©2020 Астана Ақшамы
Сынақтан сүрінгендер қызметінен босатылды
Оңал БЕКЕЕВ, ҚР ІІМ «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» бастығының орынбасары – кадр жұмысы басқармасының бастығы
– Оңал Ботайұлы, Елбасының Жарлығына сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау нәтижесі қандай өзгерістер әкелді?
– Елбасы тапсырмасына сәйкес, ішкі істер органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау кезең-кезеңімен жүзеге асырылғаны белгілі. Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының 11 мыңға жуық қызметкерлері түгел сынақтан өтті. Нәтижесінде 263 қызметкер жоғары лауазымды қызметке ұсынылып, кадрлық резервке алынды. 9370 адам қызметіне сай болса, 179-ы қызметіне лайық болмай, атқарып отырған лауазымдарынан төмендетілді. 307 қызметкер басқа лауазымға ауыстырылса, 663 адам қызметтен босатылды. Осылайша, кезектен тыс аттестаттау барысында білімі мен біліктілігі сәйкес келген азаматтар іріктелді.
– Мекеме қызметкерлерінің ең басты міндеті қандай?
– Басты атқаратын міндетіміз – аса маңызды мемлекеттік стратегиялық нысандардың және орталық, әкімшілік, мемлекеттік органдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
– Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты қандай шаралар қолға алынды?
– Өздеріңізге белгілі, елімізде бүгінгі таңда құқық қорғау жүйесін ары қарай жаңғырту бағдарламалары әзірленуде. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айқындалған міндеттерге сәйкес әзірленетін болады.
Жалпы сынақ көрсеткендей, қызметкерлердің біліктілігін арттыру қажеттілігі, алдағы жұмыс бағыттарын жүргізу мәселелері қолға алынды. Осы ретте тәжірибе жаттығулары мен қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыру жұмыстарына басымдық беріле бастады.
– Сынақтан сүрінген қызметкерлердің орнын кім басады?
– Қазіргі таңда республика бойынша 1500-ге жуық бос лауазым орындары бар. Сондықтан жоғары білімді, спорттық бейімі, ішкі істер органдарының барлық талаптарына сәйкес келетін білікті азаматтар, жұмысқа қабылдануға өтініш берсе болады.
Өйткені, Елбасы атап өткендей, мемлекеттің құқық қорғау қызметі одан әрі дамытуды және жетілдіруді талап етеді. Осы міндеттерді шешу үшін құқық тәртібі органдарын нығайту, олардың жұмыстарының нысандары мен әдістерін жетілдіру ғана емес, сонымен қатар кадр саясатының тұрақтылығын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне талапты күшейту қажет.
– Рахмет!
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ