«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сын да, алғыс та айтылды

0 133

Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимов №10 мектеп гимназияда тұрғындармен кездесу өткізді. Ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

Аулаларға жарық қосылады

Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда 19 көп пәтерлі тұрғын үйдің сырт келбеті жөндеуді талап етеді екен. Ал 64 тұрғын үй күтімсіз жағдайда көрінеді. Осы мәселені шешу үшін биыл альпинистер бригадаларын жұмылдыру көзделіп отыр. Бұған қоса, «Байқоңырдағы» 452 үйде 1532 подъезд болса, оның тек 895-і ғана жарықтандырылған. Сонымен қатар тексеру жүргізіліп, жоғарыда аталған көшелерге қарасты аулаларда 637 жарық құралы тапшы екені анықталған. Осы олқылықты жою үшін 43 ауладағы 122 жарықшам ауыстырылған. Ал қалған 515-і биыл жөнделеді.
Сондай-ақ, Байқоңыр әкімдігі мен ПИК қауымдастығы бірлесіп, ауланың, подъездердің деңгейіне сәйкес қызмет көрсететін мекемелердің үздігін анықтап, марапаттамақ. Жоспар бойынша бұл жұмыс алдағы айдан басталатын болып отыр.

Тариф құны төмендеді

Бәрімізге белгілі, өткен айдағы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин елімізде тариф құны төмендейтінін мәлім еткен. Байқоңыр әкімі осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылғанын, соның нәтижесінде 1 қаңтардан бастап электр 9,3 пайызға, жылу 9,98 пайызға, су 10 пайызға, қоқыс шығару 5 пайызға арзандағанын жеткізді.

Сауда орындары жаңарады

Аудан аумағында қазір 13 сау­да орны болса, онда 7336 адам жұмыс істейді. Басым бөлігі қаланың шет тұсында орналасқандықтан ескірген. Қазір сауда нысандарын жаңғырту бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Алаш тасжолының бойындағы «Орталық», «Алаш», «Әмір», «Сапар», «Шарын», «Керуен», «Биг Шанхай», «Достық Маркет» нысандарының заманауи сауда үлгісіне өтуі үшін әрқайсысына жекелеген жол картасы әзірленген.
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап контейнерлерде сауда жасауға тыйым салынады. Мәселен, биыл «Орталық» базарда 1000 контейнерді демонтаждауды бастамақпыз. Оның орнына сауда орталығынан орын беріледі. Жалпы, жаңғыр­ту жұмыстары жүргізілген соң қосымша 10 мың адамға арналған жұмыс орны ашылады, – деді аудан басшысы. Осы орайда мұнда өртке қарсы тергеу жұмыстары жүргізіліп, 5 нысанның басшысы әкімшілік жауапқа тартылғаны да қозғалды.

Қариялар ризашылық білдірді

Әдеттегідей, аудан әкімі жұртшылық алдында есеп бергеннен кейін кезек тұрғындарға беріліп, олар көкейлерінде жүрген өзекті сауалдарын қойды. Алдымен сұрақ қойған М.Ғабдуллин, 9/1 мекенжайының тұрғыны тротуарға құм мен тұз себіліп, соның нәтижесінде қаланың қақ ортасы батпақ болып жататынына наразылығын білдірді. Өз кезегінде Ерлан Қаналимов тиісті мекемелердің құм мен тұз себілген соң үш сағат ішінде арнайы көлікпен тазалап шығуы назарға алынатынын айтты.
Осыдан кейін ардагер тұрғындардың бірі «Байқоңырда» қарттарға арналған орындар саны артқанына ризашылығын айтып, қамкөңіл жандардың орталығы көбейе берсе деген тілегін білдірді.
Сұрақ қою кезегін алған тұр­ғын Сергей Калиниченко Ш.Иман­баева мен М.Ғабдуллин көшелерінің аралығында жұрт қауіпсіздігі үшін жол белгілерін арттыруды өтінді. Ерлан Қаналимов бұл мәселе жақын уақытта қолға алынатынын жет­кізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды