Сын сағатта сыр бермейік

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты:

0 21

Ел басына күн туған шақта «кімнің кім» екені анық байқалады. Өз басым ел Президентінің парасаттылығына толықтай сенемін. «Уақыт – сыншы» деп халық бекер айтпаса керек. Біздің еліміз ғана емес, бүкіл жер жүзі дүрлігіп отырған қиын кезеңде Президентіміз өзін нағыз көшбасшы ретінде таныта білді.– Мемлекет басшысы халық күтіп отырған маңызды шешімдерді қабылдап отыр. Менің ойымша, бұл оның кеңесшілерінің ғана еңбегі емес. Қасым-Жомарт Кемелұлының Біріккен ұлттар ұйымының басшылығында жұмыс істегендігін және осындай сын сағатта халық­аралық тәжірибесін негізге алып, өз шешімдерін таразылап отырғаны анық.
Осы орайда Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлы Біртанов туралы да айта кеткім келеді. Үкіметте жұмыс істеген тәжірибем болғандықтан, өз басым саланы басқарудың қиыншылығын жақсы түсінемін. Қазіргі таңда минис­трлердің басына түскен қиындық ұшан-теңіз. Осы қысылтаяң шақта еліміздің денсаулық саласын өз ісінің майталманы Елжан Амантайұлының басқаруы қуантарлық жай.
Ендігі кезекте экономикадағы дағдарысқа қатысты жұмыссыз қалған не жұмысын жоғалтқандар, табыс көзінен айырылған отбасылар туралы ойлануымыз қажет.
Жетекші саяси партиялар осы жұмысты дереу қолға алуы керек деп санаймын. Көмек қорын құру, волонтерлік қозғалысты жандандыру, жұмыстың жаңа көзі мен орнын ұйымдастыруға ықпал етуіміз қажет. Басқаша айтар болсақ, олар шын мәнінде халық партиясына айналуы керек.
Біздің ірі бизнесмендеріміздің, «Форбстағы» мықтыларымыздың, бай отандастарымыздың өз халқына жәрдем беретін уақыты – дәл осы кез.
Қазақстанда ұн, күнбағыс майы, сондай-ақ қарақұмық, қант, картоп және көкөністердің кейбір түрлерін елден шығаруға уақытша тыйым салынды. Бұған ауыл шаруашылығы мамандары амалсыздан барғанымен, бұл – халық үшін өте қажет шара. Қазір біздің агроөнеркәсіптік кешеннің жағдайы тоқсаныншы жылғыдай халде емес. Осы уақыт ішінде Қазақстанның ауыл шаруа­шылығында көп өзгерістер болды.
Еліміздің тұрғындары негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілетініне күмәнім жоқ. Сондықтан көпшіліктің алаңдамауына болады. Дүкен сөрелері де тоқсаныншы жылдардағыдай бос қалмайды. Алыпсатарлық әрекет тоқтатылса, бағалар да реттелуі тиіс.
Осындай сындарлы сағатта бірлігімізді көрсете алсақ қана, алдағы дағдарыстан шыға аламыз.
Президентіміз айтқандай, халқымыздың даналығы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі, қоғам мен мемлекеттің үйлесімді жұмыс­тары бізге барлық қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Алла жар болып, басшыларымыз көреген, халқымыз аман болсын! Біз біргеміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + seven =