СЫРЛЫ СӨЗБЕН СУРЕТ САЛҒАН

0 881

Зейнолла Қабдолов туралы толғаныс

Әдебиет әлемінде қалдырған айшықты іздерімен ерекшеленген, атақтары ғылымның шырқау шыңына самғап шыққан, жоғары оқу орындарында ұстаздық ұла­ғатты мектептері қалыптасқан әмбебап тұлғалар кімдер? Алқалы басқосуларда, қызықты сауық-сайрандарда, білік сайыстырғанда сахна төрлерінен осындай сұ­рақ қойыла қалса, оған жауап берушілердің қиналмасы хақ. Олар іркілместен екі арысты – алды­мен Мұхтар Әуезовтің, оған жалғас Зейнолла Қабдоловтың аты-жөндерін атары анық. Неге олай? Неге ұлы Мұхтарға ілесе Зейнолланың аты аталады? Сөз жоқ, бұл – көп қырлы Зейнолланың сан салалы еңбегін риясыз мойын­дағандық. Бір басқа жетіп артылатын жазушылыққа, ғалымдыққа, ұстаздыққа қоса қайраткерлігі және бар. «Адамзаттың Айтматовы» дегенмен пара-пар көзі тірісінде «Қазақтың Қабдоловы» атанған бірегей. Өзінің сүйікті сөзі­мен өрнектесек, бүтін бітім. Шын мәніндегі әмбебап тұлға! Сол әмбебап қаламгер публицис­тика дүниесіне қалай қарады екен? Ақиқаттың ауылынан қияс кетуге болмайтын жанрлар шоғырының бастарын тоғыс­тыратын публицистикадағы із, жолы қандай? Оған жауап – Зейнолла Қабдоловтың очерктері мен эсселері, шалқымалары мен толғаныстары жинақталған кітаптары – «Адам», «Сыр», «Жебе», «Арна», «Көзқарас». Бір ғажабы, оларға зер салып үңілгенде, таңданасың, тамсанасың, тұшынасың, ойланасың. Демек, жаман болмағаны… Жоқ, «жаман болмағаны» деп әншейін бағалай салғанымыз тіптен жетімсіз. Керемет деген теңеу лайықты.

Сұлу сөздің шебер өрнегін кес­телеген Зейнолла Қабдоловтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, кітап жазған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік уни­верситетінің профессоры, фило­логия ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар Ода­ғының мүшесі Қадыр Жүсіп оның публицистикалық туындыларын негізінен екі жанр – очерк пен эссе-толғаныс төңірегінде топтастырғанды құптайды. Өткен ғасырлардың елуінші жылдарының орта шенінен бастап, жетпісінші жылдардың бастапқы бөлігіне шейін тоқтаусыз қалам тербе­ген, араға үзіліс салып барып кешегі тоқсаныншы жылдарда қайта төкпектеткен Зейнағаң басқа көлемді ғылыми және әдеби шығармаларымен бірге осы қос жанрды жанына серік ете отырып, дүниеге толымды туындылар әкелді. «Ердің ері», «Дала ғаламаты», «Қарқара көріністері», «Жамал», «Вена күнделігі» және басқа да очерктеріндегі табиғатты суреттеу шеберлігі, кейіпкерлерінің бейнелерін сомдауы, ішкі әлемдеріне үңілуі, шиеленісті оқиғалар, характерлер қақтығыстары, өмірдің өзекті мәселелерін қозғауы… бәрі, бәрі үйлесімді?! Әуелі «Жамал» очеркіндегі публицистикалық иірімдерге назар салып қараңызшы! Мұнайшы әйелдің басынан не өтпеген?! Күйеуі майданға кетіп оралмаған жесір келіншектің жан күйзелісі, бауырында қалған сәбилерін адам ету жолындағы ерлік істері, еңбек зейнеті, «қара алтын» өндірушілер тіршілігі бір-бірімен сабақтастырылып, тартымды жазыл­ғандықтан, оқырманын оқуға еріксіз жетелейді. Осы очеркті кейде эсселер қатарына қосып жүрміз. Оған келісуге болмайды. Әділіне жүгінгенде, онда көркем очеркке тән тартыс, толғаныс, тебіреніс, кейіпкер кейпі, қоршаған орта көрінісі бар. Демек, ол – эссе емес, кәдімгі очерк.

Сөз зергері Зейнолла Қабдолов өзінің «Орақ үстінде» деген очеркін қаламдас досы, қазақтың іргелі жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірігіп жазып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Петр Филиппенконың пар­тия­лық қызметті өндіріспен орайлы ұштастыра білуі, шебер ұйым­дастырушылық қабілеті жөнінде жатымды жеткізе алған. Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап кеңестік баспасөз беттерінде партиялық басшылықтың орта буынындағылардың іс-әрекеттерін, күнгейлері мен көлеңкелі жақтарын очерктер арқылы көрсетіп отыру дәстүрге айналды. Орыстың атақты публицисі Валентин Овечкиннің «Аудан тіршілігі» деген очерк­тер топтамасы одақтық «Правда» газетінің, одан кейін қазақ қаламгері Әзілхан Нұршайықовтың «Алыстағы ауданда» атты очеркі республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің қатарынан бірнеше нөмірінде жарық көрді. Екеуінің де бас кейіпкерлері – аудан партия ұйымдарының басқару тетігін ұстағандар. Зейнолла Қабдолов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтер де «Орақ үстінде» очеркінде сол үрдісті жалғастырып отыр. Бірақ, композициялық құрылым кірпіш­терін қалағанда, сюжеттік желі тарт­қанда алдыңғы сүрлеуге түспей, өзіндік стиль, тың жол таңдапты. Ілкіде мінезін кісі түсінуі қиын болып көрінген Петр Филиппенко ұғыныса келе басқаша қырынан танылады. Нағыз істің адамы, айтуы да, қайтуы да шапшаң, жылы жүректі азамат, талап қойғыш басшы. Очеркте жақсылықтармен қоса қылаң беретін олқылықтар да, оралымсыздықтар да орны-орнымен көрсетіледі. Бәрі бірыңғай мадақтау емес, шынайы. Тек әттең-ай дегізетін нәрсе – очерк­тің тақырыбының кезекті бір корреспонденциянікі сияқты «Орақ үстінде» деп тым жадағай аталуы. Тақырып «мен мұндалап» жайнап, жасанып тұрса, қандай жақсы болар еді?! Оған көкіректері кестелі сөздің кенішіне айналған екеуінің де құдіреттері жететін жазушы-публицистер. Әлде очерктің тақырыбын ішкі мазмұнымен үндестіремін деп редакция жасаған өзгеріс болар ма? Әйтеуір, бір гәп бар сыңайлы. Әйтпесе, Зейнағаң «Шоқ шашқан шабыт», «Ғұлама», «Қазық», «Мықшеге»… сынды әдемі де әсерлі тақырыптарымен жүректерді жаулап алған сындарлы суреткер ғой.

Қазақтың арқалы ақыны Ілияс Жансүгіровтің: «Очерк – әдебиеттің ең бір керекті түрі. Қазіргі өмір қарқынына, құрылыс қарқынына күнбе-күнгі сәйкес әдебиет түрі – очерк. Өткір қалам, екпінді стиль, дәл сурет, көпшілікті тез ұйыстырушы осы очерк» деген қағидасы бүгін де мән-мағынасын жойған жоқ. Бұл тұрғыда Зейнолла Қабдолов – өз ісіне адал болған, талай очерктер туындатқан қарымды қаламгер. Өкінішке қарай, очерк жанрын кешенді зерттеген ғалым-очеркист Төлеубай Ыдырысов «Кей журналистер бірер диалог, бірер таби­ғат суреті араласса, «бұл очерк» дейтінді шығарды. Сөйтіп, кәдімгі қарадүрсін корреспонденциялардың, мақалалардың талайы «очерк» деген атпен жарық көріп жүр» деп алаңдағанындай жағымсыз жағдай әлі жалғасып келеді. Сайып келгенде, бұл очерк жанрының беделін түсіріп, бағытын басқа арнаға бұрып жібере ме деген қауіп туғызады. Зейнолла Қабдолов мұндай жөнсіздіктерге түбірінен қарсы. Өзі очерк жазудың озық үлгілерін көрсетті, өзгеден де соны талап етті.

Көркем публицистикалық жанрлар тобына жататын эссенің де табиғатын, болмысын бір кісідей түсініп, өнікті қалам тербеген санау­лы жазушылардың бірі – Зейнолла Қабдолов. Арғы жағындағы орыс эссеистері Александр Герценді, Федор Достаевскийді, Анатолий Луначарскийді, Илья Эренбургті, Юрий Олещаны, Константин Паустовскийді айтпағанда, бергі жағындағы қазақ әдебиетінде, публицистикасында эссе жанрын қалыптастырған Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қатарлас Зейнолла Қабдолов та оған белсенді түрде араласып, қайта-қайта оралып отырды. Жазған эсселері бірінен-бірі өткен көркем, әдемі, өрнекті. Ол қанша қайталанбас тұлғалардың шынайы бейнесін жасады, кескін-келбетін, өткен шағын және бүгінін қағазға түсірді. Енді оларды бүгін де оқисың, ертең де оқисың, келер ғасырларда да оқиды. «Ғұлама», «Тұлға», «Қазық», «Феномен», «Мезгіл мен мектеп», «Ойшыл туралы ой», «Селең мен өлең», «Арыстан еді-ау Исатай», «Ұстаз», «Мықшеге», «Өзегі толы ақжалын»… тағы басқалар болып созыла береді. Атаулары қандай нақты, тұжырымды, келісті?! Сатира мен юмордың еңсесін биіктеткен қаламдасы хақындағы шап-шағын «Садықбектің күлкісінің» өзі қандай әсерлі?! Мұхтар Әуезов, Салық Зиманов, Халел Досмұхамедов, Исатай Тайманов, Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Әбу Сәрсенбаев, Евней Букетов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, Сәбит Мұқанов, Хамза Санбаев, Темірбек Қожакеев және басқалар, міне, Зейнағаң хаттап жазып, есімдерін мәңгілікке қалдырған қазақтың маңдайына біткен жақсылары мен жайсаңдары осылар. Осынша көп-ақ. Оқисың да, әрбіреуін танып, білесің. Қаламгерге рахмет айтасың. Болашақ ұрпақ та осылайша алғыс жаудыратын болады.

Осылардың қай-қайсысын да Зейнолла Қабдолов тебіреніп, толғанып, үлкен шабыт үстінде жазған. Бір жазғанын сан рет қарап, иін қандырған. Қаламгер, ғалым Зейнолла Қабдоловтың өзі айтқандай, «Шегірен былғарыны» Бальзак бастан-аяқ қайта жазғандай тоғыз рет адам танығысыз өзгеріске ұшыратса, Гогольдің «Ревизорды» бес рет, Флюбердің «Иродиадасын» он рет, Горькийдің «Анасын» алты рет түбегейлі өзгертіп, жетілдірген үстіне жетілдіргеніндей, ол очерктері мен эсселерін, шалқымалары мен толғаныстарын үнемі жетілдіріп, оқырманмен қауышқанша тыным таптырмаған. Мерзімді басылымдарда жарық көрген публи­цистикалық шығармаларын кітап­тарға бастырарда тағы қайта қарап, әлде де пісіре түскен. Бұл – оның өз шығармашылығына аса зор жауапкершілікпен қарағандығының көрінісі. Бір ғана «Феноменді» алайық. Бастапқыда ол жергілікті басылымдарда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылған «Алты Алаштың мақтанышы» атты кітапта жарияланды. Ғұлама ғалым, ағартушы педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедов жайындағы эссе. Сирек бітімді тұлға туралы көсіле жазған. Халқымыздың Ояну дәуірі туғызған алыптар тобындағы оның еңбектерін нақты мысалдармен алдымызға жайып салады. Тіпті, «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты еңбегіне «Бұл қазақ тілінің конституциясы, яки негізгі заңы туралы зерттеу» деген аса жоғары баға береді. Осы тамаша эссені «Көзқарас» деген кітабына ұсынарда тағы да електен өткізген. «Бұл ғажайып құбылыс…» деп басталатын азат жолдағы сөйлемге жаңадан сөз қосқан, түзетулер енгізген. Одан кейінгі азат жолда тағы өзгеріс…Алып тастаған тұтас сөйлемдер бар. «Халекең» дегенді «Халағаңға» аударыпты. Тіл туралы толғана отырып, ақын Сағи Жиенбаевтың «Ана тілім» деген өлеңін кіргізетін жері бар емес пе, соның соңында: «Біздің ана тіліміз туралы мұндай ғажайып өлең бұған дейін жазылған жоқ, бұдан былай да Сағи тіріліп келмесе, ешкімнің қолынан келмейді» деген тұжырымы бар еді. Оқығанда ойланып қалғанбыз. Жасыратын несі бар, «Ойпырым-ай, «ешкімнің қолынан келмейді» деп тұқыртып тастағаны қалай болғаны?» дегендей ойқаныста қалғанбыз. Оқыр­манының ойын сезгендей эссені «Көзқарас» атты кітабына кіргізгенде «…бұдан былай да Сағи тіріліп келмесе, ешкімнің қолынан келмейді» дегенді алып тастағанды жөн санапты. Дұрыс-ақ.

Зейнолла Қабдоловтың шоқтығы биік, сыршыл публицистикалық дүниелерінің бірі «Ерлік пен елдіктің өшпес рухы» – Махамбет ақынның 200 жылдығымен тұспа-тұс туындаған, бір өзі бір романға татырлық шағын шығарма. Оқып отырып айызың қанады, жаның жадырайды, рахат сезімге кенелесің. Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Жарықтық қазақ тілі оның (Зейнолла Қабдоловтың – Т.Ж.) көмейіне жақұттай болып, жарқылдай төгіл­ген­де, ең бір топас құлақтарды да елеңдетіп, топас көкіректерді жар­қырап таң атқандай жайнатар еді-ау» дегеніндей, оны оқып отырып бей-жай қалу мүмкін емес. Әр жолын, әр бетін оқыған сайын сүйсінесің. Күрсінетін жерінде күрсінесің.

Бастауы қалай? Тіпті, бөлек!

«Махамбет!»

Бір өзі бір жолды еншілеп, леп белгісі қойылған бір сөз ойлантып тастайды. Артында батпан салмақ жатқанын сезінтеді. Зейнағаңнан басқамыз «Қазақтың дауылпаз ақыны, бірегей батыры Махамбет Өтемісов» деп бастап, әрі қарай шұбатып кетер ме едік. Жоқ, сөз зергері Зейнағаң олай ете алмаған. Жаңағы бір сөзге үлкен мағына арқалатып барып, тыныстап алып, ал келіп шалқиды.

«Бұл есім – өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты ат. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бірде-бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды.

«Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай»…
Немесе;
«Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттап шыққан шұбар күн,
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн»… дей бастасаңыз болғаны, алдымен мейірімін төгеді, содан соң мерейленіп кетеді.»

Ғажайып! Бәрі түсінікті. Бұрын бар, күнде айтылып жүрген өлең. Бірақ, Зейнағаңның түсіндіріп, талдауында тіпті басқаша, әсерлі шыққан емес пе?!

Махамбет өлеңінің құдіреті де, Махамбет батырлығының еректігі де, Исатай батырмен үзеңгілестігі де, Жәңгірмен ара қатынасы да тайға басқандай айтылып, әлгінде Әбіш Кекілбайұлы құлаққа құйғандай, «ең бір топас құлақтарды да елеңдетеді». Бәрін орны-орнына қойып берген. Көтерген жүгі ауыр.

Зейнағаң «Махамбет өлеңі – қазақтың сөзінің қайталанбас құдіреті, – деп зердемізге құяды, – әр буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр, асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан.»

Осыдан кейін Махамбет шығарма­шылығы туралы бұрын ешкім тап осылай жеріне жеткізе айта алмаған үш сөйлем алдан шығады. Ұзақ та болса оны мысалға келтірмей аттап өту – күнә. Ойы да, құрылымы да, тілі де бір-бірімен ажырамастай жымдасып тұрған, шебер соғылған, артық ештеңесі жоқ. Оқып көріңіз.

«Ақын болу – бір басқа, ал оның үстіне батыр болу ше? Және де, ақын – ақын, батыр – батыр қалпында бөлек тұрып қалмай, ақындық пен батырлық бір тұлғаның табиғатында ару әйелдің әдемі бұрымындай өріліп, баяғы бабалар дәуірінен бермен қарай тек қана азаттық аңсаған асыл ерлердің азап пен қорлыққа қарсы ашулы дойырына айналса… – о, бұл енді әр ғасырда бір кездесетін аса си­рек құбылыс. Осыдан келіп өмірдің өнерге, яки, өнердің өмірге айналуы секілді ғажайып «жұмбақ» процесс туады да, оны туғызған уақыт пен кеңістікке амалсыз жүгінеміз».

Өте орынды айтылған. Әрі ақын, әрі батыр болу тарихта тіпті сирек, жоққа тән. Соны сыршыл, шын­шыл қаламгер батыл айтып отыр. Айтқанда қалай айтқан? Құд­ды құйылған құрыштай. Зейнолла Қабдоловтың өз сөзімен өзін мақтасаң «Сымға тартқан күмістей. Сырлы да сиқырлы тіл. Мұндағы сөз – жай сөз емес, сөзбен салынған сурет».

Әрине, шебер суреттеу, тапқыр теңеу азын-шоғын емес, осы шағын шығарманың әр сөйлемін оқыған сайын алдыңнан қарсы жолығады. Бір ғажабы, Зейнағаң айтарын төгіліп тұрып, маржандай тізілтіп, сөз құдіретінің небір сиқырын қолданып тұрып айтатын сөз ұстасы.

Бұл шығарма – Махамбеттану ғылымына қосылған жаңа тарау. Тарау болғанда бірегейі. Әйтпегенде ше, Махамбет пен Жәңгірдің ара жігін, ерекшеліктерін тап осы Зейнолла Қабдоловтай ешкім ашып бере алған жоқ. Зейнағаң былай дейді:

«… Исатай батыр да, Махамбет ақын дейік, ал енді осылар алысып жүрген хан Жәңгір кім?!
Өзі қазақ; солай бола тұра, қазақтың ақи-тақи ымыраға келмес жауы ма сол Жәңгір?!»

Өзіңе сұрақ тастайды. Тағы да ойлантады. Сөйтіп алады да, әрі қарай ой-й шалқиды келіп, небір мысал­дар мен дәйектерді алға тартады. Ерік­сіз бас изей берсің. Иланасың, құптайсың.

– Жоқ, – деп бір қайырып тастайды Зейнолла Қабдолов, – қалай болғанда да қазақтың жаны, орыстың генералы Жәңгір Бөкеев – өз заманының үлкен қайраткері.
Бұдан әрі осы айтқанын дәлелдеп шығады.

Зейнағаң ертең мен бүгінді бір-бірінен алалап, бөліп тастамай, салыстыра баян етеді. Тіл, стиль, тақы­рып және идея да бір-бірімен ажырамастай жымдасып кеткен. Міне, шеберлік қайда жатыр?! Мына сөйлемдерге назар аударайық:

«Бүгінде, құдайға шүкір, заман – біздікі! Дәуір де өзіміздікі! Ғасыр да біздің игілік ғасырымыз болуға тиіс. Міне, он жыл, Қазақстан – егемен ел, өз еркі өзіндегі азат, өз алдына дербес мемлекет».

Немесе;
«Аспан астында, жер үстінде өмір бар да өнер бар. Өмір өнерге көшкенде ғана – өмір, әйтпесе, ол – бүгін бар, ертең жоқ уақытша пенде секілді өткінші. Заман да солай. Ал, өмір – мәңгілік!

«Қоғалы көлдер, құм, сулар
Кімдерге қоныс болмаған.
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сайғақ болмаған.
Басына жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған…» дейді Махамбет. Пайғамбардың сөзі! Сон­дықтан да Махамбет құдай берген талантының арқасында аз ғұмырында өзі басынан кешкен өмірді өнерге көшірген де өлеңге айналдырып, ұрпақтан-ұрпаққа – тірі рухтың бәріне – бәрімізге түгел жаттатып кеткен».
Шын мәнінде, Зейнолла Қабдолов­тың өзі де – тәңіріңдей табынарлық тұлға. Махамбет туралы кесек пікір, ғажайып қорытынды жасап, келер ұрпақ еншісіне қалдыруы кімді болса да, өзіне тәу еткізеді.

Оның өзі Махамбеттің өз бейнесі мен Исатайдың бейнесін қалай жасап кеткеніне кереметтей тамсанады. «Садағына сары жебені сал­дырған… деп басталып «Бұл фәнидің жүзінде арыстан одан кім өткен?!» деген өлеңін мысалға келтіріп, демін ішіне тартып «Паһ! Осыдан артық батырдың бейнесін жасау мүмкін бе?» деп сұрақты пішінмен айналасына сынай көз тастайтындай!

Өмірде «Махамбет махаббат тақырыбын, әйел тақырыбын неге жырламаған?» деген сұрақ алды­мызға жиі көлденең тасталады. Оған да Зейнағаң қатырып жауап береді. «Әдебиеттің бір үзілмес тарқауы махаббат деген мәңгілік тақырып бар, оны жырлауға Махамбеттің мұршасы болмады. Бұған келгенде қолына ұстағаны қалам емес, найза – қалай жырласын!». Өте орнықты, бұлтартпас тоқтам. Осыны оқып, тоқыған адам әлгідей сұрақты енді қоймас болар!

Зейнолла Қабдолов – артында адамзат баласы айтып жүретін талай нақыл сөз, дана пайымдаулар қалдырған дана. Солардың бірі – «Мүсірепов туралы сөз» эссесіндегі «Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақ­тану керек» дегені не деген тапқыр­лық­пен айтылған қанатты сөз. Неме­се «Әдебиет – ардың ісі» дегені қол­­мен қойылғандай емес пе? Ал «Тәуелсіздік толғауы» шал­қы­­масында өрімін тапқан елдің абыройын асқақтатарлық парасатты пайымдауларындағы екпін, серпін қандай айбынды, айдынды. Елбасының «Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер» деген сөзін эпиграф етіп алады. Оқыған адамды елең еткізеді. Тек бір ғана 2001 жыл туралы шал­қып, көп нәрсені қамтиды, өткен мен кеткенді, жеткен мен сепкенді тәуелсіздікпен тығыз ұштастыра толғайды. Тәуелсіздігімізді жария­лап, егемендігімізді паш етіп, тұңғыш Президентімізді тұғырына қондыру, Ата Заң – Конституциямызды қабылдау, астанамызды ел кіндігі – Ақмолаға көшіру, шекарамыз­ды мықтау, төл теңгемізді енгізу… осының бәрін бір жыл туралы тебірене келіп қаламына орайын тауып, әдемі іліктіреді, тәуелсіздік әкелген жақсылықтарды жария етеді, күллі оқырманға тілінің майын тамыза отырып, жадына береді.

«Қазақ тілінің қазақ еліндегі мемлекеттік тілге айналуы; о заманда бұ заман» өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырып» жазықсыз жазаланған арыстарымыздың атын ардақтап, рухын биіктету; даналарымызды дәріптеп, тарихымызды түгендеу, – деп тізбелеп айта келіп, – осылардың бәрі егемендіктің ерек­ше мазмұны мен мағынасы, тәуелсіздіктің тәңір берген қазына-байлықтары» деп қорытынды ойын айтады.

Зейнолла Қабдолов «Сөз жоқ, толғаудың тақырыбы бір-ақ (2001) жыл. Бұл жылдың басынан аяғына дейін қандай іргелі оқиғалар, күр­делі құбылыстар болады? Бір жағы­нан бұларды хронологиялық ретпен тізіп шығу міндет секілді. Бірақ, біз олай етпедік. Бұлай ету толғанысқа апармайды» деп айтқанындай, «Тәуелсіздік толғауы» шалқымасында оның аясын тарылтпай кеңінен толғайды, басқаша емес, Зейнолла Қабдоловша тебіреніп, тол­ғайды. Ол – сонысымен шалқыма. Тегінде бұл – тәуелсіздіктің не екенін, оның бізге не беретінін татаусыз айтып берген бірегей шығармалардың бірі, дәуір үні.

Демек, жазушы шығармашылығын көзінің тірісінде зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің тілімен айтсақ, «Зейнолла Қабдолов эссе­лері – өз алдына бір белес, бір мектеп». Бұл пікір оның басқа да публицистикалық жанрлардағы шығармаларына тән. Өрісі кең қаламгердің өлмес очерктері мен эсселері, шалқымалары мен толғаныстары бүгіннің ғана емес, ертеңнің де жүгін арқалап ілгері оза береді.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, Қазақстанның құрметті журналисі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =