«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сырлы саздарындай сағынышқа айналды…

0 252

Ақмола-Астананың абызындай болған қаламы жүйрік қаламгер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораз дүниеден озғанда қаламдас інісі, мәдениет қайраткері Смағұл Рахымбек қалай күйзелгені есімізде. Нұрғожа ақынның өмірден өткеніне жыл толғанда газетіміздің бетінде сағынышты сөзін де арнап еді. «Астана ақшамының» тұрақты авторы болған Смағұл ағаның өзінен былтыр көз жазып қалдық. Содан бері жыл айналып келді.

Бірнеше жыр жинақтарының, «Ару мен арлан», «Көңіл шуағы», «Темір тордағы тіршілік», «Айдындағы ақ желкен», т.б. прозалық кітаптардың авторы, бірталай прозалық, поэзиялық дүниелерді ана тілімізде сөйлеткен шебер аудармашы, өзінің саналы ғұмырының 42 жылын телевизияға арнап, талай телехикаялар мен телехабарлардың шоғырын жасаған танымал қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты атанған ағаның асыл бейнесі жадымызда. Қаламгердің қанаттас, қаламдар достары да бүгіндері оны сағынышпен еске алады. Солардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тортай СӘДУАҚАС таяуда редакциямызға соқты.

«Туған жердің тарихы, туған елдің майталман түлектері туралы талай әсерлі сыр шерткен, Ақмола мен Астананың арманы мен аңсарын астастыра зерделеп өткен қарымды қаламгер, белгілі жазушы, ақын Смағұл Рахымбек бауырымыз үлкенге ілтипатты іні, кішіге бауырмал аға атанып, жақсы ұрпақ өсіріп, үлгілі отбасы иесі бола білді. Тағдырдың жазуымен өзінің сырлы саздарындай сағынышқа айналып бара жатқан Смағұл ақынның иманы саламат болып, сырлы сөздері ел жадынан шықпай, өшпес рухы туған-­туыс, дос-­жаран, ұрпағымен бірге жасай берсін деп тілеймін» деген Тортай ақын төмендегі жырын ұсынды.

Жыл озды сен кеткелі, Смағұлым,

Дос-жаран сені ойлайды, сірә бүгін;

Жұратқа жылы-жылы тілек қосқан,

Құлақта қоңыр майда тұрады үнің!..

Жан едің жүзің жылы, сөзің майда,

Жарқырап жүрген сол бір кезің қайда?!.

Тірлікте ұсақтыққа мән бермеген,

Қол созған мәрт едің ғой өзің де айға!..

Жасыңнан алтын өзек болған жырға,

Күмбірлеп кеудең содан толған сырға;

Шарқ ұрған өмір – теңіз толқынындай,

Қонды ма асыл рухың Қорғалжынға?!.

Бұтағын бәйтеректің қырқа кескен,

Жалғанның шықпайды ғой бұрқағы естен;

Сыр шертіп елге жырың баяғыдай,

Әйтеуір жанға медеу ұрпақ өскен!..

Біз, пенде жүрсек те әлі тыраштана,

Ақынның бұл да бәлкім сыр ашқаны, ә?

Нәпсісін біреу тыймай, біреу қимай,

Құлшынып келер күнге тұр Астана!..

 

Қалғымай, қайран уақыт, ұршы дабыл,

Ақ жолмен талпынған қыз, құлшынған ұл;

Уақытпен бірге жасап ақын рухы,

Жатталар жадында елдің жыр – Смағұл!..

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды