СЫНЫПТАСТАР АЙТҚАН СЫР

0 538

кластастар1

Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде Астанаға екі әжей келді. Бірі Алматыдан, бірі түу оңтүстіктің Жетісайынан жетіпті ат шалдырып. Алмалы шаһардан келген қарияның есімі – Рая Сиразитдинова, Шымқаладан келген – Роза Төлемісова. Қолдарында әлі сиясы кеппеген «Елбасы сыныптастары» деген кітап бар. Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқығандарын мақтаныш тұтып, өздері басы-қасында болып шығарған. (Президентпен бір сыныпта оқу бақыты бұйырса, кім-кім де мақтанар еді-ау!) Және қос әжейдің туп-тура Ақорданың төрінде Нұрсұлтанды қолтықтап тұрып түскен суреті өздерімен бірге.
Не керек, әжейлермен әңгімелесу бізді де қызықтырды. Тұңғыш Президент бала кезінде қандай болды? Жұрт біле бермейтін қырлары бар ма екен? Қатарластарынан қандай мінездерімен ерекшеленетін? Осы секілді көңілде жүрген сауалдар сайрап сала берген.
Сыныптастар айтқан сырды сол қалпында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік…

Рая Сиразитдинова:

– Алматының іргесіндегі Қаскелең ауданының орталығындағы мектепте оқыдық қой. Білім ошағының жанында балалар үйі, интернат бар еді. Жетім, тұрмысы төмен отбасы, шопандардың ұл-қыздары сонда жатып оқыды. Соғыстан кейінгі жылдар ғой, заманның жағдайы мәз емес-тін. Сондықтан, балалық шағымыздың да жұпыны болғаны рас. Көп оқушы ауыл-ауылдан жетінші сыныпты тәмамдап келді бұл мектепке. Содан кейін он жылдықты сол жерден бәріміз бірге аяқтап шықтық.

Нұрсұлтан алғаш келгеннен қабілеттілігін танытты. Еліміздің іргелі бір тұтқасын ұстайтынына сеніміміз кәміл еді оның. Динав Аитов деген тағы бір білімді сыныптасымыз бар еді. Оны «энциклопедия» дейміз. Нұрсұлтан екеуі бәрімізді жетелейтін, сүйрейтін. Білмегенімізді ұғындыратын. Сұрағаныңды «Пәлен кітаптың түген бетінде» деп дәлдікпен айтып беретін екеуі. Химия, математика, физика, тарих… тіпті, бар сабақтан да алғыр еді олар.

Нұрсұлтан – екеуміз бір партада отырдық. Кештерді ұйымдастыруға келгенде алдына жан салмайтын ол. Викториналық сұрақтар ұйымдастыратынбыз. Мысалы, Толот деген қала бар. «Алдынан да, артынан да бірдей оқылатын қала» дейміз. Соны тап. Содан кейін географияға қатысты, «жүз поль, бір жігіттің есімі, қандай қала?» Сева-сто-поль. Осындайларды шешуде Нұрсұлтан тапқыр еді.

Өзі де көп жұмбақтар құрастырып, бізді ойландыруға шебер. Мәселен, 1888 санын тақтаға жазып, «Осыны қалай бір сызықпен екі мың қылуға болады?» дейді. Ыңғайға келмейді біз үшін. Ол тұрады да әлгі санды ортасынан бір сыза салады. Екі мың. Бұл – есте қалғандары ғана.

 

Роза Төлемісова:

– Біз екі сынып едік. Алайда, бақылау жұмыстарында қосылатынбыз. Ондайда Нұрсұлтан маған келіп, «Ей, математик, – дейді, – бақылау жұмысы екі нұсқамен болады. Мына балалар төмен баға алып қалмасын, сен бірінші нұсқаны, мен екінші нұсқаны алайын» дейді. Сосын өзі қалғандарын ретпен отырғызып үлгеретін сабақ алдында. Нұрсұлтанның осындай ұйымдастыруларының арқасында сыныбымыз да үнемі алдыңғы қатарлардан көрініп жүрді.

Әзипа Сарбасова деген мұғалім бар-тын. Өнерлі балалардан құрап, хор айтқызатын. Менің есімде қалғаны – «Шолпан-шолпан» әні. Нұрсұлтан үнемі хордың алдында тұрады. Марқұм Мұсағұл, бір сынып төмен оқыған Қуатбек те соның қатарында. Үшеуінің дауыстары сондай үйлесетін. Қыздардан Ұлдана әнші еді. Қазір де кездесе қалсақ, Нұрекең «Әй, Ұлдана, бұрын әнді сен бастаушы ең ғой. Қане, басташы тағы, «Бүлдіргенді» айтайық, «Сары бидайды» шырқайық» дейді ғой. Бізден екі жас үлкен Ұлдананың қазіргі даусы да кең даладай.

 

Рая Сиразитдинова:

Бір мерекеде ме, туған күні ме, есімде жоқ. Әйтеуір, Шамалғанға Нұрсұлтанның үйіне қонаққа бардық. Он-он бес адамбыз. Кішкене ғана екі бөлмелі үй. Қазіргідей жиһаз да жоқ, бұрышта сандық тұр. Үлгергеніміз жарысып барып соған отырдық. Әлжан апа бауырсағын пісірді, жерге дастарханын жайды. Шақпақ қантпен шай берді.

Апа қазанның бетінен қаймағын сылып, ағаш қасықпен езіп, әлгі шайға қатты. Қандай керемет! Ондай шайды осы күнге дейін ішіп көрмеген шығармыз-ау.

…Бірде мектепке радиодан тілші келді. Біз оқитын Абай мектебі аудандағы ең ілгері білім ошақтарының бірі еді. Сол мектепті жабуға не түрлі әрекеттер жасалып жатқан. Бірақ директорымыз Байжан Әбдірахман, орынбасары Сейітжанның арқасында сақталып қалды ғой.

Радио тілшісі «Мектеп туралы кім айтады?» дегенде, бәріміз бір ауыздан Нұрсұлтанды сөйлеттік. Тілшінің барлық сауалдарына сақылдап тұрып жауап берді, шіркін! Ол кездегі радиомыз – әр корпуста ілініп тұратын қара табақ. Бәріміз Нұрсұлтанның радиодан сөйлейтін уақытын асыға тостық қой. Диктор сияқты сөйледі, дикциясы анық. Риза болыстық.

…Әсет Асқаров – химия пәнін беретін ағай. Бағаға өте сараң еді. Үштің өзін шыбынның ізіндей етіп қоятын. Сонда ағайға «Сіздің портфеліңіздің ішінде үштен басқа баға жоқ па?» дейтін едік. Соның сабағында Нұрсұлтан ең бірінші қол көтеріп, сабақ айтатын да жақсы баға алатын. Қалғанымыз: «Оқығанымыздың бәрін Нұрсұлтан айтып қойды. Бізге түк қалмады. Бір үшіңізді қоя салсаңызшы» дейтін ек. Сонда ағайымыз: «Үш, үш те болса күш. Күштеріңді шығарып, үштеріңді алыңдар» дейтін. Сонда өзіміздің шығарып алғанымыз ғой:

Химия – қиын,

Ашиды миың.

Химияны білмесең,

Асқаровқа сыйын.

Ол кісінің тағы бір ерекшелігі, оқушылардың кез келген құйтырқы әрекеттерін байқап қоятын. Сонда «Асқаров ағайдың маңдайында ғана емес, желкесінде де көзі бар» дейтінбіз. Сол ағайымыз қазір тоқсан үш жасқа келді, әлі ортамызда. Ұстазымызды да Астанаға әкеліп, Ақорданы аралатсақ деп Нұрсұлтанға айтпақпыз.

…Мектеп бітіріп, бәріміз жан-жаққа өз жолымызбен кеттік. Десе де, Қаскелеңнің төңірегінен ұзамағандар бір-бірімізбен байланысып тұрамыз. Нұрсұлтан – Теміртауда. Бірде «Ленинская смена» газетіне оның Гагаринмен бірге түскен суреті басылды мақаласымен. Бір сыныптасымыз жүгіріп келіпті, қолында – газет. «Нұрсұлтан Гагаринмен суретке түсіпті, газетке шығыпты» дейді. Бәріміз бір-бірімізден сүйінші сұрасып, мәре-сәре болдық сонда.

Комсомолдың он төртінші съезінде ғой деймін, домна пешінің бірінші құймасын ұстаған Нұрсұлтан тағы газет бетінен жарқ етті. Онда да қуандық. «Біздің сыныптасымыз, досымыз» деп мақтандық айналамызға.

Жомарт Сексенбаев пен Нұрсұлтан екеуі жақсы дос болды. Украинада оқып жүргенде де хат алысып тұрған көрінеді. Сонда Жомарт досының әр хатының соңында «Хай жебе наша дружба» деп жазып қоятынын айтып күлетін. Сол Жомарт бірде Қарағандыға барып келді. Нұрсұлтанмен хабарласып, кездескен екен. Нұрекең оған үш түсті қаламсап сыйлапты. Әкеліп бәрімізге көрсетті. Не керек, он бесіміз жиналып қаламсапты бір күн жуған едік. Ол кезде үш түсті қаламсап бәрімізге таңсық. «Мен жазып көрейінші, мен жазып көрейінші, Нұрсұлтан беріп жіберген қаламсаппен» деп таласа ұстап көрген едік.

 

Роза Төлемісова:

Қыдырғали Байбек пен Сәдуақас Есенбайдың «Үшқоңыр – алтын бесігім» атты кітабы біздің «Елбасы сыныптастары» кітабымыздың шығуына түрткі болды. Бұл екеуімен Нұрсұлтан он жыл, яғни ауылындағы жеті сыныпта да бірге оқыған. Сол жылдардағы естеліктерден дайындалған кітап жазылып біткенде авторлары маған хабарласты. «Осындай еңбек дайын тұр, демеуші тап» деді. Жетісайда Мәжіліс депутаты болған Аяш Оңалбай деген азамат бар. Соған айтып едім, қуана келісіп, Алматыдағы «Өнер» баспасынан «Үшқоңыр – алтын бесігім» кітабы шықты. Мұнда мектептегі шақтары аз-кем қамтылған. Ал, «Елбасы сыныптастарында» мектеп қабырғасындағы кезіміз де, одан кейінгі өміріміз де сабақтаса жазылады.

Алғашқы кітап оқырманға жол тартқанда, сыныптастарымыз «Мынадай кітап шыққан екен, енді осының жалғасы болмай ма?» деді. Бұдан кейін Рая қаладағы сыныптастарымыздың бәрімен сұхбаттасып, жазғызып, жинақтады, көп ұзамай «Елбасы сыныптастары» шықты. Бұған Жетісай ауданының әкімі Серік Тұрбеков демеушілік танытты.

Кітап шығар алдында осы жинақтың мәселесімен Елбасымен кездестік. Алдымен фоеде күтіп тұрмыз ғой. «Нұрсұлтанды қалай қарсы аламыз?» дейміз бір-бірімізге қарап. Бір уақытта есікті айқара ашып кіріп келді де «О, қыздар, қош келдіңдер, сендер үшін шығыстан ұшып келдім» дейді. Сөйтсек, Өскемен өңірінде іссапарда жүрген кезі екен. Құшақтап, бетімізден сүйіп, бала кезіміздегідей бір-бірімізді жұлмалап, күлісіп алдық. Сол кездескеннен бері ертегідегідей жүрміз, қуат алып шықтық Нұрсұлтанның алдынан. Сыныптасымыз керемет құрмет көрсетті. Ақорданың төрінде, бір дастархан басында әңгімелестік. Артынша резиденцияның ішін араладық, бөлмелермен өзі таныстырды. Бұл – былтырғы жылдың 26 маусымы еді.

Ертеңгісін фототілшісін қосып, көлік берді. Астананы араладық, кешкісін Дариғаның концертіне шақырды…

Оңтүстікте барған сайын кездесеміз. Төрт мәрте Мақтааралда жүздестім. Президент бес мәрте қатарынан барған Қазақстанда бір аудан жоқ. Ал біздің ауданға бес рет келді. Ол жақтың халқы да ырза, өзі де ырза. Біз әр көріскен сайын балалық шақтағыдай еркін сырласып қаламыз.

 

Рая Сиразитдинова:

Сұлтан мектепте оқудан тыс қоғамдық жұмыстарды, демалыс кештерін ұйымдастыратын. Өзі гармошкада, бір сынып төмен оқыған Мәкен баянда ойнайды. Арасында патифон қоятынбыз. Ол кездегі билеріміз – вальс, танго, фокстрот еді. Сондағы Нұрсұлтанның ойлап шығарған бір ойыны – вальс «восьмерка». Екі пар сегіз санын жерге сызып вальс айналамыз, қай жұп қарсыласына тиіп кетсе, ойыннан шығып қалады да, басқа жұп билейді. Нұрсұлтан, Жомарт, Әуесхан, Кеңестер вальсты жақсы билейтін, қыздар солармен жұп болуға тырысатын.

…Орыс әдебиеті сабағында Горькийдің «Ана» романын талқыладық. Үйге «Буревестник» өлеңін жаттауға берді. Келесі сабақта Нұрсұлтан үй тапсырмасын тақта алдына шығып, мәнерлеп оқыды. Сондағы «Горда реет буревестник» деп қолын сермеп тұрып оқығанда бізге өзі де дауылпаз сияқты қанатты болып көрініп, біраз уақытқа дейін «біздің Буревестник» деп жүрдік. Ысқақова Зина қазір Талдықорғанда тұрады. Мынадай әңгімені жиі еске алып айтады.

Былтыр Татарстаннан әртістер келіп, концерт қойды. Төркіндерім ғой. Сонда Салахов деген жыршы сахнаға шығып, «Қандастар, ұлттастар, қазақтармен біздің ғұрып-ғадет, дініміз бір, тіліміз де ұқсас. Тілмашсыз сөйлесе аламыз, Президенттеріңіз біздің елді қатты сыйлайды. Ол кісінің есімін «Фатиха» дұғаларыңыздан тастамаңыздар» дегенде, көрермен орнынан тұрып ду қол соқты. Мені танығандар маған қол бұлғап, қолымды алып құттықтады. Төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалды.

Жазып алған Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =