«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сын-ескертпелер мен ұсыныстар жауапсыз қалмайды

0 165

Биыл өткен Астана қалалық мәслихатының сессияларында әртүрлі мәселелер бойынша 100-ден астам шешім шығарылды. Жалпы, осы жылдың 11 айында мәслихат депутаттарының жеке қабылдауында – 1172 адам, «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында 106 адам болды. Осының қорытындысында 1300 мәселе қаралды. Халық, негізінен, жолдардың құрылысы мен қайта салынуы, қала аумағының абаттандырылуы мен санитарлық жағдайы, тұрғын үй қорының техникалық ахуалы, әлеуметтік және медициналық көмек көрсету, өзге де өзекті мәселелерді көтерді.

Жақында өткен қалалық мәслихаттың ХХІІІ сессиясында депутаттар қала тіршілігіне қатыс­ты бірқатар сын-ескертпелерді, ұсыныстарды жеткізді. Соның ішінде елорданың әлеуметтік-­экономикалық дамуы, аймақтық инвестициялық саясатты жүзеге асыру мен Астанаға инвестиция­ларды тарту стратегиясын қалыптастыру, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері қозғалды. Бір ескеретін жағдай, ол мәселелердің бәріне қала басқармалары тиісті жауап берді.
Осы жылы Астананың орта мектептеріне бес қосымша ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Депутат Рамзия Умербаева аталмыш нысандардың оқу орындарындағы тығыздықты азайтуға біраз септігін тигізгенін айта келіп, бұл жұмысты жалғастыруды ұсынды. Осының себебін ол жапсарлас ғимаратты қажет ететін мектептер әлі де бар екендігімен түсіндіріп, №59 мектеп-лицей және №75 мектеп-гимназиясынан осындай өтініш түскенін жеткізді. Сондай-ақ, Шұбар тұрғын алабында мектеп құрылысын бастау аса өзекті мәселеге айналғанын айтты. Депутаттың сөзінше, қосымша ғимараттарды керек-жарақпен жабдықтау ісі де тиісті деңгейде емес. Қарапайым мәселе – парталардың өзі жеткіліксіз болып отыр.
Оған Білім басқармасы тарапынан қазіргі таңда 11200 орынға шақталған 10 мектеп пен 1 қосымша ғимараттың құрылысы басталғанын, бұл жағдай 5 мектептің тығыздығын азайтып, үш ауысымдық 3 мектептің мәселесін шешетіндігі айтылды. Ал №59 мектеп-лицейде 3042 оқушы екі ауысымда, №75 мектеп-гимназиясында 3028 оқушы үш ауысымда оқып жатыр. Қазіргі таңда аталмыш оқу орындарына қосымша ғимарат салу мәселесі қаралып жатыр. Ал Шұбар тұрғын алабында мектеп құрылысын 2020 жылы бастап, 2021 жылы аяқтау жоспарланды. Келесі жылы мектептерді жабдықтау бойынша да бюджеттік комиссияға қосымша қажеттіліктер туралы өтініш жіберілді.
Құрылыс басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда №57 және 64 мектептерге қосымша ғимарат салу бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеу жұмысы аяқталды. №24, 28, 31, 40, 51, 52, 60, 68 мектептерге қатысты тиісті құжатты әзірлеу жұмысы жалғасуда.
Депутат Зейнолла Шібкенов Өндіріс тұрғын алабы мен Кирпичный кентінде жолдарды салу мен жарықтандыру мәселелерін көтергеніне 5 жыл болғанын айтып, Жаңажол көшесіндегі жолды салу мәселесі шешілмей келе жатқанын, үш жыл бұрын Жазық көшесіндегі жолдың құрылысы басталып, аяқталмағанын жеткізді. Бұл жағдай халықтың тұрмысына кері әсер етіп отырғанын, мәселен, бұл жолдарда жиі болатын көлік кептелістерінен жедел жәрдем көлігі кешігіп келетінін айтты. Өндіріс тұрғын алабындағы медициналық нысанды кеңейту мәселесі де шешілмегеніне біраз уақыт өтті.
Автомобиль жолдары басқармасы мен Энергетика басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биыл Астана қаласының шеткері аймақтарын дамыту тұжырымдамасы аясында 18 көшенің жолдары жөнделді. 2018 жылы 25 көше жөндеуді қажет етеді. Астана қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес Өндіріс тұрғын алабында жолдар мен инженерлік желілерді салудың жаңа жобасы әзірлене бастады. Оның ішіне жалпы ұзындығы 10,1 шақырымды құрайтын 20 көше еніп отыр. Жаңажол көшесін кеңейту бойынша бюджеттік өтінішхат жіберілді. Егер тиісті қаржы бөлінсе, алдағы жылы жобалық-сметалық құжат әзірленеді.
Тұрғын үй басқармасының мәлімдеуінше, Өндірістегі отбасылық-дәрігерлік амбулатория алты қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан. Амбулаторияны кеңейту үшін сол бірінші қабаттағы екі пәтерді босату керек. Олардың иелеріне басқа пәтерлер ұсынылды. Оның біреуі ұсынылған пәтерге көшуге келісті. Екіншісі болса бас тартты. Сол себептен онымен пәтер ауыстыру туралы келіссөздер жүруде. Бірінші пәтер бойынша бүгіндері Денсаулық сақтау басқармасының балансына өткізу жұмысы жүріп жатыр.
Астанадағы №1 Индустриалды парк аумағы инфрақұрылыммен 65 пайызға ғана қамтылған. Осы мәселені көтерген депутат Аман Аюпов негізгі мәселе орталық жылу жүйесіне тіреліп тұрғанын жеткізді. Парк аумағындағы 41 нысанның 10-ына ғана жылу тартылған. Өзге кәсіпорындар ай сайын жылуға 2-3 млн теңгеден бөлуге мәжбүр.
Депутаттың айтуынша, бұл проблемаға қоса парк аумағына жұмыскерлерді әкелу мәселесі өзекті. Мұнда бір ғана қалалық бағдар – №64 автобус келеді. Ал оның қатынау аралығы да тым көп. Бұл бағдар парк аумағын түгел қамтымайтын да болып отыр. Осы жағдай жұмыскерлерге қолайсыздық тудыруда. Әсіресе, қыс мезгілінде даланы аяз құрсағанда немесе боран соққанда жұмысқа жету үшін қиналуға тура келеді. Оған автобус аялдамаларының жоқтығын қосыңыз.
Бұл мәселе бойынша Инвестициялар және даму басқармасы депутатқа автобус бағытын өзгерту және қосымша бағдар жіберу мәселесі ведомствоаралық комиссия отырыстарында қарал­ғанын хабарлады. Қорытындысында «Астана ЛРТ» компаниясы мен Алматы ауданы әкімдігі №64 автобустың бағытын өзгерту және ұзарту жұмысын жүргізген. Ал қосымша бағдар жіберу мәселесі зерттелу үстінде.
Жолаушылар көлігі басқармасы №1 Индустриалды паркке бір ғана автобустың келетінін аумақта тұрғын үйлер, сауда орталықтары, қонақүйлер, емханалар және өзге де әлеуметтік нысандардың жоқтығымен түсіндірді. Осы себептен аталмыш басқарма қызметтік тасымалдауды ұйымдастыру мақсатында тасымалдаушымен жеке келісімшарт жасауды ұсынды.
Депутат Саят Батпенов оған №1 Индустриалды парктегі кәсіпкерлерден кәсіпорындарды жарықтандыру жөнінде өтініш келіп түскенін жеткізді. Энергетика басқармасы тарапынан парк аумағын жарықтандыру, сумен және жылумен қамту жұмыстарын толығымен аяқтау алдағы жылдың аяғына дейін жоспарланып отырғаны, тиісті жобалар «Госэкспертиза» мекемесінің қарауында жатқаны айтылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды