Сыйлықтар табыс етті

0 24

Есіл ауданы әкімі Берік Жакенов №64 «Асыл Бөбек» арнайы балабақшасына барып, ерекше қажеттілігі бар балаларға әкімдік атынан сыйлықтар үлестірді. Ал балғындар алғыс ретінде аудан басшысына қолөнер бұйымдарын сыйлады.

2b

Мұнда балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда робототехника кабинетібар, онда балалар бағдарламалау  негіздерін, робототехника  элементтерін үйреніп, мультимедиялық студияда жұмыс істейді. Осы жерде өздері мультфильм жасап шығады. Кейіпкерлерін таңдап, дубляжбен де өздері айналысады. Балабақша кинотеатрында балғындардың төлтуындылары көрсетіледі. Ән, би үйірмелері мен спортзал, балалардың интеллектуалды дамуына арналған оқу бөлмелері мен интерактивті тақталар бар. Физиокабинет пен массаж бөлмесі де жұмыс істейді. Балабақша заманауи  тех­никалық  құралдармен жабдықталған. Ал  тәрбиешілердің  барлығы – дерлік жоғары білікті мамандар.

Әкім балабақшаны аралаған соң денсаулығында әртүрлі ауытқушылықтар кездесетін балаларға барлық жағдай жасалғанына көз жеткізді.

«Білім беру балабақша табалдырығынан басталады. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Біз мүгедектігі бар балаларға үлкен көңіл бөлеміз. Мәселен, биыл Ботаникалық бақта ең үлкен инклюзивті алаңның құрылысын бастадық. Осы балабақшаның оқушыларымен жұмыс істеудің соңғы нәтижесі – даму ерекшеліктері бар балаларды мүмкіндігінше әлеу­меттендіру мақсатымыз. Бұл балалардың ерекше екенін есте сақтаған жөн. Олар – нағыз данышпан. Мамандар әр баланың қажеттіліктеріне сүйене отырып, жеке түзету бағдарламасын дайындап оны жүзеге асыратын болады» деді Берік Жәкенов.

Монтессори кабинетінде әлеуметтік-психологиялық қызметтер көрсетіледі, тұрмыстық дағдылар үйретіледі.

Балабақша 2012 жылы «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашылды. Оның негізгі міндеті – ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды әлеуметке әлеу­меттік бейімдеу және білімдендіру интеграциясы. Мұнда олар мектепте әрі қарай оқуға дайындалады. Балабақшаға indigo24.kz. автоматтандырылған сервис арқылы электронды бағыт бойынша 3 жастан 7 жасқа дейінгі балалар қабылданады.

Балабақша меңгерушісі Жанар Мұқашеваның сөзінше, мұнда 13 топ жұмыс істейді. Он топқа қозғалуы қиын балалар, екі топқа сөйлеуі бұзылған, бір топқа психикалық дамуы тежелген балдырғандар барады. 156 орынға арналған бұл балабақша 2012 жылы ашылған.

«Мұнда психологтар, логопедтер, дефектологтар жұмыс істейді. Емдеу­сауықтыру жұмыстарын дәрігер-невропатологтар, психотерапевтер, ЕДШ нұсқаушылары, медбикелер орындайды. Біздің тәрбиеленушілеріміз республикалық, сондай-ақ халықаралық түрлі шығармашылық конкурстарда жеңіске жетті. Бізде қанша кубок, грамота, марапат бар. Балаларымыз­бен мақтанамыз!» деді Жанар Мұқашева.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 12 =