан тамырлары жүйесінің сырқаттары. Бұл аурудың алдын алуға әбден болады. Мысалы, қазір жүрек-қан ауруларын, қандағы холестерин деңгейінің белгілерін анықтайтын скринингтік тексерулер кез келген емханада жүргізіліп жатыр. Бірақ оған өздігінен келіп, денсаулығымды тексертіп алайын-ау деп белсенді жүрген адамды көрмейсіз.
Мүгедектікті тағайындаудың да тәртібі бар
– Ал енді мүгедектік қалай тағайындалатыны, оларды І, ІІ, ІІІ топқа жіктелудегі ерекшелігі жөнінде айтып берсеңіз?
– Мүгедектік адамның денсаулығына, еңбек қабілетінен айрылу дәрежесіне қарай тағайындалады. «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңын іске асыру мақсатындағы Үкіметтің «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі туралы» арнайы қаулысы бар. Осы заңдық құжатта адамды мүгедек деп тану үшін мынадай бірнеше міндетті шарттардың бір мезгілде болуы негіздеме болып табылатыны айтылған: организм функцияларының тұрақты бұзылуынан денсаулықтың бұзылуы; тіршілік-тынысының шектелуі және әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттігі.
Ал I, II, III топты белгілеу үшін адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, жүріп-тұру қабілеті, еңбек қызметіне, оқуға қабілеттілігі, айналасын бағдарлай білу және өзінің мінез-құлқын бақылау қабілеттері сарапқа салынады. Бұлардың өзі тұрақты, едәуір, айқын деген үш өлшем бойынша айқындалады. Мүгедектіктің үш тобы да осыған байланысты.
Қандай да бір ауру немесе тұрмыстық, апаттық жарақат себептерінен адам ағзасы сыр беріп, емдеу-оңалту шараларынан ешқандай жақсарғандық нышан байқалмаса, онда уақытша еңбекке жарамсыз болған адамдарды жергілікті емдеуші мекеме кемінде төрт айдан кейін жолдамамен бізге, МӘС-ке жібереді.
– Кейде науқас адам бар құжаттарын арқалап, мүгедектікті тағайындатуға сіздерге келгенде, медициналық-әлеуметтік сараптама мамандары мүгедектікті тағайындаудан бас тартатын жағдайлар да кездесіп жатады…
– Иә, мүгедектік тағайындау негізсіз деп танылатын жағдайлар кездесетіні рас. МӘС мамандарының науқас туралы қажетті мәліметтер алатын негізгі құжаты – 088/у нысандағы анықтама қағаз. Осындай жолдамасы бар екен деп, науқастарға бірден мүгедектік тағайындай бермейміз ғой. Мүгедектікті тағайындаудың да заң жүзінде белгіленген өзіндік тәртібі мен ережесі бар. Науқастарды біздің сараптама дәрігерлері көреді, тексереді. Медициналық мекемелердің мүгедектікке жолдамасы расталса, онда ешкімнің де құқығы бұзылмайды. Ал егер сарапшы-дәрігерлер мүгедектікті тағайындауды негізсіз деп тапса, онда бас тартады. Бұл шешім кейде дау-дамайға негіз болып жатады. Осындай мәселені болдырмас үшін МӘС мамандары медициналық мекемелер дәрігерлерімен бірлескен мәжіліс, түрлі семинар-кеңестер өткізіп тұрады. Айына бір рет емханаларға барып, мүгедектікке ұсынылған науқастарды қабылдауды да дәстүрге айналдырған.
Қайта — куәландыру өздеріне тиімді
– Мүгедектік қанша мерзімге беріледі? Кейбіреулер мүгедектігін алу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне жыл сайын келіп, әуреге түсіп жатады…
– Мүгедектік мерзімі мен еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі куәландырылатын адамның оңалту әлеуетіне байланысты. Он алты жасқа дейінгі балаларға мүгедектікті тағайындау алты айға, бір-екі жылға, бес жылға және 16 жасқа толғанға дейін беріледі. Он алты жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға алты айға, бір жылға, кейде кәмелеттік жасқа толғанға дейін белгіленеді. Ал қайта куәландіру мерзімінсіз берілетін мүгедектік 18 жастан асқан адамдарға, қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктері бар, организм функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістер мен бұзылулары болған кезде, жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз және мүгедектік тобы тұрақты болған кезде беріледі. Оның да өзіндік мерзімі бар. Атап айтқанда, І топтағы мүгедектікті кемінде төрт жыл, ІІ және ІІІ топтағы мүгедекті кемінде алты жылға динамикалық қадағалаудан кейін, оңалту болжамы қолайсыз болған кезде белгіленеді. Жыл сайын мүгедектігін қайта куәландыру бұл – науқас жандардың өздеріне де тиімді. Олар дәрігерлік тексерулердің бәрінен өтіп, денсаулығы туралы толыққанды мәлімет ала алады. Әйтпесе, емханаға уақытылы қаралмай, ауруын асқынтып алуы әбден мүмкін.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ