«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сыр сүлейі – Әлшекей

0 395

«Астана» концерт залында «Сыр сүлейі – Әлшекей» атты күй кеші өтті. Кеште Сыр бойында туып, өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақ басына түскен нәубеттен шекара асып, Тәжікстанда дүниеден озған Әлшекей Бектібайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертілді.

Душанбе облысы, Қорғантөбе ауданы, Жуан қыстағында мәңгілікке дамыл тапқан Әлшекейдің мұрасын алғаш зерттеген ғалымдардың бірі – Ақселеу Сейдімбек. Ғалым оның күйлері туралы «Әлшекейдің қолтаңбасы дара. Ол оғыз-қыпшақтың Қорқыт арқылы жеткен эпикалық сарындарына мейлінше жүйрік болған. Күйшілік мектептерді саралағанда Әлшекейдің өнері өз алдына оқшау арна тартып жатады. Ал бітім құрылыс жөнінен дәстүрлі тік күйлердің де, қоңыр күйлердің де қасиеттері мінсіз кірігіп, тұтастық танытып отырады» деп жазып кетті.
Небәрі он екі жасында домбырашы бала атанған Әлшекей басынан небір қиындықтарды кешсе де, қолынан домбырасын тастамады. Оның артында 50-ден астам күй қалды. Қазақстан халық ақыны Манап Көкенұлы осы күйлердің біразының тарихын тарқатып, таспаға жаздырған.
Әлшекейдің күйлері қазіргі домбырашылардың репертуарына енді. Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов бірқатар күйлерді оркестрге түсірді. Осы кеште де аталмыш оркестрдің орындауында Әлшекейдің «Әлшекей», «Бұқтым-бұқтым», «Сауда бұзар», «Жайлауда» сынды бірнеше күйі орындалды. Әлшекейдің өмірінен көріністер көрсетіліп, күйшінің бейнесін филармония әртісі, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев сомдады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды