Сын мұраты мінеу ме?

0 95

Көркем әдебиеттің болмысы мен бағасын беріп, қалың оқырманға жол көрсетіп отыратын жүгі ауыр жанр – әдеби сын десек, оның қазіргі хәл-күйі қандай деген сауал еріксіз ­алдымызды кес-кестейді!

Әдебиет сыны әлдеқашан-ақ жанр ретінде қалыптасып, көркемсөз арнасында өз орнын ойып алғаны – ақиқаттың ақиқаты. Әрлі-берлі әлем әдебиетінде, қала берді қазақ әдебиетінде де мағыналы сынның озық үлгілері бар, бар ғана емес, баршылық. Әлем деп аузымызды кеңге ашпай-ақ қоялық, осы өзіміздің төл әдебиетте де мысал етер жақсы нышандар өткен ғасыр басында-ақ көрініс берген-ді. Қазақ сынының қара нарындай болған М.Қаратаевтан бастап, одан бергі уақыттағы бір шоғыр сыншыларымыздан қалған көркем сын салдарлы да салиқалы әңгімеге өзек бола алмақшы. Олардың жуан ортасында Б.Кенжебаев, Б.Шалабаев, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, Р.Бердібай, Т.Қожакеев, З.Серікқалиев, Т.Тоқбергенов, Б.Сарбалаев, С.Әшімбаев, т.б. бар екенін енді саналы түрде айта алатын болсақ керек. Ал қазақ елі тәуелсіздік алғалы бергі отыз жылға жуық уақытта да қазақ әдеби сыны тоқыраған жоқ, өз хәл-қадірінше дамып отырғаны – тағы да шындық. Бұл кезең ішінде де жарқырап көрінген, оқырманға олжа болған жаңа туындыларды қалың жұртшылыққа сүйіншілеген ақжүрек сыншыларымыз бар. Осы орайда қадап айтарлығы – біз күні кешеге дейін әдеби зерттеу мен әдеби сынды араластыра, қойыртпақтап келе жатқандығымыз екендігі. Әдеби зерттеу – қай елдің болмасын, әріден келе жатқан қасиетті көркем мұрасын салмақтап, салыстыра тілге тиектеп, арғы-бергісіне барлау жасай отырып, бүгінгі күн жағдайына ойыса сөз қозғау. Ал әдеби сын – көркем әдебиеттің қоржынын қомақтап, жылма-жыл толықтырып отырған, былайша айтқанда, өмірге жаңадан келіп жатқан шығармаларды саралап, ақ-қарасын анықтап, тиісті бағасын беруді мұрат етпекші. Бірақ, бүгінгі күні солай ма? Әдеби сын өз міндетін мүлтіксіз орындап келе ме? Бұл, әрине, кеңесе отырып, кеңінен қозғар салалы әңгіме тақырыбы.
Біздің пайымдауымыздағы сын екі бағытта дамуы тиіс. Оның біріншісі – танымдық сын да, екіншісі – талдау сын. Екеуі де өскелең әдебиет үшін ауадай қажет. Бізде қазіргі кезде танымдық сынның нышандары байқалып отыр да, талдау сын мейлінше ақсаулы. Осы орайда, міне, жақын уақытта ғана баспа жүзін көрген, алғашқы даналарының бірі қолымызға тиген әдеби сын кітабы туралы сөз қозғай отырып, әңгіме тақырыбын әрі қарай жалғас­тыралық. Кітап аты – «Бальзак неге жылады?», авторы – сыншы Жанұзақ Аязбеков.
Кітап несімен бағалы? Біздіңше, мұнда танымдық сын да бар, талдау сын да бар. Екеуінің де азды-көпті белгілері көрініп қалып отырады, бұл жақсы нышан, әрине! «Бальзак неге жылады?» деген көлемді әдеби мақала, асылында, танымдық әрі талдау сын. Танымдық болатыны – сыншы аты әлемге әйгілі француз қаламгері Оноре де Бальзак шығармашылығына терең үңіле отырып, жалпы көркем дүние жазудың өзіндік ауыртпалығы мен азабы, реніші мен рахаты… жайынан кеңінен толғанады. Одан да тереңдеп айтсақ, автор Бальзак туралы ой толғай отырып, әр тұсында өз ой-пайымдарын қазақ қаламгерлерінің туындыларымен «тұздықтап» қояды, оқылымды әрі тартымды болып көрінері де бәлкім, содан. Тағы да еске саларлығы – әдебиет жанашыры Бальзак еңбектерін өзінше бағалап-талдап, тіпті кез келген оқырманға байқала бермейтін шығармашылық құпия қырларын баяндап келеді де, бір тұсында «тап осындай көркем дүние жазу машығы бізде де қалыптаса бастаған, белгілері баршылық» деп жалт бұрылып, дереу туған әдебиет «есігін ашады». Бүгінгі замандас қаламгерлер еңбектерін атап, тоқтала әңгімелеп, артық-кемін айта отырып, ерекшеліктеріне назар аударады. Біздің ойымызша, бүгінгі қазақ сынының ақсап жатқан бір тұсы, сірә, осы арада қылаң береді. Көп сыншыларымыз бірегей танымдық сын жазуға әуес, жалпылама ой айтуға, тіпті «ақыл» аулына ауысып кетуге бейім. Ал сыншы Жанұзақ Аязбеков осы олқылықты дөп басып, тез түсінген сыңайлы.
Асылы, өз туындыларымен әлдеқашан-ақ әлем оқырмандарын мойындатқан, талай-талай әдеби мақала-толғаулар нысанына айналған, тіпті көркем дүниелеріндегі әдіс-тәсілдері әлденеше зерттеу еңбектеріне негіз болған айтулы қаламгер туралы жазылып отырған нешінші мақала екен – оны дөп басып айту да қиын, десе де, сыншы Бальзак айналасында бүгінгі көркем әдебиетке қатысты көптеген көкейдегі ойды қозғап кетіпті. Бұл сын мақала сонысымен де бағалы!
Бұл көлемді еңбек кітаптың алғашқы бөлігін құрайды екен.
Енді ізденімпаз сыншы қазіргі кезге, бүгінгі суреткерлер еңбегіне қарай ойысады да, өзі оқыған көркем дүниелер жайынан көсіле ой қозғайды, жақсы-жаманын сараптайды.
Кітапта өзімен замандас бір шоғыр қаламгер-жазушылар шығармашылығына тоқталып, еңбектеріне әр қырынан келе, шама-шарқы жеткенше талдаған. Айталық, жазушылар Жұмабай Шаштайұлы, Қуандық Түменбай, Қуаныш Жиенбай, Көсемәлі Сәттібайұлы,(бұлардың арасында біздей пақырыңыздың да еңбегі қалыс қалдырмапты), ақындар Серікбай Оспанов, Ақылбек Шая­хметов, т.б. еңбектерін талдауы мен бағалауы қызғылықты оқылады, тартады, жетелеп отырады. Бұл ғана емес, жинақта ақсүйек өнер – театр қойылымдары жайына да тоқтала көңіл бөліп, бұл салаға да өз пайымдарын білдірген.
Осындай соқталы ой-түйіндер кітаптағы әр салалы әдеби сұхбаттардан да еркін сезіледі. Әсіресе, әр сұрақ пен жауап арасынан осы күнгі қазақ әдебиетіндегі соны үдеріс пен жаңаға ұмтылу іспетті елеулі іздер, осы жолдағы тапқандарымыз бен жоғалтқандарымыз кеңінен айшықтала айтылып өтеді.
Жинақ соңында берілген сыншы азаматтың әр жылдардағы пікір-ойларының жиынтығы іспетті – «Ойлар толқыны» деген топтамасында да шағын-шағын тамаша түйіндемелер түзілген. Автордың қысқа қайырмаларында да соны ойлар, кесек түйіндер мен айшықты сөздер кестелене жеткізілген. Біраз тұстарында бүгінгі қазақ әдебиетіне, кейбір қаламгерлер туындысына берген бағасы әрі даулы, әрі ойландырарлық.
Әдеби сын, тегінде, кесімді шешім айтуға тиіс емес, ол тек ой салады, ортаға пікір тақырыбын ұсынады. Егер сыншының жазбасы пікірталас алаңына жол ашып бере алса, онда еңбектің еш болмағаны. (Әрине, бос даурықпа-дау емес, сауатты да салиқалы пікірталасына). Пікірлер жиынтығы, түптеп келгенде, шындық деген сара жолға жетелеп әкелмекші!
Түйіндеп айтқанда, сыншы еңбегі – көркем әдебиеттің тек кемшілігін іздеу емес, керісінше сол кемшілікке жол берген кесапатты кеселдің алдын алуға ұмтылумен бағаланса керек. Сын мұраты тек мінеушілікті мақсұт етіп, кемшілік жинау ма? Әлбетте, жоқ! Асылында, мінді көре тұрып, соған қаламгердің өзіндей қиналып, қайтсек жөндеп-жетілдіре аламыз деген ұлы мақсатты алға оздыру!
Бұл ретте, біз қолға ұстап, ықыластана оқып шыққан жинақ – «Бальзак неге жылады?» кітабы біршама мақсатына жеткен.
Сосын да ізін суытпай, қолға қалам алып, осы кітапты негізге ала отырып, бүгінгі әдеби сынның бағыты мен бағдары тұрғысында өзімізше ой тарқатқан болдық.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы,
филология ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 14 =